- Advertisement -

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАБЫСТЫРҒАН АТАУЛАР

108

- Advertisement -

Тәуелсіздік – бұрынғы бодан елдің еркінен тыс өзгертілген жер-су, ауыл, қала аттарын да идеологиялық рухани кіріптарлықтан құтқарды. Оның мысалын байтақ еліміздің әр өңірі мен әр қаласынан, әр ауылынан көруге болады. Біздің береке дарып, құт қонған облысымыздың ономастикалық табыстары да осы жұлдызды шоғырдың жоғары жағында тұр.
Ең алдымен өңір халқы бұрынғы Жамбыл қаласының тарихи аты – Таразбен қауышты. Бұл ерекше оқиға сонау 1997 жылы 8 қаңтар күні болды. Ол туралы деректер мен дәйектер былай дейді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ

Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін:
Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін.

Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев.
Алматы, 1997 жылғы 8 қаңтар. №3315а

Жыр алыбы Жамбыл атын алып тастау да оңай шаруа емес. Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығының жетпіс жылға жуық жұрт жадына сіңісті болған бұрынғы Жамбыл атауын өзгертпестен бұрын баба әруағына тағзым етіп, оның орталықта тұрған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін тарих теперіштеріне байланысты әр ғасырларда Талас, Янги Тараз, Тараз, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл атанған қалаға ежелгі Тараз атауын қайтару туралы Жарлығын оқыды. Сол сәтте Елбасының толқып тұрып: «Әрине, облыс Жамбыл атамыздың атымен бұрынғысынша қала берсін, ал оның орталығын өзінің ежелгі атауымен – Тараз деп қайта атау тарихи әділ шешім болады» дегені әлі есте.
Тарихқа көз салсақ, сонау V-VI ғасырларда Талас өзенінің жазығында сақ, үйсін тайпаларының одақтары Тараз қаласының іргесін қалаған деген болжам бар. Мұны шет ел саяхатшыларының жазбалары да айғақтайды.
Тәуелсіз елдің шежіресінде тұңғыш рет тарихи атымен қауышқан қала салтанатының сыйы ретінде сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Президент облысқа бұдан бұрынғы сапары кезінде халқымыздың көрнекті перзенттерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов ескерткішінің ашылуына қатысып, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдердің сол тұстағы мемлекет басшыларымен бірге гүл шоқтарын қойған болатын. Осыдан кейін өңірімізде бір кездері империялық озбырлықпен өзгерген жер-су мен ауыл, қалалардың атаулары өзінің төл тарихымен бірінен кейін бірі қайта қауыша бастады. Свердлов ауданы мен оның орталығы Михайловка селосы – Байзақ ауданы, Байзақ ауылы, Луговой ауданы мен оның орталығы Луговой селосы – Тұрар Рысқұлов ауданы мен Құлан ауылы болып өзгерсе, Қордай ауданының орталығы Георгиевка селосы – Қордай ауылы, Жуалы ауданының орталығы Бурное селосы – Бауыржан Момышұлы ауылына ауыстырылды. Айта берсек, жаңарған елдегі жаңғырған жер-су мен қала, ауыл атауларын түгел айтып шығуға көлем көтермесі анық.
Әрине, мұндай ақжарылқап заманға кешегі қызыл Кремль коммунистері билеп-төстеген кеңес өкіметі келмеске кетіп, еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған соң барып қол жетті. Сондықтан, Тәуелсіздігімізге – тәубе, тірлігіміз бен бірлігімізге – шүкір деп жүрейік, халайық!

деректер мен дәйектер

(1991-2016)

Тәуелсіздік жылдары бүкіл облыс бойынша Тараз қаласынан бастап, аудан, ауыл, кент, стансалардағы көше атауларын өзгерту, жаңарту жұмыстары белсенді жүзеге асырылды. Оны 146 елді мекен, 172 нысан, 1924 көше атауларының жаңғыртылып, жаңаша аталған деректерінен көруге болады.

* * *
Тараз қаласында Тәуелсіздік алған 25 жылда (1991-2016 ж.ж.) 2 даңғыл, 203 көше, 130 бұрылыс, 14 тұйық, 13 өткел, 12 ықшам аудандардың атауы қайта аталды. Жалпы саны – 374.
Оның ішінде 12 ықшам аудан мен 61 жаңа көшеге атау берілсе, 142 көше қайта аталды. 40-ы топонимикалық атау, 67-сі тарихи тұлға есімдері, 103-і кісі есімі, 5-еуі орысша атаулар.

* * *
Тараз қаласында 1991-2016 жылдар аралығында 20 мектептің (мектеп-гимназия) атауы өзгертілді. Олардың 7-еуі тарихи тұлға, 1-еуі кісі есімі, 1-еуі орыс ақынының атымен аталса, 11-і нөмірлермен ауыстырылды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

Бас редактор

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support