- Advertisement -

Болат деген беренмен мақтанатынбыз

159

- Advertisement -

өйткені ол олимпиада ойындарының күміс медалін екі дүркін иеленді

Белгілі боксшы Болат Жұмаділов 1992 жылғы Барселонада өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдаманы жеңіп алса да, өнер көрсетудің сәті түспеді. Олимпиадаға жолдама алып тұрып қатыспау – қиянат. Қанша жерден мықты спортшы болсаң да, алдыңды орап, аяқтан шалатын КСРО-ның кертартпа саясатынан Қазақстанның әлі арыла алмағанының көрінісі еді бұл. 

++img 125++1 1395289_61++0974315612803_1597400283_nБолаттың жолын кескен Константин Копцов деген бапкер болатын. «1991 жылы КСРО жастары Саратовта бас қосты. Одақ чемпионын анықтайтын доданың бәсі жоғары. Бірақ, жарыс маған қиын соқпады. Өз салмағымда бәрін жеңіп, топ жардым. Жеңіп тұрып Олимпиадаға қатыса алмау кез-келген спортшы үшін өте ауыр тиеді. Іштей ыза кернесе де сабыр сақтадым. Менің орныма шыққан Владимир Ганченко медаль алса қуанар едім. Алғашқы жекпе-жекте венгр жігітіне жол берді. Шаршы алаңға шықпай қапаланып жүргенде балуан Дәулет Тұрлыханов басу айтып: «Болат, қамықпа, келесі Олимпиада сенікі»,– деді. Осы сөз мені қамшылады», – дейді Бөкең.
Өкінгеннен не пайда, қайсар боксшы бар күш-жігерін жиып, келесі Олимпиада ойынына қатысып, жүлде алуға бар күшін салды. Үздіксіз дайындық жүргізіп, шүмектетіп тер төгіп, 1994 жылы Иран астанасы Тегеранда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. 1995 жылы Берлинде жалауы желбіреген Әлем чемпионатының ақтық сынына дейін барып, неміс боксшы Золтон Лункамен қолғап түйістіріп, кедергіге тап болды. Золтонның соққысы жойқын болмаса да, ринг қожайыны болғандықтан, төрешілердің бүйрегі неміске бұрды. Жүйкесі темірдей Болат бұл қиянатқа қыңқ еткен жоқ. Ол 51 келі салмақ дәрежесінде сары құрлықта өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін жан жүрегімен сезініп, алдына асқақ мақсат қойды. Талантын еңбекпен еселеген ол 1996 жылы Ташкентте өткен лицензиялық додада өзінің мықты екенін дәлелдеп, жолдама алды. Ел намысын Олимпиада рингінде қорғайтыны анық екенін білгенде, қуанышында шек болмаған еді. Себебі, бұл нағыз мықтылармен шайқасып, өзінің кім екенін дәлелдеуге мүмкіндік беретін ұлы дода еді.
Сол жолы Болат Жұмаділов әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Ә дегеннен шаршы алаңда ширақ қимылдап, қарсыластарын қоғадай жапырды. Ең бастысы – Болат Жұмаділовке бір кездері неміс боксшысы Золтон Лункаға кеткен есесін осы жолы қайтарудың орайы келген еді.
Жартылай финал. Алаңда атой сала жүріп, З.Лунканы айқын басымдықпен жеңген жерлесімізге деген жанкүйерлердің қошеметі көл-көсір болған. Алайда, ақтық айқаста Болат кубалық боксшымен кездесіп, Майкро Ромеро одан небәрі бір ұпаймен айласын асырып кеткен-ді. Алғашқы екі раундта басым тұрған Болатқа осылайша күміс бұйырды.
1997 жылы Будапештте өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз қола жүлде иеленгенімен, араға екі жыл салып, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Әуесқой бокстан әлем чемпионы атанып, көк байрағымызды көкте желбіретті. Сосын, Оңтүстік Кореядағы лицензиялық додада 2-орын алып, Сидней олимпиадасына жолдама иеленді. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындарында ақтық сында таиландтық боксшы Виджан Понлитке есе жіберіп алды. Дегенмен, еліміздің жүлде қорын күміс медальмен толықтырған спортшымыздың бірі осы Болат Жұмаділовпен мақтандық. Осыдан кейін Болат Жұмаділовтің әуесқой бокс тарихында әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері деген атағы қалды.
Төрт ұл, бір қыздың арасында тәрбиеленген бала Болат спортпен жеті жасынан бастап айналысыпты. Тараз қаласында туып-өскен ол осы қаладағы №30 орта мектепте оқыған. Зауытта жұмыс істейтін әкесі Нұретдин баласының ширақтығын байқап, спортпен айналысуын жөн санаған. Алғаш суда жүзу, спорттың күрес түрінің бірі самбомен шұғылданған оның бокска келуінің де тарихы кездейсоқ.
Он екі жасында №43 орта мектепке ауысқан ол өзімен бірге оқитын Ерғали Сейдуллаев, Виталий Ким секілді жаңа достармен табысады. Үнемі жолдастарының жаттығуы мен жарыстарын тамашалап, әрі қызыға қарайтынын аңғарған бапкер оны бір күні бокс үйірмесіне шақырады. Жаттықтырушының ұсынысын құп алған Болат бокс үйірмесіне жазылғаннан кейін қолына бірінші рет былғары қолғап киеді. Жаттықтырушы оны ә дегеннен жақсы қарсыласпен шығарып, шамасын байқап көреді де, өнеріне тәнті болады. Сол кезде болашақ чемпионның бойындағы дарынды байқап, балғын Болатты баулуға ден қойған білікті бапкер Феликс Цой болатын.
Әуесқой рингте 500-ден астам жекпе-жек өткізіп, мерейімізді тасытқан Болат қазір Астана қаласындағы Серік Сәпиев басқа­ратын «Астана арландары» кәсіби бокс клубында жаттықтырушы. Еліміздің дарынды боксшыларын баптап, оларға білгенін үйретуді өзіне парыз санайды. Кезінде өз қабілетін ұштап, жеңісті жолға жетелеген бапкері Ф.Цой мен сол кезде үнемі қолдау білдірген, Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті болған Қайрат Шотбақовқа және жамбылдық жанкүйерлерге айтар алғысы шексіз.
– 12 жасымнан боксты тастағанымша, өте білікті бапкер Феликс Цойдің қарамағында жаттықтым. Сол кісінің еңбегінің арқасында атақтарға қол жеткіздім. Біздің буын Кеңес одағындағы спорт мектебінің түлектері болғанымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азия, Еуропа чемпионаттары мен дүниежүзілік жарыстарда және Олимпиада ойындарында жеңіс жалауын желбіретіп, бүкіл әлем алдында Әнұранымыздың шырқалуына мол үлес қосты. Әлемге қазақ деген елдің бар екенін танытуда, Қазақстан десе өзге мемлекет спортшыларының шаршы алаңға қаймығып қадам басатын дәрежеге жетуіне жамбылдық спортшылардың да қосқан үлесі мол. Солардың көпшілігі – менің бапкерім Цойдің мектебін көргендер. Ол қазір зейнет жасында. Үнемі шәкірттеріне қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беруден танбаған Тихоновичке айтар алғысым мен көрсетер құрметім шексіз, – дейді Болат Жұмаділов.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support