- Advertisement -

Мамандық қастерлісі – мұғалім

100

- Advertisement -

Елімізде білім саласына баса көңіл бөлінуде. Мұғалім мәртебесін көтеру үшін педагогтердің біліктіліктерін арттыру қолға алынуда.
Мектепті басқаруда кездескен түйінді мәселелерге қарап, бұл бастаманың дер кезінде көтерілгеніне көзім жете түсті. Жалпы орта білім беру сатысында кездескен қиындықтардың шешімін Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары педагогикалық шеберлік орталығында тапқандай болдым. Орталықта шығармашыл және жаңашыл шешім іздеу мақсатында әріптестеріммен бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында білім саласындағы тәжірибемді арттыра түстім.
Оған педагогикалық шеберлік орталығының үйлестіруші-жаттықтырушылары Ділдахан Ибрагимов пен Асхат Әлімовтің ықпалы көп тиді.
№25 мектептің өзіндік қалыптасқан бағдары, үлгілі жолы бар. Мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіші көңілден шықты. ҰБТ қорытындысы бойынша Тараздағы алдыңғы 20 мектептің қатарына қосылдық. Бұл, сөз жоқ, мектебіміздегі білімді де білікті ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Мектебімізде түлектердің ҰБТ-ға дайындығын ұйымдастыру ісі дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде мектеп бітірушілеріміз тестілеуде жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бір түлегіміз «Алтын белгі» алды.
Мамандықтың қастерлісі – мұғалім. «Ұстазсыз өмір тұл» деген сөздің де айтылуы бекер болмаса керек. Себебі, қандай мамандық иесі болса да, өнер, шығармашылық өкілдері, белгілі спортшы болсын, алдымен ұстаздың алдынан өтеді, мұғалімнен тәрбие, білім алады. Жоғары білімді педагог болсам да, жүздеген ұстаздарға бағыт-бағдар бере жүріп, өзімнің де үйренерім көп екенін сезінемін. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бекер айтылмаса керек. Білімге ұмтылғанның ұтылары жоқ. Білім – шексіз дария. Сол дария білімді шәкірт санасына дарытатын ұстаздар танымының жоғары, талғамының биік болуы маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда біздің мектебімізде білікті, тәжірибесі мол ұстаздар жеткілікті. Ондай ұстаздарды біз үнемі құрметтеп, еңбектерін бағалап отырамыз. Бұл ісіміз нәтижесіз де емес. Мектебімізде жылдан-жылға оқушылар саны көбейіп, білімнің сапасы артып келеді. Бұл жетістік білікті ұстаздардың еңбегімен келеді.
Шәкірт тәрбиелеуде білікті мамандарға үлкен сенім артылады. ХХІ ғасырда жаңаша көзқараспен өмір сүруге бейім жастарды жан-жақты дайындап, биіктен көрінуіне ықпал ету – абыройлы міндетіміз.

Эльмира Өмірбекова,
№25 орта мектебінің директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support