- Advertisement -

Ақыртас кешені саяхатқа шақырады

129

- Advertisement -

Өңіріміздегі әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі – Ақыртас құрылыс кешені. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол стансасынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалым кезінде өз зерттеулерін жүргізіп, алуан пікірлер қалдырды. Алғашқы осы Ақыртас қаласы туралы жазған адам 13-ғасырдың басында осы өңірге келген қытай саяхатшысы Чин-Чунеле екен.
IMG_43+69 IMG_441++2Ақыртас құрылысын зерттеуші әлем ғалымдарының да сүйенері сол келтірген дерек көздер. Онда Чин-Чунеле: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп жазады. Осы Чин-Чунеленің алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылысқа ең алғаш көңіл аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский болатын. Ол 1864 жылы осы қаланың орнына келіп, Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап, қызықты суреттер салу арқылы өз ойын қағазға түсіреді. Бұдан кейін де Ақыртас туралы қаншама ғалым,зерттеушілер өз ойларын айтып, әртүрлі болжамдар жасайды. Солардың бірі П.И.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В.В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады.
Археолог Т.К.Басеновтің жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Ал осы ғимаратты 1940 жылдан 30 жыл бойы тікелей өзінің бақылауында ұстаған, академик Пацевич былай дейді: «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да құпиясы да, құдіреті де жетеді».
Ал, 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас 8-11 ғасырларға жататын Керуен сарайдың орнына сәйкес деген қорытындыға келген. Өйткені, құрылыс жобасының Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға өте ұқсас екенін байқаған. Тағы да кейбір ғалымдарымыз: «Ақыртас VIII ғасырдың 2-жартысында, яғни, 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салынған. Бірақ, құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас қаласы осы Ақыртас болуы да мүмкін» деген тұжырымдарын айтуда.
Ақыртастың тарихы ашылды. Тағы бір дерек көзі табылды. Ол – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты шежірелік кітабы. Осы кітапта былай деп нақты жазады: «Көркембек тас шебері болған. Оған туысқандары қатты намыстанған. Әулиеата маңынан ел билеушілерге табиғи тұрған тастан үш сарай қашап шығарған. Сарайды мен өзім көзіммен көрдім. Сарай тастан қаланбаған,бітеу тастан қашалған. Көркембек тұрғызған тас сарай үшеуі де мың жылдық десем артық болмас. Бірақ, соңғы үш жүз жылда сондай ғимаратты пайдаланбай босқа қалдырғандықтан, енді ешкі ойнаққа айналған. Тас төбелер тесілген, заман өткендіктен, жел-құздан тастары жарылып мүжілген. Аман жақсы тұрғаны – бітеу белтіреулер. Ең болмаса атамыз Көркембек пен Қуандық Шағанның аты бір жерде жазылып қалар ма еді» деп өкінішін білдіре келе, бұл алып құрылысты бабаларымыздың салғызғаны туралы анық жазады. Тағы да: «Хижраның 693 жылы Қазақ даласында болмаған қатты жұт болыпты» дей отырып, осыдан кейін бұл қалада ешкімнің тұрақтамай мүлдем бос қалғанын ескертеді. Сонда, хижраға 693+622 жаңаша жыл санауды қоссақ, шамамен 1315 жылдардан кейін қаланы ешкім пайдаланбағаны сезіледі. Сарайдың салынғанына мың жылдай болғанын да айтады. Сонда, бұл жазба 1776 жылдары жазылып отырғанын ескерсек, Ақыртас кешен сарайы шамамен VIII-IX ғасырларда тұрғызылғаны және оның құрылысының қазіргі тарихшылардың зерттеулерімен дәл келуі де ғажап емес пе?! Міне, осындай әрбір дерек көзі біз үшін өте маңызды. Яғни, Ақыртастың авторы – Қуандық Шаған мен Көркембек.
Енді осы Көркембек пен Қуандық Шаған бабаларымыз соққан Ақыртастың құпиясына келейік. Бұл тарихи кешен – күрделі құпияға толы нысан. Тіпті мұның құрылысына қарап еріксіз таңғалмасқа амалың жоқ. Ата-бабаларымыздың өркениеттің даму барысында мәдениетімізге қосқан үлкен үлесі болған Ақыртас сарайы – тұла бойы тұтас жұмбақ күйінде аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 70-ке жуық бөлмелері болған. 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар, сырт қабырғаларының ені 5 метр болып, ірге тасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Салмағы бірнеше тонналық тастарды, сыналап қалай сындырғаны белгісіз. Әрбір 20 см аралықта шеңбері 2,5-3,0 см болатын, тереңдігі 5-8 см үңгілеумен қатты тау ағашынан сына жасап сонымен жарып сындырғанға ұқсайды. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан сыңайлы. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналғаны байқалады және су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы немесе діни рәсімдер атқарылатын орындар орналасқан. Қалаға судың жеткізілуінің де өзіндік сол кездері құпиялары сақталған. 4-5 шақырым қашықтықта жатқан Ұзынбұлақ тау шатқалынан осы ғимаратқа су жеткізетін қыш құбырлар желісі әкелінген. Көлемі үлкен шеңберлі 20-18 см, тұрқы 45-60 см, ал қамалдың ішкі бөлмелеріне кіші шеңберлі су құбырлары жүргізілген. Негізі,судың іргесіндегі Ұзынбұлақтан тартылмай сонау бастау басынан тартылуы да екі жағдайға байланысты: бірінші, қамал жау қоршауында қалған жағдайда су жасырын жер асты арқылы қалаға келіп тұруы үшін, екінші, су аязды күндері қатып қалатын жағдайды ескеріп, сонау шатқалдың 4 шақырым қашықтықтағы суы мол қатпайтын бастау табанынан тартылған. Осылайша қаланың ішкі және сыртқы жақтарынан су құбырлары желісі жүргізілген.
Міне, ақиқаты әлі де толық ашыла қоймаған,әртүрлі болжамдарға байланған алып құрылыстың жалпы көрінісі осындай. Бірақ, әлі де оның құпия сырларына қаныға алмаған жұрттың, кейде: «Неге алып құрылыс осы арадан соғылды?» деген қызығушылық сұрақтарын туғызары да қақ. Әрине, әр нәрсенің өз себебі болатындай мұның да өз есебі бар. Біріншіден, төбе астында тас блоктардың жетерлік қоры бар. Екіншіден, іргесінде ағып жатқан мол сулы Ұзынбұлақ өзені болған. Үшіншіден, кірпіш – құбыр өндіруге сары топырақ қоры жеткілікті. Төртіншіден, 40 шақырым күн батысында ежелгі Тараз қаласы, Ақыртаспен бір бағытта әлемді байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында қатар жатыр. Осындай экономикалық және саяси мақсат көздеген де болуы керек. Қалай айтсақ та қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес соншама сәтті атқарылған. Салмақ түсетін топырақ жынысының тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, ірге тасының жерге қазылып орнатылуы, осы айтылған ережелер Ақыртаста өте ұқыпты қатаң сақталынған. Адам айтқысыз ғажап ғимараттың сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 5 метр, әрбір метрге 15 см ішке қарай еңкіш (уклон) ережесін қатаң сақтап отырғаны сүйсіндіреді. Табаны 5 метр, төбесі 3 метр болғанда сыртқы қабырғасының биіктігі шамамен 15 метр болып шығады емес пе? Осындай зор көлемді 5 метрлік 15 тас бағаналардың тізбегі күн батыс терістікке қарай қатар орналасқан.
Тарихы тылсым Тасқаланың әлем мәдениетінен ойып тұрып орын алары ақиқат. Аталарымыздың тарихтың даму барысында сан ғасырлар бойы Еуразия даласын көшіп-қонып жүріп-ақ қала мәдениетін дамытып, әлем өркениетінде мәдениеттің озық үлгісін жасай білгені керемет!

Асылжан Шайділдаев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің «Тарих және археология» бөлімінің ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support