- Advertisement -

ОЛ БӘРІМІЗДІҢ ҚАМҚОРШЫМЫЗ ЕДІ

126

- Advertisement -

Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА,
Социалистік Еңбек Ері.

Жастық шағымды есіме алсам мағынасыз өтпеген екен. Өмір кештім деп айта алады екенмін. Өз заманымның қызы болдым. Отанымның қажетіне жарадым. «Қыздар, тракторға мініңдер!» – деген ұран көтергенде қалмадым, аттанға ілестім де кеттім. Алдыңғы буынның жауынгерлік ерлік дәстүрімен тәрбиеленген біздің жалынды жастық шағымыздың салты еді ғой. Жаман болдық дей алмаймын. Ғани Мұратбаевтың, Саттар Ерубаевтың, Николай Островскийдің рухы біздің қанымызда ойнап тұрды.
Менің бақытыма сол тұстары біздің республикамыздың басшылығында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ақсақал болды. Өз өміріме ол кісінің айрықша шапағаты тиді. Оны мен қалай ұмытамын. Димаш ағаның қамқорлығы, жылы мейірімі былайғы ғұмырыма нұр болып құйылды. Еңбектегі, азаматтық жолдағы қол жеткен табыстарым алдымен бір Құдай, сонан соң Дінмұхамед атаның ақ батасымен ашылды. Маңдай терімді елім бағалап, маған жоғары атақ берсе, осы бақытыма оңайлықпен жетпегенімді білемін. Ақ, адал еңбегім шығар, менің талабымды құптап: «Тәңір алдыңнан жарылқасын, қызым!» – деп ақ ниетімен айтқаны есімде. Осы бір ауыз сөз менің ой-қиялымды аспанға шарықтатып жіберді. Айдалада, трактормен егін егіп, жер жыртып жүрген қыз Қонаевтай әлемге танымал Елбасының назарына ілінемін деп ойлады ма?
Үлкен жүректі адамның бүкіл елінің қамын ойлайтын ақылгөй, дана болғанын тебірене еске түсіремін. Елдің қамы қарапайым тракторшының мұң-мұқтажына құлақ асудан басталады екен-ау. Ол кезде мен жоғарғы Кеңестің депутатымын. Орталық Комитеттің мүшесі ретінде Димаш ағамен Алматыда, Мәскеуде салтанатты жиындарда жүздесіп жүрдім. Жағдайымды, үй-ішімді сұрастырып тұратын.
Бірде Алматыда институтта оқып жатқан балаларымның тауқыметінен іштей мазасызданып жүр едім. Ол кісі осы жайымды қалт жібермей: «Жүзің сынықтау ғой, Кәмшат!» – деді. Жәй нәрсе, балаларымның шаруасы ғой деп жалтардым. Студент балаларым жатақханасыз жүдеп қалды, бір қызым ауырады, денсаулығы қиындап барады деп үкімет басшысына қалай айтпақпын. Айту деген ойымда жоқ болатын. Отбасының мәселесін өзім де бірдеңе етемін ғой, бірақ Димаш аға маған айтқызды. Қатты жабырқап айттым білем. «Расында да қиын екен. Тіршілік деген осы енді. Өзің еңбек етуің керек, балаларды да оқытуың керек. Аяғынан тік тұрып кеткенше ата-ана тырбанады. Балалар – болашағымыз. Болашақтың қамын ойлау – біздің міндет», – деп Димекең ойланып отырып қалды. Мен өз жұмысыммен кеттім.
Бірер күннен соң лауазымды бір қызметкер телефон соқты. Менің қыздарыма паналауға орын қарастырылыпты. Кейін үкімет басына Колбин келіп, жаппай қаралау басталған шақта Димекеңе тағылған кінәлардың бірі ретінде менің балаларыма берілген баспана – орын болып шыққанын естігенде қатты қапаландым. Халқына жақсылық жасаймын деп күйгені жаныма батты.
Дінмұхамед Ахметұлы республикада елдің ырысына ырыс қосуға атсалысып, аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың бәрін де түспе-түс жақсы білетін еді. Елге келгенде солардың бәрімен де жүзбе-жүз кездесіп, хал-жағдайын сұрауға уақыт табатын. Атақты диқандар Жансұлтан Демеев, Аманкелді Исақов, Иван Руцкой, Алексей Сахно, Михаил Яровой сынды ерлерді, олардың өкшесін басып келе жатқан ізбасарларын да жақсы танитын. Егін алқабына шығып, дидарласып, әңгімелесіп қайтатын. Осындай жарқын жүзді жанды бір көріп қалудың өзі еңбек адамына үлкен мәртебе болатын.
Ол кісі еліне сенді, адамдардың еңбегін, азаматтығын жоғары бағалады. Қырдағы мал бағып, егін еккен сан ұлттың өкілдері Қонаевты ыстық ықыласымен қарсы алатын. Оны асқар Алатаудай көруші еді. Тіпті заманында Брежневтен басқаға бас игісі келмеген біздің облыстың басшысы, адуынды Бородиннің өзі де Дінмұхамед Ахметұлын қатты сыйлап, Димекеңнің мысы басып тұрушы еді. Оны біз де байқап, ағамыздың ұлы тұлғасына сүйсініп мақтан тұтушы едік.
Қазақ елі үшін Димаш аға бүкіл өмірін берді. Мұндай арыстарды біртуар дейтіні қандай жарасты!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support