- Advertisement -

Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Мәңгілік Ел

112

- Advertisement -

«Баласағұн» орталық концерт залы бұрын-соңды осылайша лық толмаған шығар. Ел мерейін тасытқан, еңбеккерлердің мәртебесін көтерген Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға жұртшылықтың толассыз ағылуы да заңдылық. Егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің салтанат құрғанына ширек ғасыр толып отыр. Осы айтулы күнде сахна төріне көк байрағымызды алып шыққан сәтті көріп, Әнұранымызды қосыла шырқау да бір бақыт қой.

Салтанатты жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов Жамбыл өңірі жұртшылығын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
– Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары, бар жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің бастауы болған – Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Бұл ұлан-байтақ Ұлы Дала Елі үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Бабаларымыздың арман-мұратын ақиқатқа айналдырған халықтың ұлан-асыр тойы! Баршаңызды халқымыздың ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» – деген сөзінің астарында тарихи шындық жатыр. Халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» «Қаратаудың басынан көш құлаған» қаралы заманды көрді. Аласапыран заманда ынтымақтың аздығынан отаршылықты да басынан өткізді. Дербес ел болуға ұмтылған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті. Нәубет пен зұлмат кезеңдерден кешегі Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта халқымыз азаттық үшін мың өліп, мың тірілді. Әйтсе де, көпғасырлық күрделі жолдан өтсе де, халқымыз азаттық аңсаған өршіл рухын, ұлттық келбетін еш жоғалтпады. Азаттық – шын мәнінде, қазақтың ұлттық рухы мен ерік-жігерімен жетті. Оған ұлы уақыттың өзі куә. Біз осылайша 1991 жылы тарихта тұңғыш рет ұлт мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Бұл – тарихи әділет салтанат құрған ұмытылмас Ұлы күн! Данышпан халқымыз тарихи бетбұрыс тұсында өз тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тапсырды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы дарындылығы мен көрегенділігінің арқасында жас мемлекеттің еңсесін көтерді. Дамудың даңғыл жолына түсірді. 25 жылдан кейін біздің таңдауымыздың тағдырлы болғанын ұлы төреші – уақыттың өзі дәлелдеді. Бүгінде Қазақстан – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар ел! – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында.
Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық тарихы аса бай. Оның әрбір жылы мемлекет үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстанды қуатты ел ету жолында маңызды шешімдер қабылданды, стратегиялық жоспарлар жасалды. Өндіріс өркендеп, экономикамыз тұрақтанды. Діңгегі мықты елдің тұғырын биіктетуге жамбылдықтар да үлкен үлес қосты. Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде облыс әкімі осыны айтты. 25 жылдың бедерінде қол жеткізген жетістіктерімізге айрықша тоқталды. Өңірдің өсіп-өркендеуіне жол ашқан маңызды жаңалықтар мен оқиғаларды тілге тиек етті.
25 жылдың әрбір белесіндегі еліміздің қол жеткізген жетістіктерінде өңір тұрғындарының да қалдырған қолтаңбасы бар. Мерейлі мереке қарсаңында ел Президентінің Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталуы – соның айғағы. Наградаларды салтанатты шарада облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тапсырды.
ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені – журналист, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосынға, «Парасат» ордені – облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлына, облыстық мәслихат депутаты Асаубай Майлыбаевқа, «Құрмет» ордені – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа, Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаевқа, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені – Талас ауданы, К. Оязбекұлы атындағы «Көктал» ЖШС аға шопаны Мұхаметқали Иманбердиевке және басқаларға табыс етілді.
Салтанатты жиында «Құрмет» орденіне ие болған «Рысбаева және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Рысбаева бұл марапат Тәуелсіздіктің берген сыйы екенін айтады.
Иә, Тәуелсіздіктің елге берген сыйы көп. Ел де, ер де Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, Мәңгілік Елге айналу үшін еңбек етуде. Осыдан артық бақыт бар ма?! Бәрі де баянды болғай!

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support