- Advertisement -

Бүгінгіден ертеңіміз нұрлы болады

100

- Advertisement -

Мәден МҰСАЕВ,
аудан әкімі.

Облыс орталығына жақын орналасқан ауданымыз жыл өткен сайын жаңарып, толайым табыстарға қол жеткізуде. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында аудан экономикасы дамып, түрлі салаларда облыстық көрсеткішті көтермелеуге оң ықпал етуде. Тоқсан сайын шығарылатын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне көз жүгірте отырып, ауданның даму­дың даңғыл жолына түскенін анық аңғаруға болады.

Мысалы, жыл басынан бергі тоғыз айдың қорытындысында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 5 миллиард 435,8 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,0 пайызды құраған. Ал нақты индекс көлемі 120,1 пайызға жетті.
Қол жеткізген өсім «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірілген өнім көлемінің 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 427,2 миллион теңгеге немесе 58,8 тоннаға, «КнауфГипсТараз» ЖШС-ында 222,1 миллион теңгеге немесе 105,7 тоннаға, «БиномСтройДеталь» ЖШС-ында 94,8 миллион теңгеге немесе 1,3 мың тоннаға, «Суперфарм» ЖШС-ында 217,6 миллион теңгеге немесе 5 миллион 416 мың данаға артуының арқасында көбейіп отыр.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы жалпы құны 6 миллиард 725 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС ет комбинаты пайдалануға дайын, сондай-ақ жақын күндері гипс өнімдерін өңдейтін «ҚазУпакТрейд» ЖШС-ның құрылыс жұмыстары өзінің мәресіне жетпек. Бұл жобалардың аудан экономикасына тигізер оң ықпал етері анық.
2016 жылдың үш тоқсанында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші тетігіне сай 358,7 миллион теңгеге 9 жоба пайыздық ставканы субсидиялау оң шешімін тапса, 1 жоба 3 миллион теңге көлемінде гранттық қаржыландыруға ие болды. Бұған қосымша 6 жобаның құжаттары аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, шешімі күтілуде.
Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттік бюджетке 2 миллиард 414 миллион теңге салық және басқа да міндетті төлемдер жиналды. Бұл болжамдалған көлемнен 132,2 пайызға артық, ал 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 105,2 пайызға көп. Сонымен қатар, бюджет шығыстарының игерілуі 97,5 пайызды құрады.
Аудан тұрғындарының негізгі бөлігі ден қойған ауыл шаруашылығы саласында да жағдай қалыпты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2016 жылдың 9 айында 17 миллиард 072,6 миллион теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109 пайызды құрады. Ал нақты көлем индексі 100,1 пайызға жетті.
Бүгінгі күнге дейін 1200 гектар алқапта егіліп өсірілген қант қызылшасының 169 гектары немесе 14,0 пайызы жиналып, жалпы түсім 3 711 тоннаны құрады. Әр гектардан түсім 219,6 центнерге жетті. Жалпы, 2 737 тонна қант қызылшасы қант зауытына өткізілді. Қорытынды нәтижесі шығарылар күн жақын.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 9 миллиард 908,3 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өсті. Сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 20,7 пайызға артып, 7 миллиард 153,8 миллион теңгені құрады.
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 455 мүйізді ірі қара малын сатып алу қарастырылып, есепті кезеңде нақты 1045-і бас сатып алынды. Жоспар 129,6 пайызға артық орындалды.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 1675 қой сатып алу қарастырылып, есепті кезеңде 64,9 миллион теңгеге 2587 ұсақ мал сатып алынды. Жоспар 54,5 пайызға артық орындалды.
«Құлан» бағдарламасы бойынша 400 жылқы сатып алу жоспарланып, есепті кезеңде 17,7 миллион теңгеге 63 мал сатып алынды. Жоспар 15,7 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, «Ырыс» бағдарламасы бойынша тапсырмалар да толығымен орындалды.
Жыл басынан бері 9 айда бөлшек сауда тауар айналымы 1158,1 миллион теңге немесе 113,1 пайызды құрады. Есепті кезеңде бөлшек сауда айналымының жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда толықтай орындалғанымен, нақты көлем индексі төмендеп отыр. Негізінен сауда айналымының нақты көлем индексін есептегенде, бағаның тұтыну индексі инфляция деңгейі негізге алынады. Ал қазіргі уақытта экономикада орын алған жағдайға байланысты тауар бағасының тұрақсыздығына сәйкес тұтыну индексі де жоғары болып отыр.
Осы жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 16 миллиард 155,3 миллион теңгені немесе 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 95,4 пайызды құрады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен облыс басшылығының басты назарында тұрған мәселе – тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары оң шешімін табуда. Жыл басынан бері қыркүйек айына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүргізілуі арқасында барлығы 1711 адам, оның ішінде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 738 адам жұмыспен қамтылды. Қазан айына дейін уәкілетті органға 1839 азамат қайырылып, оның 1294-і жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналасу деңгейі – 70,4 пайыз. Ауданда ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 4,5, ал кедейшілік деңгейі 0,1 пайызды құрап отыр.
Биылғы кешенді жоспар бойынша 2097 адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Бұл жоспар қазан айында 61,7 пайызға орындалды. Кешенді жоспар шеңберіндегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтуды жыл соңына дейін толығымен орындауды қамтамасыз ететін боламыз.
Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының біршама төмен көрсеткішке ие болып отырған жағдайы бар. Оның басты себебі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі мегажобасы құрылысының аяқталуына байланысты.
Денсаулық саласына келер болсақ, 100 мың адамға шаққанда туберкулезбен ауырғандар көрсеткішінің коэффиценті 42,5 промильді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,8 пайызға артты. Аурудың өршуінің басты себебі – науқастардың әлеуметтік жағдайының төмен болуымен және жалпы скринингтік тексеру жұмыстарының кеңінен жүргізілуіне байланысты. Скринингтің ауруды ертерек анықтауға тигізер септігі мол.
Бүгінде аудандағы мектепке дейінгі білім беретін 18 балабақшада және 18 мектеп базасындағы шағын орталықтарда барлығы 3277 бүлдіршін тәрбиеленуде. 1 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 54,8 пайызды құрады, кезекте 1160 бала тұр. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін жоғарылату мақсатында қабылданған қадамдық іс-жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың қазан айында Бесағаш ауылындағы Абай атындағы орта мектептің жанынан ашылған 75 орындық «Күншуақ» шағын орталығынан қосымша 25 орындық 1 топ ашылды. Бұдан бөлек, желтоқсан айында Еңбек ауылындағы Еңбек орта мектебінің жанынан 25 орындық 1 шағын орталық ашу жоспарлануда. Осының нәтижесінде жыл соңына дейін көрсеткіштің орындалуы қамтамасыз етілетін болады.
Тұрғындардың тұрмысын жақсартып, әлеуетін арттыру жолында әлі де талай жұмыс жасалуы керек. Сондықтан, жеткен жетістіктермен тоқырап қалмай, тұралап тұрған салаларға серпін беруге тиістіміз. Біз міне, осы мақсатта барынша күш-жігерімізді аямай еңбек етудеміз.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support