- Advertisement -

Мереке қарсаңында екі цех өндіріске қосылды

76

- Advertisement -

«Қазфосфат» компаниясы өңір химия өнеркәсібінің байырғы даңқын қайта оралтуға байланысты жұмыстарын зор қарқынмен, жаңашылдықпен жандандыру үстінде. Аталған кәсіпорынға қарасты «Минералды тыңайтқыштар» ЖШС Тараз филиалында «ЭФК-1 экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің технологиялық жүйесін жаңғырту» жобасының 1-кезеңі жүзеге асырылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ.

Жаңа Жамбыл фосфор зауытында тағы да екі бірдей «А-8-1 № 3 ауаны жүктейтін қондырғыны қайта жаңғырту» және «Коттрельді сүтті фосфорлы-калийді тыңайтқыш ретінде залалсыздандыру» жобалары іске қосылды. Оның ашылу салтанатына фосфоршылар көптеп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жиналғандарды қуаныштарымен құттықтап, жаңа нысандардың тұсауын кесті. Аталған серіктестік басшысының айтуынша, бұл цехтар өндіріс көлемі мен тауарлар түрін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Екі жобаны іске қосуға бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған фосфоршылар ендігі жерде өздері өндірген өнімнің өзіндік құны төмендейді, тұтынушылар қатары да айтарлықтай артады деп күтуде.
Айта кету керек, фосфорлы-калийлі тыңайтқыш өндіру цехы бүгінде миллион тоннаға жуық көлемде қордаланып қалған сары фосфор өндірісінің қалдықтарын өңдеу мәселесі оң шешілуіне де септеспек. Қысқасы, химиктер өз өнімдеріне сұраныс артатындығына сенімді.

Бұған дейін фосфорлы-калийлі тыңайтқыш бірқатар масақты, майлы, көкөніс, бақша дақылдарын, көпжылдық шөп егіп өсіруде қолданылып, тәжірибелік сынақтан өткізілген. Нәтижесінде жоңышқадан басқа егіс дақылдарында өнімділік 25-20 пайызға жоғарылайтыны дәлелденген.

Ауа жүктеу цехын жаңғырту жұмыстары да жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Бұл жүйе толықтай автоматтандырылған. Қуатты компрессорлар көмегімен жиналған ауа арнайы сүзгілер мен қондырғылар елегінен өткізіліп, нәтижесінде сұйық азот пен кислород алынады. Мұның бірі тыңайтқыштар өндіруге, ал екіншісі техникалық қажеттіліктерге пайдаланылады. Қалдықтардан фосфорлы-калийлі тыңайтқыш өндіру технологиясы өңір фосфоршыларының өздері өндіріске енгізген жаңалығы екен.
– Компанияның табысы туралы көптеген мысалдар келтіре аламын, – деп атап өтті Т.Жанке осы орайда. – Ең басты айтарым мынадай. Жуырда жалпыұлттық телекөпір байланысы кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсат етуімен сіздер күкірт қышқылын өндіретін жаңа цехты іске қостыңыздар. Бүгін тағы да екі цехтың тұсауын кесіп отырсыздар. Осы қарқындарыңыздан таймаңыздар! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Баймаханбет Ахмет,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support