- Advertisement -

Қоғамдық орындар бейнебақылау қондырғыларымен толық қамтылған ба?

137

- Advertisement -

456897Қарапайым тұрғындарға қажеттісі – тыныштық, қауіпсіздік. Біздің елде адам құқығы заңмен қорғалып, барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген. Дегенмен «Құдай сақтанғанды сақтайды». Жақында ғана полиция қызметкеріне айдың, күннің аманында қару кезеніп, оқ атқан қылмыскердің әрекетіне не деуге болады? Бастысы, қылмысқа жол берген адам құрықталды. Сонымен барлығы бітті ме? Жалпы өңірімізде адам көп жиналатын орындарда қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталған. Көпшілік орындарда бейнебақылау бар ма? Көңілді күпті қылған сауал осы.

Қаржы болса, 

қондырғы қойылады

Таразда тұрғындар жиі баратын қоғамдық орындар жетерлік. Әсіресе, шіліңгір шілденің аптап ыстығы апшыны қуырғанда саябақтар сая іздеген тұрғындардан босамайды. Ата-аналарымен бірге бүлдіршіндердің де көп жүретін жері – саябақтар. Ретімен баяндайтын болсақ, орталықтағы Т.Рысқұлов атындағы саябақта бейнебақылау бар. Мәселені білмек болып, саябақ қожайыны Асан Қошмамбетовпен хабарласқан едік. «Т.Рысқұлов саябағында бейнебақылау орнатылған. Алдымен қауіпсіздік жағдайын ретке келтірмей, көпшілікке қызметімізді ұсына алмаймыз. Көпшілік орындарында қауіпсіздікті жолға қоймай болмайды», – деп жауап берді ол. Бәрекелді, дестік біз.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябақта да бейнебақылау бар екен.
– Қаладағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябағында, кейбір аула клубтарында бейнебақылау орнатылмаған. Әрине, алқалы жиындарда бұл мәселе көтеріліп жүр. Аты аталған саябақтарды бейнебақылау қондырғысымен қамту үшін қазынадан қаражат бөлінуі тиіс. Біз әзірге қолдағы бар мүмкіндікпен жұмысымызды жүргізіп отырмыз, – дейді қала әкімдігі тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің басшысы Бақытжан Жақсылықов.
Мұндай заманауи бақылау құрылғысынан Мәдениет ошақтары да тыс қалған. Мәселен, «Баласағұн» орталық концерт залында, қалалық Мәдениет үйінде ғимараттың ішкі жағына орнатылған бейнебақылау қондырғысы ғана бар. Осындай ішкі бақылау қондырғының бірнешеуі орталық стадионға да орнатылыпты. Ал сырттағы жағдайды қалай бақылауға болады?
Бейнебақылау қондырғысы жамағат көп жиналатын мешіттерде орнатылған ба? «Біздің орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде бейнебақылау бар. Қала мешіттерінің бірнешеуі мұндай қондырғымен қамтылған», – деді облыстық мешіттің найб-имамы Ержан Аманбаев. Ал Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітіне жақын күндерде шағын бейнекамералар қойылуы көзделуде екен.
Сонымен, адам көп жиналатын орындардың қазіргі халі осындай. Мәселен, «Жеңіс» саябағы бұл күнде қала тұрғындарының, әсіресе, жастардың жиі баратын демалыс орнына айналды. Ол жерде бейнебақылау қондырғысының болмауы қалай? Саябақ иелері жұрт­тың қауіпсіздігін ойламай ма?

Цифрлар не дейді?

Мәселенің мәнісін білмек болып хабарласқанымызда кейбір мекеменің жауапты мамандары арнайы бейнебақылау қондырғысын ғимараттың ішкі бақылау аппаратымен шатастырды. Сонымен облысымызда 206 бейнебақылау қондырғысы бар екен. Оның жұмысын облыстық ішкі істер департаменті техникалық қамтамасыз ету басқармасы қадағалайды.
– Облыстағы бейнебақылау қондырғыларының 109-ы үлкен даңғылдардың қиылысына, 62-сі қоғамдық орындарға, 13-і оқу орындары орналасқан аумаққа, 19-ы ықшам аудандардағы қауіпті аумақтарға, 3-еуі түзету мекемелеріне қойылған. Бұл қондырғыларды орнатудың өз заңдылығы, талабы болады. Суық күнде орнату қисынға келмейді. Оның үстіне, бір бейнеқондырғының құны 12 мың АҚШ доллары тұрады. Ол үшін облыстық қазынадан арнайы қаражат бөлінуі тиіс. Дегенмен, біздің облыс мұндай қондырғыны орнату жөнінен республикада алдыңғы қатарда, – деді аталған басқарманың басшысы, полиция полковнигі Қарлығаш Ахметова.
Бейнебақылау қондырғысын орнату елімізде 2004 жылдары қолға алынса, біздің облыста алғашқысы 2007 жылы қойылған екен. Содан бері бұл қажетті қондырғының саны 206-ға жеткен. Олардың тұрғындар арасында бұзақылықтың азаюына, жол ережесін сақтауына, орын алған қылмыстың ізін суытпай ашылуына ықпалы зор. Қазіргі таңда Шу, Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың қажетті аумағына бейнебақылау қондырғыларын орнату көзделуде. Мұндай заманауи қондырғының көмегінен аудан орталықтары да тыс қалмайды. Әсіресе, Қырғыз елімен шекаралас Қордай, Меркі аудандарының кейбір аумағына бейнебақылау өте қажет. Өйткені заман талабы осыны алға тартып отыр.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support