- Advertisement -

Страдиваридің скрипкасы

128

- Advertisement -

 Шеберлер шаһары

Антонио Страдиваридің есімі жүзжылдықтар өтсе де, өз ісінің құпиясын өзімен бірге ала кеткен тұлғалар қатарынан саналады. Ғасырлар өтсе де оның құпиясын ешкім де шеше алмады. Тек оның жасаған скрипкалары періштелер әуезіндей, жүзжылдықтарды жалғап, жыл өткен сайын құнын арттыра түсуде. Заманауи ғылым мен жаңа технологиялар да шебердің қолынан шыққан саз аспабының ерекшелігін таба алмауда. Сондықтан болар, оның төңірегінде адам айтса нанғысыз аңыз әңгімелер айтылады.
Бала күнінде Антонио Страдивари музыка әуеніне есі кете елітетін еді. Ол жүрегінен шыққан әуенді айтып жеткізбек болғанда, айналасындағылардың күлкісін тудырып қана қоятын. Сондай-ақ, баланың тағы бір ерекше жақсы көретін ісі қалтасынан үнемі тастамай жүретін кішкентай бәкісімен қолына түскен ағашты ойып, бұйым жасайтын.
Оны ата-анасы сол үшін де ағаш шеберлігі мамандығын алуға ықпал етті. Антонио ағаш шеберлерімен атағы шыққан солтүстік Италияның Кремона қаласында туып-өсті. Ол өскен қала «шеберлер шаһары» аталатын еді.
Ол сондай қалада тұратынын біліп, қатты шабыттанды. Өз ісіне, скрипка жасауға деген ынтасы арта түсті, атақты шеберлерден сабақ алды. 1655 жылдан Антонио синьор Аматидің шеберханасында тәлім алды. Бастапқыда барып кел, шауып кел ретінде жүрген ол Аматидің неге ескі ағаштар мен қан-жоса болған ішектерді қолданатынына таңғалатын еді. Страдивари оның сырын жылдар өткен соң бір-ақ білді.
Сондай-ақ, жылдар өте келе итальяндық бала әлемдегі ең қымбат, теңдессіз саз аспабын жасаған тұлғаға айналды. Оның есімі музыка әлемінде аңыз болып тарады.
Страдивари жасаған скрипкалар алғашқы жылдары, яғни XVII ғасырда 166 кремон лиріне сатылса, (шамамен 700 доллар), 300 жылдан соң аукциондарда әрқайсысы 4-5 миллион долларға сатылды.
Страдиваридің ең алғаш үйренген ісі саз аспабының ішегін жасау болды. Амати шебердің үйінде оны жас қозының ішегінен жасайтын еді. Антонио жас малдың ішегін иісі өткір суда (ол кейіннен соның сабын суынан жасалған қышқыл екенін білді) жуып, кептіріп, тартатын.
Ол тәжірибе жинай жүріп саз аспабының ішегін жасауға кез-келген малдың ішек-қарыны жарай бермейтінін, ең мықты материал, ол – орталық және оңтүстік Италияда өскен 7-8 айлық қозы-лақтардың ішегі екенін білді. Ішектің әуезі малдың жайылған аймағына, ішкен суына, сойылған мерзімі мен одан да басқа түрлі нәрселерге байланысты болды.
Келесі кезекте Страдивари саз аспабының ағашын таңдауды үйренді. Мұнда да адамға түсініксіз сырлар баршылық еді. Мысалы, ағаштың түрі қандай болғаны маңызды емес, оның қандай дыбыс шығаратыны маңызды еді. Сондай-ақ, бір ағаштың діңі бірнеше түрлі дыбыс беретінін де шебер ерекше ескерді.
Амати шәкірті Страдивариге ағаш таңдаудың сырларымен бөлісе отырып, аспаптың үстіңгі бөлігін шырша ағашынан, ал астыңғы бөлігін үйеңкіден жасау керектігін үйретті. Сондай-ақ, ең әдемі «ән салатын шыршалар» швейцариялық Альпіде деп таныды. Кремондық шеберлер сол жақтың ағаштарын қолданатын болған.

40 жастағы…
алғашқы қадам

Бала кезінен Николо Аматидің шеберханасында жұмыс істеп жүрген Антонио ерте ме, кеш пе, өзінің жеке шеберханасын ашу керектігін түсінетін. Ол ойы тек 40 жасында жүзеге асты. Сол кезде ол бай көпестің қызы Франческа Феррабочимен үйленді. Франческа оған бес бірдей бала туып берді. Алайда, кейіннен Италияны жайлаған шешек ауруы шебердің жары мен бес бірдей баласын алып тынды. Осыдан кейін ол біраз уақыт іске кірісе алмай жүрген болатын. Бұл күйзелістен оны ата-анасыз қалған шәкірттерінің бірі шығарды. Барар жер, басар тауы қалмаған шәкірт Страдиваридің қасына қоныс аударып, оның ұлы болады.

60 жаста Алтын дәуірі басталды

Жасы алпысқа келген шеберлер құрметті демалысқа кетіп жатқанда, Антонио болса өзінің өлмес атын қалдырған скрипкасын ойлап табады. Скрипканың бұл нұсқасы оның «супер Страдивари» атануына ықпал етеді. Сөйтіп, алпыстан асқан шебердің алтын дәуірі басталып кетеді. Аңыз адам жасаған сол скрипкалардың құпиясы күні бүгінге дейін белгісіз күйінде қалып отыр.
Кейбіреулер оның жын-перімен байланыс орнату арқылы осындай ғажайыпқа қол жеткізгенін айтса, енді біреулер аспап жасалған ағаштар мен ішектерді зерттеумен айналысты. Шебер ағаш сыртын бояйтын түссіз бояуларға шеберханасының еденінде жатқан құрт-құмырсқалардың қоқысын қосу арқылы осындай дүниеге қол жеткізді дегендер де болды. Оның анық-қанығына жеткісі келгендер аспаптың сыртындағы бояуды түгелдей кетіріп те көрген еді. Алайда, бой шымырлатар әуез сол қалпында ойнала берді.
Страдивари даңқы дәуірлемей тұрған шақта оның ісіне қызығушылық танытқандар көп болмаған. Соның салдарынан шебердің жұмысы аса жария бола бермеді. Бір анығы, атақты тұлғаның еңбекқорлығы ешкімді бейжай қалдырмайтын. Ол өмірінің соңына дейін, яғни 93 жасқа жеткенше саз аспабын жасады.
Антонио Страдивари 1100 саз аспабын жасады деген әңгіме бар. Оның ішінде скрипка да бар. Маэстроның еңбекқорлығы соншалық, ол жылына 25 скрипка жасап шығарушы еді. Салыстыру үшін айтар болсақ, бүгінде шеберлер жылына 3-4 аспап қана жасай алады. Алайда, бүгінгі күнге шебердің 630 немесе 650 саз аспабы ғана жеткен. Олардың саны нақты белгісіз, тек көбісі скрипка екені мәлім.

«Страдивариді»
5 рет ұрлау немесе құны 4 миллион тұратын скрипка

Страдиваридің саз аспаптары шарап секілді, жылдар өткен сайын құндылығын арттыра беруде. Оның бүгінгі күнге жеткен туындыларының бағасы 500 мыңнан 5 миллион евроға дейін бағаланады. Тіпті, ол аспаптарға ешқандай баға жетпейді деген ортақ түсінік те бар.
Бәлкім, сондықтан болар, Страдивари саз аспаптарын ұрлау оқиғалары да тарихта қалып жатыр. Соның бірі Николай II-нің атақшы музыка шебері Кошанскийге сыйға берген скрипкасы болды. Әлбетте, ол аспап сазгерге біржолата сыйға ұсынылмаған еді. Тек Ресей музыкасын әлемге таныту үшін уақытша ұсынылған болатын. Алайда, шетел асқан Кошанский төңкерістен кейін патша әулетінің құлауына байланысты Страдивари скрипкасын өз меншігі санайды. Алайда, тағдыр оны қатаң жазалап, ол өмірінің соңын қайыршылықпен өткізеді. Осылайша, «Кошанский» аталып кеткен скрипка бес рет ұрланады. Ал 2005 жылы Аргентинада Страдиваридің 1736 жылы жасаған, құны 4 миллион доллар тұратын скрипкасы, Венада атақты скрипкашы Христиан Альтенбургердің сейфінен 2,5 миллион евро тұратын скрипкасы ұрланған. Сондай-ақ, америкалық полиция 3,5 миллион долларға бағаланатын аспапты иелеріне қайтаруға көмектесті. 2004 жылы Лос-Анджелесте Страдиваридің 3,5 миллион долларға бағаланған виолончелі ұрланады. Жалпы, мұндай жағдайлар көптеп кездеседі.
Ал жапониялық «Nippon Foundation» ұйымы Антонио Страдиваридің әлемдегі ең қымбат «Леди Блант» аталатын скрипкасын аукционға шығарады. Бұл саз аспабы кемінде 10 миллион долларға бағаланып, 2008 жылы сол бағаға сатылады.
«Леди Блантты» шебер 1721 жылы жасаған екен. Бұл итальяндық шебердің осы күнге дейін ең жақсы сақталған екі аспабының бірі саналады (екіншісі – «Мессия», Оксфордтағы мұражайлардың бірінде сақтаулы). Ол ақын Байрон Энн Бланттың немересінің атымен аталған. «Леди Блант» тек Страдиваридің емес, әлемдегі ең қымбат скрипка саналады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support