- Advertisement -

Көкөніске сұраныс көп болды

100

- Advertisement -

Тараз қаласындағы Достық алаңында азық-түлікті тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұзақ уақыттан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шараның қала тұрғындарына да, ауыл еңбеккерлеріне де қолайлы екенін уақыт дәлелдеуде. Өткен сенбі күні Тараздағы орталық Достық алаңында өткізілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараға Тараз қаласы, Байзақ, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Сарысу аудандарының тауар өндірушілері қатысты. Жәрмеңкеде жалпы құны 45,3 миллион теңгені құрайтын 134,7 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері тараздық тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды.
Мұнда тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз, тұтынушыға тікелей өткеруге мүмкіндік алды. Тұрғындарға жылқы мен сиыр етінің келісі – 1100, қой еті 900 теңгеден ұсынылды. Қазы-қарта, жал-жаяның бағасы да басқа сауда орындарынан 200-300 теңгеге төмен. Халыққа ең қажетті ұн, қант, ет, сүт өнімдері, картоп жеткілікті мөлшерде сатылды.
Бұл жолы картопқа сұраныс өте көп болды. Жуалылықтар әкелген картоп пышақ үсті сатылып кетті десек, артық айта қоймаспыз. «Картоп бағасы қолжетімді екен. Бұл – тұрғындарға үлкен жеңілдік. Сондықтан, осы жәрмеңке өтетінін естіп, арнайы келдім. Мұндағы нарық көңілімнен шығып тұр», – дейді қала тұрғыны Бейсетай Шаханов.
Меркі ауданы, «Эмош» шаруа қожалығының төрайымы Тұрсынкүл Ахметова 50 литр қымыз, 70 келі сүттен жасалған өнімдерді жәрмеңке сөресіне жеткізіпті. Бекітілген кестеге сай қымыздың литрін 400 теңгеден, сүзбе, ірімшікті де қолайлы нарыққа өткеріп жатқанын айтты.
Сөрелерде балық, бал дейсіз бе, қалағаныңыз табылады. Жеміс-жидек дегеніңіз түр-түрімен сатылды. Тұрғындар алманы – 100, қырыққабатты – 70, қиярды 80 теңгеден сатып алып, қолайлы бағаға көңілдері толды. Алайда, бақылаушылардың көзін ала бере картоптың келісіне 5 теңге, қызанақтың әр келісіне 30 теңге артық қосып сатып жатқандар да байқалды.
Қала орталығында тұратындар қоғамдық көліктерге де жолкіре жұмсамай, жақын жерде ұйымдастырылған жәрмеңкенің мүмкіндігін толық пайдаланды. Бір аңғарғанымыз, күздің алғашқы жәрмеңкесі болғандықтан ба, тұтынушылар өте аз болды. Бәлкім жәрмеңкенің өтетіні жан-жақты жарнамаланбағандықтан болар.
Келесі аптада, 24 қыркүйек күні жамбылдықтар ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін Астанадағы Жамбыл облысының күндеріне орай Елордада өткізеді. Қазанның алғашқы күндерінен бастап Достық алаңындағы жәрмеңке саудасы қайтадан қыза түспек.
– Дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі биыл да белсенді түрде жалғасады. Өнімдер бекітілген баға бойынша сатылады. Бұл – делдалсыз сауда. Тараз қаласы тұрғындарының қысқы азық-түлігін қамдап алуы үшін жақсы мүмкіндік, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Қайрат Аманов.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support