- Advertisement -

Жүрегіне жүк артқан ана

161

- Advertisement -

Қоғамда түрлі тағдыр иелері бар. Редакцияға келіп түскен мына бір хатты зерделеу маған жүктелді. Бір жағынан мұндай тағдыр иелерінің жағдайын  көріп-білуге журналистік әуестікпен асықтым. Тараз қаласы Асқаров көшесінің аяғындағы №2 саяжайға өтініш иесін іздеп бардым. Әпкеміздің айтар сыры, мұңы көп екен. Тек оқиғадағы кісі аттарын  өзгертіп көрсетуімді өтінді.  Алайда болған оқиға боямасыз  баяндалады.
Мұң мен сыр

– Ертеректе құрбыларым қатарлы тұрмысқа шыққанмын. Екі ұлым бар. Үлкені – 36, кейінгісі 24 жаста. Күйеуім кіші балам 2 жасқа толғанда бізді тастап, басқа әйелмен отбасын құрып кетті. Екі баланы тырмысып жүріп жеткізуге, қатарынан кем қылмауға тырыстым. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген рас екен. Оны басына түскен адам түсінеді. Осыдан 13 жыл бұрын Сарыкемер ауылында Бақмахан Сексенбаев атты кісімен таныстым. Әйтеуір, кездескен сәттен бір-бірімізбен жақсы сөйлесіп, әңгімеміз жарасты. Бірер айдан кейін Бақмахан екеуміз үйленіп, бір үй болып тұруға шешім қабылдадық. Аздаған шытырлаған мінезі болмаса жолдасым жібі түзу болып кездесті. Қой аузынан шөп алмайтын момын емес, бұзыққа да жатпайды. Бастысы жанымды түсінуге тырысады. Жалғыз басы балаларын ойлап жабығып жүрген адамға мұның өзі медеу екен. Бақмахан екеуміз бірігіп өмір сүруге бекінгенде ұрпақ көбейтуден гөрі Құдайдың берген балаларын жеткізуді көбірек ойладық. Менде екі ұл болса, Бақмаханда бір ұл, бір қыз бар. Бірақ, осы сәтте кедергілер кездесе бастады. Ұлдарым менің басқа адамға тұрмысқа шыққанымды жақтырмады. Бақмаханды да ұл-қыздары онша мойындамайды, жас кезінде тастап кеткендіктен, кешірмеді. Бақмаханның ұлының есімі – Сәуір, қызының есімі – Таңшолпан.
Содан Бақмахан екеуміз малға шығып кеттік. Алды-артымызға қараған да жоқпыз. «Мал баққанға бітеді» деген рас екен. Қой баққаннан жаман болған жоқпыз. Жүзге жуық уақ тұяқ бітті бізге. Былтыр Бақмахан «мал бағудан шаршадым, жас келген сайын қажиды екенсің» деген соң, осы саяжайдың шетінен жалға үй алып, көшіп келген едік. Әйтеуір осы саяжайда ісіміз кері кетті. Сол біз жалдаған үйдің қожайынына 100 мың теңгемізді қарызға беріп, қайтадан көк тиын ала алмай қалдық.
Содан қазір басқа үйді жалдап тұрып жатырмыз. Жинаған малдың бәрін сатып, құрттық. Малды сатып жинаған ақшамыздың да берекесі болмай тұр. Отын бар, су бар. Күнделікті тамақ бар дегендей. Жолдасым екеуміз де дәл қазір жұмыссызбыз. Орта жолға келгенде жұмыссыздық жаман екен.
Шайхан әпке бізге жүрегіндегі сырын осылай ақтарды.

Әкесі пәтерін Шайханның атына аударып кетіпті

Әкесі марқұм өзінің Тараздағы пәтерін нотариуспен бекіттіріп, қызы Шайханның атына аударып кеткен екен. Қазір ол пәтерде мұның туған сіңлісі Райхан тұрып жатыр. Шайханның үлкен ұлы Манат бес баласымен сол үйде Райханмен бірге тұрады. Сіңлісі де, баласы да мұның ол пәтерге барғанын аса жақтырмайтын көрінеді. Кім біледі, пәтерге таласады деп ойлай ма? Манаттың бес ұл-қызы бар екен. «Сол тәтті немерелерімді көру үшін сонда барғым келеді де тұрады. Құдайға шүкір немерелерім мені таниды. «Апа, апа!» деп алыстан жүгіріп келіп мойныма асылады. Немерелерімді кейде мектеп жақтан, балабақшадан көріп, құшақтап мауқымды басамын. Апарған тәттілерімді беремін. Олар періште ғой. Оларда кінә жоқ. Құдай келінімді де жақсы жолықтырды. Үйде сіңлім мен балам жоқ кезде әлгі пәтеріме барып, немерелерімді ойнатып, мәз-мейрам болып кетемін. Пәтер үшін емес, немерелерім үшін барамын. Ал жалғыздықтың азабын татқан соң, Құдайдың өзі кезіктірген жолдасымнан да айырылысып кеткім келмейді», – деп көзіне жас алды Шайхан. Әжелік мейірімі төгіліп тұрса да, немерелерін емін-еркін көре алмайтынына налиды да.
Тағдыр-ай десеңші! Өмірде қаншама мейірімсіз адамдар бар. Немересі түгілі, туған перзентінен безініп жүрген кісілер де аз емес. Ал бұл кісі немерелеріммен бірге тұрып, соларды алаңсыз құшағына қысып, мейірімін төгетін күн қашан туады екен деп жабырқайды.

Анасы Астанада тұрады

Ал ендігі бір жағдайды қараңыз. Шайханның анасы да бар. Есімі – Ұлбике. Бұл күнде 78 жасқа келіпті. Алайда ол кісі рахатты өз перзенттерінен емес, басқадан көріп отыр. Шайханның кейінгі күйеуі Бақмаханнан екі перзент бар екенін айттық қой. Сол кісінің қызы Таңшолпан Астанада тұрады екен. Отбасылы, бір кішкентай сәбиі бар көрінеді. Шайханның анасы Ұлбике мінекей осы Таңшолпанның қолында. Көрдіңіз бе, өзінің Таразда үйі де бар, перзенттері де бар. Бірақ, қарт ана Елордада өгей немересінің қолында тұрып жатыр. Соған қарағанда Таңшолпанда сезім, мейірім, жылылық болғаны ғой. Қайран, қарт ана! Өз перзенттерінің бойынан іздеген жылылықты Таңшолпанның қабағынан тапты ма екен?
Ал Шайханның бір інісі «Ауыл-Береке» базарында сауда жасайды екен. Сол інісіне барып жүріп, бір жас жігітті кездестіреді. Бір емес, бірнеше рет жолығып қала береді. Інісінен әлгі жігіттің есімі Сәуір екенін біліп алады. Қазіргі жолдасының баласы емес пе екен деп те ойлап қояды. Ақыры ойы расқа айналып, бұл жігіт Бақмаханның баласы Сәуір болып шығады. Содан бұл оған сырын айтып, өгей анасы екенін баяндайды. Жігіт бұл кісіні түсінгенімен, әкесіне жолыққысы келмейді, әкені бәрібір кешірмейді. Бірақ, Шайханның бауырлары, балаларымен араласып тұруға келіседі. Шайханның екі баласы Манат пен Серік те Сәуірмен бауырдай жақсы араласып кетеді.
Бауырдай болғаны сол емес пе, Манат өзінің жинап жүрген ақшасын Сәуірді үйлендіруге жұмсады. Шайханның екі баласы да полиция қызметінде. Манаттың анасына түспеген мейірімі өгей әкесінен туған Сәуірге түскенін қарамайсың ба?

Түйін

Шайханның көңілін мазалаған нәрсе аз емес екен. Адамдар арасындағы қатыгездік, түсініспеушілік, қайырымсыздыққа бұл кісі наразы. Немерелерін ерекше, өлердей жақсы көреді. Немерелерімен бірге ғұмыр кешетін күн бар ма екен деп қос көзін жасқа шылайды. Қазіргі күйеуінен де ажырап кеткісі жоқ. Бауыр еті балаларынан да алыстағысы келмейді. Бастысы, өзінің қателігінен кейінгі жас отбасылар сабақ алса екен деп тілейді. «Мен жас кезімде Қарағандыда шахта жұмысын қадағалайтын орталықта есепші болып еңбек еттім. Жамбылға ол жақтан келгеніме 20 жыл болды. Ендігі күнім міне, адам айтса нанғысыз. Мен мүмкін қателескен шығармын. Сол қателігімнен жас отбасылар сабақ алса екен деймін» деп сөзін түйіндеді Шайхан.
Біз ойға шомдық. Шайханның шамданып, жабығатындайы бар. Сүйіп қосылған алғашқы жары мұны жас күнінде екі баласымен шырылдатып тастап кетті. Енді жетілді. Алайда, балаларға бәрібір әкенің орны бөлек емес пе? Күйеуінен көрген азабы аздай, енді немерелерін асықпай, мейірленіп иіскей алмай қиналуда. Қазіргі жолдасын да бағалайды.
Бірақ, қиюы кеткен тірліктің қисыны келмей қиын күндерді бастан кешуде. Амал бар ма?!.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support