- Advertisement -

Тәуелсіздікпен құрдас шаңырақ

98

- Advertisement -

Мен келін болып түскен ауылдың адамдары сондай жайсаң жандар. Барлығы дерлік еңбекқор, өткенге құрметпен, болашаққа зор үмітпен қарайды. Осы бір шағын ғана елді мекеннен 11 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы – соның дәлелі. Тамабекті – талай ақын-жазушылар, спорт саңлақтары, өнер қайраткерлерімен ұлағатты ұстаздар түлеп шыққан қасиетті мекен дерсің.
Қолыма қалам алуыма түрткі болғаны сондай жандардың өмірлік өнегесі еді. Нақтырақ айтсам, білікті ұстаздар ерлі-зайыпты Қанат Нұрмағанбетов пен Эльмира Оспанова. Жарасымды жұптың отбасы үшін биыл ерекше жыл. Сонау 1991 жылы шаңырақ көтерген олар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен бірге өздерінің төл мерекелерін де атап өтті.
Қанат Ережепбайұлы Жамбыл педагогикалық институтын 1991 жылы математика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Амангелді атындағы 9 жылдық негізгі мектепте мұғалім болып бастаған жас маман 1993-1994 жылдары Талас аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері, 1994-1997 жылдары Жаңатұрмыс негізгі мектебінің директоры болып қызмет істейді. Біраз жыл Амангелді орта мектебін басқарып, кейін Ш.Смаханұлы орта мектебіне ауысады. Қазіргі кезде біздің мектепке басшылық жасауда. Білікті маман Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2014 жылы «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» әдістемелік байқауында шығармашылық шеберлігімен ерекшеленгені үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармасының, заманауи педагогикалық орталығының (Канада, Монреаль), кәсіби өсу мен даму орталығының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталған.
Эльмира Саламатқызы да – Жамбыл педагогикалық институтының түлегі. 1991 жылы қолына диплом алысымен тұрмыс құрғаннан кейін жұбайымен бірге негізгі мектепте математик болып жұмыс істеді. Бүгінде бір әулеттің ұйытқысы болып отырған ардақты ана.
Эльмира Оспанова – білім-білігімен шәкірт жүрегінің кілтін таба білген ұстаздардың бірі. Ол облыстық «Үздік математикалық философия» шеберлік сыныбында өзінің іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталған. Қашықтықтан өткізілген интернет олимпиадасына қатысып, үздік нәтиже көрсетіп, арнайы сертификатқа ие болған. 2014 жылы Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша сертификатын алған (0004451) жоғары санатты математика-информатика пәні мұғалімі.
Қанат Ережепбайұлы мен Эльмира Оспанова – отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отырған аяулы ана, асқар таудай әке. Үлкен ұлы Жәнібек – Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін қаржы мамандығы бойынша бітіріп, Ойық ауылы әкімдігінде қызмет атқарып жүр. Қыздары Жансая – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып, қаржыгер мамандығын алған. Алматы қаласында Каспий банкте жұмыс атқаруда. Үшінші ұлы Заңғар – Тараз мемлекеттік университетінің мұнай-газ ісі мамандығы бойынша 4-курста оқуда, кіші ұлы Нұрперзент осы аталған университеттің жеңіл тамақ өнеркәсібі мамандығы бойынша 2-курс студенті.
Мұғалім – мәртебелі мамандық. Оқушыларға жақсы тәрбие мен білім беру – үлкен іс. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген сөзі ұстаздарға артылған жауапкершіліктің қандай екенін көрсетеді. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаз еңбегінің жемісі.

Гаухар Шатырбаева,
Амангелді атындағы орта мектептің мұғалімі.

Тамабек ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support