- Advertisement -

Жығылып жатып, чемпион атанды

103

- Advertisement -

Сергей Ковалев Андре Уордқа шын мәнінде жол берді ме?

Жыл басынан бері кәсіпқой бокс жанкүйерлері асыға күткен жартылай ауыр салмақтағы WBA super, WBO, IBF тұжырымдарының чемпионы ресейлік Сергей Ковалев пен америкалық Андре Уорд арасындағы жекпе-жек жанкүйерлердің, боксшылардың арасында екіұшты пікір туындатқаны анық. Екі жекпе-жек бұрын келісімшартқа қол қойылып, жарнамасы жер жарған жыл жекпе-жегінің қорытынды нәтижесі көңілдерде күмән тудырды…
Кәсіпқой бокс ордасы саналатын АҚШ-тың Лас-Вегас штатындағы «T-mobile» аренада өткен мега шайқас ә дегенде барлау шабуылдарымен бастау алды. Десе де, арада бір минут өткен соң Уордқа Сергей Ковалев жойқын соққыларын бағыттай бастады. Қарсыластың қолын байлап, соққы бағыттауға мүмкіндік бермейтін Андреңіз алғашқы үш минуттықта әрекетін жүзеге асыра алмады. Екінші раундта кәсіпқой бокс әлемінде Крашер (талқандаушы) атымен әйгілі болған Сергей Ковалев алдыңғы қолмен Уордтың қорғанысын бұзып барып, оң қолымен жойқын соққы бағыттады. Нокдаун. Жер бауырлаған Андре Уорд жылдам бойын тіктеді. Бірақ, ес жинап үлгермегені анық еді. Крашер қайтадан іске кірісті. Әйткенмен, рингтегі шебер әрекетінен гөрі қулық-сұмдығы басым Уорд Сергейдің қолын байлап уақыт өткізуге тырысты. Уордты гонг үні құтқарып қалды.
Екінші раундта ауыр соққы алған соң Андре Уорд аяғын тартып ойнады. Қаймығатыны байқалып тұрды. Үшінші, төртінші кезеңдерде де Ковалевтің басымдығы айқын аңғарылды. Ал бесінші үш минуттықта Андренің әдемі соққылары нысанаға дөп тиіп жатты. Бауыр тұсқа соққы бағыттайтын қимыл жасап, қақ маңдайға қос жұдырығын тамаша сілтей білген Уордтың осы кезеңде басымдыққа ие болғаны күмән туғызбайды. Бірнеше әдемі соққысын өткізген соң қарсыластың қолын байлап тұрып, іштен соққы бағыттайтын Андренің әдістері бұл жолы да байқалды. Алтыншы раундта Сергейдің сол қолмен бағыттаған бірнеше соққысы және оң қолмен қапталдата жасаған жойқын соққысы Андренің иек тұсына дөп тиді. Алғашқы алты раундтың бесеуінде Ковалевтің мықтылығын байқағандай едік. Кездесудің екінші жартысында Андре Уорд бәлендей басымдыққа ие болмаса да Ковалевтің еркін көсілуіне тосқауыл болды. Рас, әдемі қорғана білген сәттерін көз көрді. Десе де, оныншы раундта Крашердің жойқын соққыларына Уорд ешқандай жауап қата алмады.
Кездесу соңы бокс жекпе-жегінен гөрі күреске көп ұқсап кетті. Іш пыстырарлық мәнерде жұдырықтасатын Андре Уорд Крашердің қолын байлап, соққы бағыттауына мүмкіндік бермеуге бар ынта-шынтасымен кірісті. Шайқас аяқталды. Төрешілердің езуге күлкі үйірген шешімі де шықты. Америкалық қазылар бірауыздан 114:113 есебімен жеңісті Андре Уордтың еншісіне жазды.
Қалың жұртшылық асыға күткен мега-шайқастан соң мамандардың пікірі екіге жарылды. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Василий Ломаченко: «Ковалев сегіз раундта жеңіске жетті. Уорд төрт раунд қана басымдық байқатты. Бұндай бокс кімге керек?» десе, белгілі промоутер Андрей Рябинский: «Ковалевке жылдам қарымта кездесу өткізу керек. Ол кездесуде төрешілер құрамы халықаралық болғаны ләзім. Мына төрешілерді бокстан қуу керек» деп өз ойын ортаға салды.
Сергей Ковалевтің промоутері Кэти Дува мен менеджер Эгис Климас келісімшартқа өз боксшылары жеңілген жағдайда міндетті түрде қарымта кездесу өткізу туралы пункттің енгізілгенін жайып салды. Крашерге чемпиондық атақтарын керу қайтару маңызды. Ендеше, Ковалев – Уорд жекпе-жегінің екінші сериясын көрер күн де алыс емес сияқты. Айтпақшы, бұл бокс кешінің шымылдығын ашқан қазақстандық былғары қолғап шебері Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингтегі дебютін сәтті өткізді. Орта салмақта сынға түскен ол америкалық Генри Бекфордты төрешілер шешімімен жеңді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support