- Advertisement -

АУЫЛ ТҮБІ – БІРЛІК, ҚАУЫМ ТҮБІ – ТІРЛІК

273

- Advertisement -

Туған жерін, өскен өлкесіне мақтан тұту – адами қасиеттің бірі. Энциклопедиялық деректер бойынша Қаратау жотасы Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан тау жотасы екендігі айтылады. Жалпы, Қаратаудың айналасын қоршаған ортаға, яғни сол өңірге климаттық тұрғыдан өзіндік әсері бар. Солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысының ауа райында біраз өзгешеліктер болып тұрады. Қаратау жотасында өсетін өсімдіктердің негізі боз, бетегеден тұрады. Өзен аңғарлары, тоғайымен көрікті. Қарт Қаратаудың қойнауында еліміздің басқа еш жерінде жоқ тау сағызы молынан кездеседі… Бір қызығы, осы сағызды каучук ретінде пайдалануға болады екен.
Арқары, таутекесі мекендеген, түлкісі, борсығы, қасқыры жортқан тау бөктерінің сипаты осылай өріле береді.
Есей би ауылы Қаратау қаласынан батысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан. Бұл менің, табаным жерге күйіп, маңдайымды күн сүйіп асыр салған ауылым.
Қаратау аудан экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы қазақ халқы үшін – өзекті сала. Қазақ өмірінің, тұрмысының тамыры ауылдан бастау алады. Ауыл – қазақ үшін қастерлі ұғым.
Талас ауданы аумағындағы көне мұралар, тарихи-мәдени ескерткіштер туралы сыр шертсек, бұл өңірдің ежелден-ақ адамзаттың құт мекені болғаны тарихи деректерден аян. Оны танып білу, зерделеу бүгінгі біздің және келер ұрпақтың еншісі болып қала бермек.
Қазыналы қарт Қаратау ертеден қасиетті мекен болған киелі жер.
Ата-бабаларымыз Бижан (қазіргі Байжансай) сайынан бастап Көсегенің Көк жонындағы Арқалықтың астындағы 8 бұлақтың (Таласбұлақ, Жұмабай бұлағы, Кәрібұлақ т.б. ) бойын, Қарашаттың, Қандым және Бесағаш, Балашабақты, Шабақты өзендерінің бойын, Жартыбастау алқабын мекендеген.
Ел аузындағы жер-су аттарына көңіл аударсақ.
Бижан сайы… Тарихи аты бұрмаланған Байжан ұста әрі зергер болған екен. Байжан ұстаның қолынан күмістен соғылған оймақ, күмістелген ою-өрнегі бар кепсер, түрлі тағалар, кісендер, шығыршықтар, ұзын кысқыш, үзеңгілер, ауыздықтар, найзаның тұқыл ұштары, тағы басқа мүліктер шыққан.
Жұмабай бұлағы… Асан қайғы: «Екі Келес, бір Талас, Көсегенің Көк жоны, әттең сауырына сыймайсың-ау, әйтпесе, бөктеріп әкетер ем!» деп тамсанған шұрайлы жерде осы атаның атынан бұлақ қалған екен.
Іргелес жатқан Жолбарыс қамал ертеде Жолбарыс батырдың қамалы болған деседі.
Иә, қойнауында құт мекен болған Талас жері, Талас елі ақын-абыздар, би-шешен, батыр-көсемдерді тудырған. Аудан жұртшылығы Саңырық батыр, Қойгелді батыр, Көшек батыр, Есей би, Бөлтірік шешен бабаларының рухын ардақтап еңселі ескерткіш тұрғызды. Мен осылай туған жерімді мақтан етемін.

Алуа ЖАҚСЫМБЕТ.

Есей би ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support