- Advertisement -

«Еуро – 2016» додасы қыза түсті

111

- Advertisement -

Қарт құрлық дәл қазір футболмен тыныстап тұр. Төрт жылдықтың басты додасы саналатын Еуропа біріншілігі басталды. Ала допқа аңсары ауатын ағайын бірнеше күннен бері Францияда жалауы желбіреген Еуропа біріншілігі үшін түн ұйқысын төрт бөліп, Германия, Франция секілді футбол алыптарының айқасын көріп, құмарын қандыруда.
Иә, биылғы Еуропа біріншілігі бұрынғысынан өзгерек. Бұған дейін кәрі құрлықтың біріншілігіне кілең «сен тұр, мен атайын» деген 16 елдің командасы қатысып, төрт топтан үздік екі команда ғана ширек финалға шығатын болса, биыл 24 команда Франциядағы чемпионат дуын қыздыруда. Әр топтан озып шыққан екі командадан бөлек, үшінші орынға табан тіреген командалардың ішіне нәтижесі жоғары төртеуі 1\8 финалға жолдама алады. Ұйымдастырушылардың осындай ұтымды шешімінің арқасында биыл жанкүйерлер көп кездесу көру бақытына ие болып отыр.
Әзірге Еуропа біріншілігінің мықтылары саналатын Франция, Германия командалары алғашқы кездесулерін өткізіп, Румыния мен Украина құрамаларынан айласын асырды.
Жалпы, букмекерлік кеңселер дода жеңімпазы болуы мүмкін командалар қатарына Германия мен Францияны қосып отыр. Екі елдің құрамаларына букмекерлер ең төменгі коэффициент ұсынуда. Десе де, соңғы екі Еуропа чемпионатында қатарынан оза шапқан Испания командасы, барлық турнирге көшбасшы ретінде келмесе де, жақсы ойын өрнегімен көзге түсе білетін Италия, футболдың отаны саналатын Ұлыбритания, еуропалық бразилиялықтар деген бейресми атауы бар Португалия елінің үкілі үміттері де қарап қалмасы анық. 2004 жылы Еуропа чемпионатында жасындай жарқ ете қалған Грекия елінің өрендері секілді Исландия, Австрия командаларының да сенсация жасамасына кім кепіл? Түйіп айтқанда Еуропа біріншілігінің қызығы топтық кезең аяқталған соң басталатын сияқты. Бұл додаға германиялық Марко Ройс, француз Карим Бензем секілді жұлдыздар қатыспайды. Жарақатына және өзге де себептерге байланысты өзге де бірқатар футбол жұлдыздары «Еуро – 2016» додасына келе алмады. Франциядағы теңбіл доп додасында жасындай жарқырап жаңа есім пайда болса, біріншіліктің жаңалығы да сол болмақ.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support