- Advertisement -

Даниярда – алтын, Әділбекте – күміс

129

- Advertisement -

Қазақ боксшылары намысты қолдан бермейді

Маңдайың жарылса да, маңдайға жазылғаны болады

Олимпиада ойындарында қазақ елі үшінші алтын медальды иеленді. Күллі алаш жұрты асыға күткен алтын жүлдені қоржынымызға былғары қолғап шеберіміз, Қазақстанның мақ­танышы, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңім­пазы Данияр Елеусінов салды. Бокс­тан ұлттық құраманың капитаны, 69 келі салмақтағы саңлағымыз бәсірелі додада елінің үмітін ақтады.

Жалпы, әуесқой бокста 69 келіні «қазақтың салмағы» деп атайды. Бұған дейінгі үш бірдей Олимпиада ойындарында осы салмақ дәрежесінде қазақ жігіттері алтынды ешкімге бермеген болатын. Афиныда Бақтияр Артаев бастаған жеңісті жорықты Пекинде Бақыт Сәрсекбаев жалғастырса, Лондонда Серік Сәпиев алтыннан алқа тағынып, шын мықтыға тұсау жоқ екенін дәлелдеген-ді. Осы тұста тағы бір статистиканы сөйлете кетейік. Жалпы, Олимпиада ойындарында ең үздік боксшыға берілетін дәстүрлі Вэл Баркер кубогі бар. Сол жүлдені қазақ боксшылары үш рет қанжығаға байлады. Оның екеуін 69 келідегі сайыпқырандарымыз Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев иеленген болатын. Кім біледі, AIBA басшылығы биыл Даниярды Баркер кубогіне лайықты деп тануы да мүмкін.

Данияр Елеусінов жартылай финалдық жекпе-жекте француздық Сулейман Сиссокоға қарсы шайқасты. Ақтық сын жолдамасы сарапқа салынған жауапты кездесуде француз боксшысы өте лас жұдырықтасып, қазақ оғланының маңдайын жарып жіберген соң, біздің батыр ұлымыз алтынға таласа алады ма екен деп, әбден толқығанымыз жасырын емес. Әйткенмен, Сиссокодан айласын асырған Даниярды ердің сойы демеске шара жоқ. Қазақ баласының маңдайын Бразилиядағы дәрігерлер екі мәрте тігіпті. Жеңіске құштар жампозымыздың рингке шықпай қалу қаупі де болған. Алайда, Отаны үшін отқа түсуге дайын саңлақ қайсарлық пен өрліктің керемет үлгісін көрсете білді. Елі үшін аянбай, қаһарына мінді. Елеусінов ашуланса, алынбайтын асу болмайды. Данияр ақтық сында өзбек боксшысы Шахрам Гиясовқа еш мүмкіндік берген жоқ. Қаша жүріп ұрыс салған қазақ баласының қорғанысына, техникасына күллі жанкүйер тамсанды. Қарсыластың шабуылынан шалт қимылмен жалтарып, қарсы шабуыл ұйымдастыра білген Елеусінов алтын жүлде иегері атанды. Бұл алаш асыға күткен алтын еді. Маңдайың жарылса да, маңдайыңа жазылғаны болады. Расымен де солай екен. Даниярдың жеңісінен кейін Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бокстан Олимпиада ойындарынан жетінші алтынына қол жеткізді. Түйіп айтқанда, біздің боксшылар Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтқан емес. Әрине, бұл жанға жағымды статистика әрдайым жалғасты болса екен дейміз! Айтпақшы, Данияр Елеусінов алтын жүлде алған соң ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов көз жасына ерік берді. Тілшілердің «Лондонда бұлай толқымап едіңіз, не болды сізге?» деген сауалына Мырзағали Құланұлы: «Бұл Олимпиадаға өте мықты команда алып келдім. Жігіттеріміздің арманы асқақ еді. Кейбір жігіттеріміз армандарына қол жеткізе алмады», – деп өз ойымен бөлісті. Бас бапкер, бәлкім, төрешілер жолын бөгеген мықтыларымызды меңзеген шығар деп ойладық.
Олимпиада ойындарының алтын жүлдесіне таласқан тағы бір өреніміз, 81 келі салмақ дәрежесіндегі Әділбек Ниязымбетовке күміс жүлде бұйырды. Жартылай финалда ағылшын жігіті Джошуа Буатсиді еркін ұтқан Әділбек ақтық сында әлемнің үш дүркін чемпионы, кубалық Хулио Сезар Ла Крусқа жол беріп, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділовтің нәтижесін қайталады. Естеріңізге сала кетейік, Әділбек бұған дейін Лондон Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған болатын.
Бұрымды боксшыларымыз сапынан Дариға Шакимова тамаша бокс үлгісін көрсетіп жатыр. 75 келіде өнер көрсететін Дариға қыз ширек финалда марокколық Хаджида Мардиден айласын асырып, жартылай финалға жолдама алды. Ал 51 келі салмақтағы үмітіміз Жайна Шекербекова алғашқы кездесуінде жеңіліс тауып, жарысты ерте аяқтады. Ол 34 жасар француз қызы Сара Урамунге есе жіберді. Газетіміз басуға жіберілген кезде қазақстандық былғары қолғап шеберлері аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен 75 келідегі аруымыз Дариға Шакимова жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді. Ваня ағылшын ұлы Джозеф Джойсқа қарсы рингке көтерілсе, Дариға Лондон Олимпиадасының чемпионы, даңқты америкалық Клариса Шилдспен жұдырықтасты. Толығырақ газетіміздің келесі санында хабарлаймыз.
Байрақты бәсекеде ауыр атлеттеріміздің соңы болып жарыс жолына шыққан 105 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Александр Зайчиков қола жүлдеге қол жеткізді. Жұлқа көтеру сынында Саша 185 келілік зілтемірді бойынан асырып, алғашқы мүмкіндікті сәтті орындаған соң келесі кезекте 190, 193 келілік болат темірді де еркін еңсерді.
Серпе көтеру жарысында Саша ә дегенде 223 келілік зілтемірді оңай көтере біліп, кем дегенде қола жүлдені қоржынға салды. Екінші және үшінші мүмкіндіктерінде қазақстандық ауыр атлет 227 келіге тапсырыс берді. Бірақ,жаттығу кезінде одан бірнеше келі ауыр зілтемірді аспанға атып жүрген Зайчиковке 227 келі бағынбады. Осылайша ол қола жүлдемен шектелді. Ал бұл салмақтың алтыны байрақты бәсекелерде ылғи Илья Ильинге жол беріп жүрген өзбек жігіті Руслан Нуруддиновке бұйырды.

Балуан қыздарымыз үш медаль иеленді

Еркін күрестен қазақстандық арулар жасындай жарқырай білді. 2010 жылдан бері Қазақстан атынан сынға түсіп жүрген Гюзель Манюрова Рио Олимпиадасында күміс медальмен күптелді. Бұл – Манюрованың Олимпиада ойындарындағы үшінші медалі. 38 жасар ардагер спортшы 2004 жылы Ресей құрамасының сапында өнер көрсетіп, Афины Олимпиадасының күміс жүлдесін мойнына тақса, 2012 жылы Қазақстан құрамасының құрамында Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
75 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан Гюзель ә дегенде венгр қызы Жаннет Неметті 12:2 есебімен тізе бүктірсе, келесі белдесуінде камерундық Аннабель Алиден айласын асырды. Манюрова жартылай финалда жанкештілік танытты. Ресейлік Екатерина Букинаға 4:8 есебімен жеңіліп жатқан Гюзель белдесудің соңғы секундтарында жеңісті жұлып алды. Алайда қазақстандық спортшы ақтық сында канадалық Эрика Уибеге есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.
Гюзельдің жеңісті жолын 69 келі салмақтағы аруымыз Эльмира Сыздықова жалғады. Жанарынан жеңіске деген құштарлықтың оты ұшқындап тұрған қазақ қызы Олимпиада ойындарының қола жүлдесіне иелік етті. Ол қола жүлде үшін өткен белдесуде мысырлық Энас Мостафоның жолын кесті. Қарсыласынан бір бас жоғары болған Эльмира қыз бірнеше әдемі әдіс жасап, 7:4 есебімен жеңіске жетті. Бұдан бөлек, 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қазақстандық тағы бір балуан қызымыз Екатерина Ларионова да қоржынымызға қола медаль салды. Ол үшінші орын үшін болған белдесуде АҚШ атынан шыққан Елена Пирожковадан мықты екенін дәлелдей білді.
Жалпы, Риодағы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрама командасы қазірдің өзінде медаль саны бойынша өзіндік рекордын жаңалады. Бұған дейін Лондондағы ойындарда 13 жүлде иеленген қазақ елінің спортшылары ол межеден асып кетті. Қазірдің өзінде он бес медаль қоржынымызға түсті. Алда еркін күрес шеберлеріміз бен таэквондошыларымыз сынға түседі. Бәлкім, жүзу спортының шебері Дмитрий Баландин секілді күтпеген жерден алтын алатын бір мықтымыз тасада тұрған болар… Кім білсін?..

GBdM1vWe_mcCesOeul3++CU0

Табиғат АБАИЛДАЕВ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support