- Advertisement -

Мемлекеттік қорғау қызметкері қандай болуы керек?

138

- Advertisement -

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев қатысқан жиындар мен шетелден келген қонақтарды қарсы алу барысындағы түр-тұлғасы келіскен, сымбатты, сымдай тартылып, сап түзеген сарбаздар көрінісі кім-кімге де ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе, әлдебір салтанатты шараларда бойшаң, жауырыны қақпақтай, біркелкі жауынгерлер қолындағы қаруын ұршықша иіріп, саппен жүргенде өздерінің нық адымы, ширақ қимылымен тәнті етеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы жастар сарайында ҚР мемлекеттік қорғау қызметінің қызметкерлері жастармен болған кездесуде мемлекет күзет қызметкерінің қырлары жайлы айтып берді.
Мемлекеттік қорғау қызметінің қызметкері Жансерік Дүзенбаев жастармен кездесу өткізудің басты мақсаты бойшаң, келбетті, денсаулығы зор, 18-27 жас аралығындағы өңір жастарын мемлекеттік күзет қатарында қызмет етуге шақыру екенін айтады. Талапкерлердің бойы 180 сантиметрден төмен, 195 сантиметрден жоғары болмауы тиіс. Олар орта білімді, дене-күші жағынан шыныққан, моральдық жағынан өзгеге үлгілі бола алатын азаматтар болуы шарт. Олардың отбасылық жағдайы тексеріледі. Спорт шеберлігінен үміткерлерге басымдық беріледі. Дегенмен, әрбір азамат мерзімді әскери міндетін өтеуі қажет екен.
– Аталған талаптарға сай қазақстандық кез-келген азамат Астана мен Алматы қаласында орналасқан «Айбын» немесе «Батыр» президенттік полкінде Отан алдындағы бір жылдық мерзімді әскери борышын өтеуге міндетті. Қазір күзгі шақырылым болғандықтан облыстық қорғаныс істері департаментінде қабылдау жүргізіп жатырмыз. Біздің полкте Отан алдындағы міндетін өтегеннен кейін, осы полкте келісімшарт арқылы қызметте қалуы қажет. Бұл екі полктің де жауынгерлік міндеті бірдей. Полктің екеуі де мемлекеттік күзет қызметіне қарайды. Ұлт Көшбасшысын шетелге шығарып салу, күтіп алу секілді мемлекеттік маңызы бар шаралардың барлығына осы екі әскери полктің сарбаздары қатысады. Өз-өзін көрсете алған жауынгерлердің арнайы іріктеу арқылы президенттік қорғау қызметіне ауысуына мүмкіндігі бар. Ең бастысы – осы бағытты таңдаған жауынгерлердің жалақысы жоғары, жатын-жайы, емделу секілді мәселелері мемлекет есебінен өтеледі, – дейді «Батыр» президенттік полкінің аға офицері, подполковник Айдар Түлебеков.
Жиын барысында жауынгерлердің жүктелген міндетті мінсіз атқаруы үшін олардың әбден пісіп жетілуі, қырағылық, физикалық шыдамдылық, моральдық тұрақтылық секілді қасиеттерге бай болуы тұрғысында мемлекеттік күзет қызметінің әрбір қызметкерінің қарым-қабілеті үнемі шыңдалып отыратыны айтылды. Әскери қызметкерлер үміткерге қойылатын талаптар мен жауынгерлік міндеттердің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, арнайы бейнероликтер көрсетті. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support