- Advertisement -

Соңғы екі ойынның жүгі ауыр

80

- Advertisement -

«Тараз» премьер-лигада қала ма, қалмай ма?

Маусым бойы жанкүйер біткеннің жүйкесіне ши жүгірткен футболдан кезекті Қазақстан премьер-лигасы аяқталуға таяу. Жарты жылдан астам уақытта ойыншы да, бапкер де ауыстырған «Тараз» футбол клубының турнир кестесіндегі жағдайы бір оңалмай қойды.
Әйтеуір, легионерлерден Малик Мане сенімді ақтап тұр. Сұрмергендер тізімінде де «Тараз» командасы сапындағы ойыншылардан Малик Маненің бәсі жоғары. Әлішер Сүлей де жаман ойын көрсетіп жүрген жоқ. Десе де, команданың барлық футболшысы «бір қолдың саласындай» болғанда ғана жеңістің ауылы жақындай түспек.
«Тараз» ойыншылары отызыншы тур аясында Талдықорғанға қонаққа барды. Жергілікті «Жетісу» командасымен өткен ойында есеп ашылған жоқ. Дәл қазіргі «Тараздың» жағдайы тұңғиыққа батып бара жатқандай әсер қалдыратыны анық. Көш соңында салпақтап келеміз. «Ақжайықтан» сәл ұзап едік, ұпайымыз қайта теңесті. Жігіттеріміз үшін шешуші сәтте жеңісті жұлып алуға не жетпейді екен? Рас, шеберлігі басым ойыншылар аз шығар. Алайда, ойыншыларда мінез болуы керек емес пе? Мәселен, 2003 жылдары Еуропаны дүр сілкіндірген «Порту» (Португалия), «Монако» (Франция) командалары чемпиондар лигасының ақтық сынында ойнайды деген жанкүйер біткеннің түсіне кірді ме екен? Әлбетте, ондай қиялға ешкім берілген жоқ. Біз «Тараздан» ерлік күтпейміз. Тек жүйкемізге салмақ түсе беретіні жанды ауыртады… Тым болмаса жетінші-сегізінші орындарды иеленуге болар еді ғой…
Енді біздің командаға премьер-лигада қалу үшін соңғы екі ойында міндетті түрде жеңіске жету керек. Тек жеңіп қана қоймай, «Жетісу» бір, «Шахтер» екі рет сүрінсе дейміз. Бұл енді «Тараз» премьер-лига жолдамасын тікелей иеленсін деген ойымыз ғой. Жағдайын аздап болса да жақсартса, шіркін! Негізі, «Жетісу» келесі кездесулерінің бірінде жеңіліп, «Тараз» екі ойынды да қатар ұтып жатса да оныншы орын иеленеміз. Бұлай да премьер-лигада қалу мәселесін шешуге болады…
Сонымен, қалған екі кездесуді өз алаңында өткізетін «Тараз» футболшылары үшін 22 қазанда «Тобылды» жеңуге толық мүмкіндік бар. Қостанайлық команданың үш бірдей белді ойыншысы бұл кездесуге қатыспайды. Оның үстіне жетінші орыннан жоғарыға көтеріле алмайтын «Тобыл» ойыншылары ауыр жарақат алмау үшін аш қасқырдай «Тараз» футболшыларымен абайлап ойнауы мүмкін. Ал соңғы тур нағыз тартысқа айналмақ. Айтпақшы, отыз бірінші турда «Шахтер» мен «Жетісу» өзара кім мықтыны анықтайды. Екеуінің бірі ұпай жоғалтатыны анық. Қай жеңілгені тікелей бәсекелесіміз атануы да ықтимал. Сол «Шахтерді» жерлестеріміз соңғы шешуші турда Тараз төрінде қабылдайды. «Шахтер» «Жетісуға» қарсы кездесуде ұпай жоғалтса нағыз шайқасты «Тараз» – «Шахтер» матчында көріп қаламыз. Ол үшін жерлестеріміз «Тобылды» тобықтан шалуы керек. Айтпақшы, «Тараз» он бірінші орын алып жатса, бірінші лиганың күміс жүлдегерімен премьер-лиганың жалқы жолдамасын сарапқа салады. Қазіргі жағдайға тура қарасақ, жерлестеріміздің соңғы орында қалып қою қаупі де бар. Тек бетін аулақ қылсын дейміз. Ол үшін қалған екі ойында тек жеңіске жету керек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support