- Advertisement -

ТӘУБЕ, ОН СЕГІЗ МИЛЛИОННАН АСТЫҚ

151

- Advertisement -

ендігі меже – жиырма миллион!

Әмеңгерлік ескіліктің
қалдығы ма, әлде әулеттің әлеуетінің тірегі ме?

0160741f667c93bfd185490bc653f143_resize_w_1140_h_696Сөз жоқ, әмеңгерлік салты әулеттің әлеуеті артып, сандық, сапалық тұрғыда да өсуіне септеседі. Мұны аз десеңіз, осынау салт-санамыз бүгінде шиеленісе түскен елдегі әлеуметтік-демографиялық мәселенің оңтайлы реттеліп, шешілуінде айрықша маңызға ие тетіктердің біріне айнала алады.
Жалпы, «әмеңгерлік» сөзінің түп-төркіні қалай, қайдан шыққан? Бұл мәселеге ғалымдар қаншалықты назар аударуда? Этнограф-жазушы С. Ахмет бұл тұрғыда көп ізденуден соң, бұның нақты жауабын Түркия көне сөздігінен ғана тапқанын айтады. Әмеңгер «әмменде келер» сөзінің ғасырлар бойы айтыла келе қысқарған түрі болып шықты. Демек, бұл – әрқашанда, әркезде қолұшын беретін, көмекке келе алатын, қандай жағдайда болсын қандай бір істе болсын қолғабыс ететін адам.
Қалай десек те, жалпы тұрмыс қажетінен туған әмеңгерлік дәстүрі қазақ қауымының тіршілігіндегі оңды құбылыс болды. Әмеңгерлік немесе оның өзгеше бір түрі – балдыз алу азды-көпті барлық халықта бар. Әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әсіресе қазақ арасында мейлінше мол таралған. Қатал тағдырмен тайталаста әулеттегі бірлік пен туыстық шырқын бұзбаудың қамы – әмеңгерлік ғұрпын сақтауға барып сабақтасады. Бұл дәстүр шаңырақтың бір көтерілгеннен соң қайта ортасына түспеуі үшін «жетімін тентіретпеу, жесірін жатқа бермеу» қағидатына негізделген. Ағасына інісінің баласы да бала, інісіне ағасының баласы ең жақын іні саналады. Осы туыстық оларға өмір болған соң кездеспей тұрмайтын қиындықтың, тіпті беймезгіл қазаның өзі бұза алмайтын мызғымас бірлік күшін дарытады. Күйеуі өлген бала-шағалы әйелді бірден кім ала қойсын? Алған күнде де оның бала-шағасына туған әкесіндей, болмаса әкесінің туыстарындай қарауы неғайбылдау. Балдыз алу да марқұм болып кеткен әпкесінің балаларына одан өзге жанашыр жан жоқтығын бағамдаудан туған әрекет екені даусыз. Шын мәнінде бұл екеуін де халықтың даналық тұжырымының жемісі деу ләзім. Мұның барлығы да қазекеңнің өз әулетінде зәуімен дүниеге келіп қалған үрім-бұтағының қандай жағдайда да көзі жасты, көңілі налалы болып өспеуі үшін барған тағдыршешті қадамы.
Өмір болған соң өлім бар. «Жұт жеті ағайынды» демекші, беймезгіл қаза көп қазір. Соның кесірінен қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалып, ескексіз қайықтың күйін кешуде. Мұндай жағдайлардың, әсіресе, балалар өмірін жүз сексен градусқа өзгертіп жіберетіні де анық. Басы бос әйел «бәрі біттіге» сайып, төркінін сағалап кетіп, балаларының туыстарымен байланысын біржола үзіп жатқандары да жоқ емес.
Осындайда бір жағдай еріксіз ойға оралары бар. Анабір жылдары ауылда көршінің баласын біреулер пышақтап кетті. Өзі бір болайын деп тұрған жігіт еді. Екі ер баламен келіншегі артын тұлдап қалды. Жыл өте ұлдарын алып біржола төркініне кеткен. Күйеуінің туыстары «балаларға обал, қал» десе де, көнбеді. Күндіз-түні сол үйдің бар шаруасын ысқаяқтай қағыстырумен жүретін пысықай екі баланың орны ойсырап қалды. Жылай-жылай шешелерінің соңынан кетті олар да. Алайда әлгі келіншек ақылды екен, жыл өтер-өтпесте қайтып келді. «Мына екі бала «ауылға қайтайықшы» деп қыңқылдап қоймады. Күйеуімнің бауырларының бірі әмеңгер болса, оған қарсы емеспін» деп өз шешімін де айтыпты. Бұл бір жөніне келген іс болды. Шынында да ертесіне біраздан соқа басы сопиып жүрген ортаншы қайнағасы ертелеп тұрып, оның үйі ауласының қарын күреп жүрді. Әсіресе, екі баланың қуанышында шек жоқ. Ең бастысы, әкесінің туған жерінен тамырларын үзбеді. Көп өтпей олардың іңгәлап іні, қарындастары дүние есігін ашты. Өмір жалғасуда. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра» деген сөздің шындықпен шырайлануы бұл!
Бала тууға жарамды жастағы аруларымыздың бір ғана шақалақты құшақтап, күйеуінің артын тұлдап қалғаны бұрын да болған, қазір де бар. Мұндайда осымен өмір бітті деп түңілмей, күйеуінің ағасына, болмаса інісіне әмеңгерлік жолымен қосылғандарының әлі де түтіні түзу, балаларының да көңілі шат. Бағзы кездері ауыр қол еңбегінен белі босамай жүріп-ақ он, он бес, тіпті жиырма құрсақ көтергенінің бүгінде рахатын болмаса, зиянын көріп жатқаны жоқ сондай аналарымыздың. «Балалы үй – базар», «Басы қараның бәрі – игі» деп санап, отбасында ұл-қыз мейлінше көп болуына отағасымен бірдей жанашырлықпен атсалысқан аналардың қаһармандығы қалай ұмытылсын! Олар бүгінгідей бала тууға байланысты берілетін қаржылай көмек пен жеңілдіктердің бірін де көрген жоқ. Ұрпағы көп болса, ешкімнен кем болмайтынын ғана ойлады. Ұрпақ үшін өмір сүрді.
…Әулеттің түтінін үзбедің, шаңырақты құлатпадың сен, әмеңгерлік!

бедеу Бәйбіше ақылды болса, күйеуіне өзі тоқал алып береді

Әмеңгерлік салтының соғыстан соңғы жылдарда от ортасынан оралмай қалған он-сан оғыландарымыздың соңында қалған жетім-жесірлердің көз жасы құрғауына, өмір көшіне еш кемдік көрмей ілесуіне мол септігі тигеніне де мысал көп. Оны алыстан іздеп те әуре болмаймыз. Кешегі сұрапыл соғыс қатарын едәуір жамсатып кеткен еркеккіндіктілеріміздің (жалпы қазағымыздың десе де болады) орнын толтыруды, одан қалды өзінің бір баламен ғана шектелуі, болмаса пұшпағы да қанамауы себебінен отағасына дүниеден «жалқы», «қу бас» атанып арманда өтпес үшін, болашақ «күндесін» көп қыздың ішінен таңдап жүріп, немесе әмеңгерлік жолымен өзі алып берген бәйбішелер өзіміздің ауылда да аз емеc-ті. Тоқалдан өрбіген ұл-қыздың бәрін өзінікінен кем көрмей, бауырына басып, тәрбиелеп, ертегі емізіп өсірген де солар еді ғой. Міне, сол бір бәйбішелер өнегесі неге ұмытылуға тиіс? Бұл үрдіс тұтастай әулеттердің қараормандай ұйыса көгеріп, өсуіне септеспеді деп кім айта алады? Бәйбіше-тоқалдың өзара «тіл табысуының», тату бірлігінің арқасында он-он бес ұл-қыздан өрбіткен мұндай әулет біздің ат төбеліндей ғана ауылымызда кеңестік кезеңнің өзінде бір емес, бірнешеу болатын. Кеңестік идеологияның моральдық шектеуінен де именбей сондай қадамға барды олар.
Өскен-өнген сол әулеттер қазір де ауылдықтардың ерекше сый-құрметіне ие. Дүниеден озған әкелерінің ғана емес, қос аналарының да артын жақсы өткеріп, ат шаптырып, ас беріп, абыройларын асырып жатқанының куәсіміз. Сондайда пендешілікпен «баланың көп болғаны да жақсы екен» деп ойлап қалатынымыз жасырын емес қой.

түсік жасату (аборт) мәселесі де алаңдатады

Бұл салада белсенділер аз. «Қазақ қайтсе көбейеді?» деп марқұм демограф-ғалым Мақаш Тәтімов ғана шырылдайтын. Көп әйел алушылық мәселесіне экс-мәжілісмен ағамыз А. Момышев та біраз ат қосып көріп еді. Әйтеуір бұл жайлардың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Есесіне ұлтымызға да, ұрпағымызға да опа бермес азаматтық неке мәселесі жиі қозғалыңқырап, өзінің жақтаушылары көптігімен жастарымызды еліктіре бастады. Мұның алғашқысы ұлтымызды тектік, сапалық тұрғысынан көбейтуді діттесе (осы жайды ұрандатып көтерушілердің көбінесе әйелдер тарапынан қарсылыққа ұшырап, қоғамда сүйкімсіз көрінетіні жасырын емес), екіншісі азуға-азғындауға бастап тұр емес пе?! Америкада алғашында солай болған, енді ол жыныстық әулекілікке ұласып, «жасылдардың» өмір сүру салты, тіпті бір жыныстылардың некелесуі «сәнге» кіре бастады.
Еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына төменнен де, жоғарыдан да мұндай кедергілер көп-ақ. Неке құрған азаматтардың 16 пайызы бедеулікке душар болғаны да жан ауыртады. Соңғы кездері жиі ауызға алына бастаған «әлеуметтік бедеуліктің» де демографиялық өсіміміз кемуіне белгілі бір деңгейде «үлесін» қосып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұның мәнісін тарата айтсақ, осы күні үйленуге, үй болуға «асықпайтындардың» айтар уәж, сылтаулары да көп-ақ. Біраз қыз-жігіттеріміз ең алдымен үйлі-күйлі, көлікті, жоғары оқу орнын бітірген дипломды маман болып, аяғына тұрып алуды жөн көреді. Ау, бұған ондаған жылдар кетеді ғой!
Бала деген өмірдің шырағы. Сол шырағымызды өзіміз өшіріп жатырмыз. Мына санайғаққа қараңыз. Соңғы 20 жылда біздің елде 3 миллион шарана жарық дүниені көрмей жатып, аборт дейтін ажалдың тырнағына ілінген. Есептеп көріңіз, сол 3 миллион шақалақты өмірге әкелгенде ат төбеліндей қазақтың саны 20 миллионға жетер еді. Өкінішке қарай, бізде туғандардан аборт жасаушылар қалысар емес. Ресми тіркеледі, жасырын жасатады, жылына 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады екен.
Әрине, мемлекет бұл қасіретке немкетті қарамайды. Өздігінен бала көтере алмаған әйелдер үшін эко ұрықтандыру жанданып келеді. Үкіметтен жылына 700-ге жуық тегін операцияға жолдама беріледі. Бірақ, айта кетерлігі, осы жасанды жолмен ұрықтандыруға келетін қыз-келіншектердің 80 пайызы кезінде аборт істеткендер екен.
Осылай еліміздегі кезекті «демографиялық дүмпу» енді қашан орын алары да белгісіз күйде, әлеуметтік «уақ-түйектің» тасасынан сығалай қараумен тұр! Бір жолы қаламызда өздеріне тиесілі жеңілдікке сәйкес балаларын балабақшаға беріп қойып, оқуларын алаңсыз оқып жатқан 43 студенттің отбасы барын естіп білдім. Олар оқуға да, елімізде халық саны өсуіне үлес қосуға да үлгеріп жатыр. Балалы отбасыға мемлекет те қарайласады. Ал көп жастарымыз отбасын құруға әлі де құлықсыз. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам үйленбеген жігіт бар екен. Ал әр жігітке теңін таппаған 7-8 қыздан келеді. Мамандардың айтуынша, жалқы өмір сүріп жатқандардың көбі үйленіп, бала сүюді «аяққа тұсау салу әрі мойынға қамыт ілу» деп санайтын көрінеді. Ресми дерекке жүгінсек, отау тігіп, отбасын құрмай жүрген жігіттердің дені 30 бен 40 жасты алқымдағандар. Олардың санасында бала емес, материалдық байлық бірінші «планға» шығып кеткен…
Соның кесірінен бала тууға жарамды жастағы қаншама аруларымыз бен еркектік қуаты бойындағы сүрбойдақ жігіттеріміз қу тізесін құшақтаумен жүр. Дүниеге келер сәбилердің ұрық күйінде-ақ «шетінеп» кетіп жатқаны қаншама! Болашақ еліміздің көсегесін көгертіп, көркейтер ұландарымыздың дүниеге ағылып келер жолын көрінеу тұйықтаудың обал-сауабын кімге телірміз?!
Әр нәрестенің
өз несібесі бар

Жалпы, ұрпақты көбейтудің жолы да, жөні-жосығы да көп. Оның ең әуелгісі ана мен әке денсаулығының кінәратсыз болуы. Әйел-аналардың содан кейінгі мойнына жүктелер міндет – денсаулығы көтеріп жатса, Алла қанша ұл-қыз берсе де шектеу қоймауы, табиғат заңына, Жаратушы әміріне қарсы шықпауы, әр сәбидің дүниеге өз несібесімен келетінін ұмытпауы. Осы күні әйел-аналардың Алла берген тууға жарамдылығы қабілетін толықтай пайдаланып жатқанына күмәніміз де жоқ емес. Әлеуметтік жағдай мен мүмкіндігін кесе көлденеңдетіп, көптеген отбасылардың бір-екі баламен ғана шектеліп жатқаны сол біз айтқан табиғат заңына, Жаратушы әміріне қарсы шығуы емей, не.
Рас, кеңестік кезең медицинасы қазақ әйелдерінің бала тууын шектеуге саналы түрде барды. Ол кез үшін бала да, ананың амандығы да емес, қазақтың санын өсірмеу басты мақсат етілгені де бертінде белгілі болды ғой. Қазақ әйелдерінің түсік жасатуы белең алған тұс та сол кез. Кейде, қазіргі кезде де дәрігерлердің ауыл әйелдерінің көп бала тууына шектеу қойып, тіпті бірқатарының бала көтеруіне мүлде тыйым салып жататыны сүйегінде сол кезден қалған сарқыншақ, «синдромның» сұйылмай бүгінге жеткені ме деп тітіркеніп кететініміз де бар. Олардың ұлтымыз өсіп-өнуіне жанқиярлықпен үлес қосуларына кім бөгет? Қазіргі медицинаның жағдайы шала туған баланың өзін тымаққа салып, керегенің басына іліп жетілдірген баяғы замандағыдай емес қой. Анағұрлым жетілдірілген. Бойға біткен баланың уақтылы тіркеліп, тексеруден өтіп тұрса, аман-есен жарық дүние есігін ашарынан еш қауіптенуге де болмайды. Бұл іс мемлекет назарында. Бұл іске медицинаның әлеуетті күші жұмылдырылуда.
Бұл тұрғыда айтпағымыз, мәселе ананың тууға қабілеттілігі, қабілетсіздігіне ғана емес, көп нәрсе медицинаның әлеуетіне, дәрігерлердің жоғары біліктілігіне, олардың бойында қайтсек ұлт санын көбейте аламыз деген елжанды рухтың басымырақ болуына да байланысты.

көп бала
көгергенімізге жақсы

Жалпы, бұл тақырыпта әңгіме қозғаудың қажеті қанша дерсіз. Бір ақпарат көзінен оқып танысқанымыздай, оқымыстыларымыздың болжауынша, кең-байтақ еліміздің байлығы талан-таражға түспеуі үшін, оны өз күшімізбен игеруіміз үшін жүз миллиондық межені ерте ме, кеш пе бағындыруымыз керек екен. Бүгінде Қазақстан халқының саны 18 миллион 22 мың 500 адамға жетіп отыр. Елбасымыздың алдымызға 2020 жылы халықтың санын 20 миллионға жеткізу керек деген меже қойғаны белгілі. Бұл тұрғыда санымыздың қазақ ұлты есебінен көбеюінің орны айрықша елеулі екенін түсінгеніміз абзал.
Қалай болғанда да «алтын құрсақты» ана-әйелдердің басты мұратымыз жолында бар мүмкіндігін сарқа жұмсаудан тартынбауы керек. Ұрпақ атыңды шығарады, адам ұрпағымен ғана мың жасайды. «Көп бала көгергенімізге жақсы» екенін, әсіресе, жас отбасыларға күнде қақсап қанша айтсақ та артығы жоқ. Кезінде демограф-ғалым М.Тәтімов жалықпай шотқа салумен болған сүрбойдақ жігіттеріміз бен қыздарымызды тезірек «аяқтандырсақ», үлкен сауапты іс болар еді-ау. Бұл іске, әсіресе, әйел азаматтар икемділеу. Осы орайда ұлттық құндылықтарымыздың бірінен саналатын жеңгелер институтын жаңаша жаңғыртудың да мезгілі әбден пісіп-жетілген секілді.
Бүгінгі таңда озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат қойып отырғанымыз баршаға аян. Міне, бұл мақсатымызға жету үшін де халық саны ел дамуының көрсеткіші, ең басты саясат болуы тиіс. Еліміздің ұлттық бәсекелестігін арттыратын ең маңызды фактор адам екені әркезде естен шықпағаны жөн-ау!

табалдырығымыздан жаңа аттаған тауық жылының алғашқы күнінде түнгі сағат 12.00- ден бастап Жамбыл өңірінде 61 нәресте дүниеге келгені тіркелгенін де жақсы ырымға балап отырмыз. Жаңа жыл басталғалы бері барлығы 192 cәби туылған. Олардың 97- сі ұл, 95-і қыз бала.  ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала тууына байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға арттырылмақ.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support