- Advertisement -

Біз бақыттымыз

96

- Advertisement -

Қазақстанда ең алғаш ядролық сынақ 1949 жылдың 29 тамызында жасалып, арада қырық екі жыл өткенде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен ядролық сынақ полигоны түбегейлі жабылды. Әйтсе де, осы жылдар аралығында адам төзгісіз қасіретті бастан кешкен халқымыз ядролық сынақ полигонының зардаптарын әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан да, бұл күн – қазақстандықтар үшін тарихта қалар ерекше күн. Әлемдегі ең ірі төртінші полигон болып саналатын сынақ алаңының жабылуы – мемлекетімізді соғыс қаруын таратпау және ядролық қарусыздану мәселесі жөнінен дүниежүзіне бейбітсүйгіш ел ретінде танытты. Себебі, Мемлекет басшысы Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун бұл шешімді «Болашаққа деген үміт» деп атаған екен. Осылайша, сол сәттен бастап Қазақстанның сыртқы саясатта беделі арта түсті.

Бүгінгі таңда әлем әрқилы оқиғаларға толы, жан түршігерлік жағдайлардың куәсі етуде. Ойламаған жерден кез-келген мемлекетте халықтық толқулар пайда болып, дүние дүрмегі дүрлігіп, бір кездері ішкі тұрақтылығы өзгеге үлгі болған кейбір мемлекеттерде соғыс өрті тұтанды. Басқа елге ауа көшкен босқындар саны көбейіп, лаңкестік әрекеттерден пайда болған жарылыстардан жер беті қайысты. Бұл ХХІ ғасырдағы жер-жаһанды алаңдатқан айтулы мәселе екені даусыз. Ал осындайда келеңсіздікке тосқауыл болар жалғыз қару – ол тұрақтылық пен бейбітшілік.
Әлемге қауіп төндірген осындай сындарлы кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасынан барша адамзатқа арналған ашық арнауын жария етті. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін бірдей жауапкершілік қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен келіссөздер еді.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – жер шарының қауіпсіздігі үшін жасалып отырған маңызды қадам. Оған жалғыз қазақстандықтар ғана емес, дүниежүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты қалайтын мемлекеттердің қолдау көрсетуі – осының дәлелі. Манифест Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болуы да сондықтан. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Президентіміздің бүкіл адамзат үшін өзекті проблемаға айналған аталған мәселе туралы манифест жариялауы Қазақстанның мәртебесін асқақтатқаны шындық. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы еліміз тағы да бір бейбіт бастаманы әлемге паш етіп, бейбіт өмірді қалайтын мемлекеттер арасындағы жетекші елдердің біріне айналды. Әлемдік қоғамдастыққа қарусыздану мәселесіне байланысты салиқалы саясат жүргізудің жарқын үлгісін көрсетті. Бүкіл әлем елдеріне адамзатқа апат әкелетін жойқын қаруларды жоюға жол көрсетіп берді. Бұл – дүниежүзін ажал сепкен соғыс қатерінен құтқаратын бірден-бір жол.
Негізінен, Қазақстан халқы бақытты. Өйткені, Президентіміз елін дамудың биік шыңына жетелеп қана қоймай, бүкіл адамзаттың көкейіндегі арманын тап басып отыр. Біз әрдайым сұңғыла саясаткер, көреген басшылық қасиетке ие Елбасымен мақтанамыз. Соғыс пен жанжал отын тұтатуға қарсы тұратын күшке ие ел жастары Елбасымен қашанда бірге. Себебі, жас ұрпақтың бар арманы – саяси тұрақтылығы берік орныққан, бейбітшілік пен бірлігі жарасым тапқан, тыныш әлемде өмір сүру. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халықаралық қоғамдастыққа дүниежүзі бойынша ядросыз әлем құру туралы үндеудің әркез қазақстандықтар тарапынан жариялануы бойымызға мақтаныш сезімін ұялатып келеді.

уалиханУалихан Болатбек,
облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support