- Advertisement -

Қара қарға

171

- Advertisement -

Көз алдымнан жалпылдап ұшып жүрген қара қарға кетпей қойды. Сәулегүл әпкенің айтқан әңгімесіндегі жантүршіктірерлік оқиғалар осылай көлбеңдеп елестей берді…
Аласапыран заманда әупірімдеп аман қалған әкенің тағдыры, төркіні жайлы сөз қозғала қалса, көз жасы құрғамайтын ананың зары оны ерте есейткен екен. Бала болып асыр салып ойнайтын шағында шешесінің қас-қабағын бағып, өткен күндердің ауыр естелігін құлағына құйып өскені де содан шығар, бәлкім. Бірақ, кейінгі өмірінде осы құймақұлақтығының пайдасын көрмесе, зияны тие қойған жоқ. Ең бастысы, ата-анасының өткен өмірі өзінен кейінгілерге өнеге болып қалды.
«Анам Мінтай (шын аты – Жарылқасын) көзі жұмылғанша аузынан түспеген, ойынан шықпаған өмірінің осы бір бөлшегі туралы әңгімесі халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан, малын тартып алып, жаппай ашаршылыққа ұрындырып, қырып-жойған сол замани саясаттың құрбаны болған қазақ отбасының тарихы, көрінісі деп ойлаймын. Өзім ес білгелі қанша естісем де, естуден жалықпаған осы бір тарих, әр айтқан сайын анамның көл болып төгілген көз жасы қазақ даласында көмусіз қалған, шейіт болған ашаршылық құрбандары ата-бабаларымыздың жоқтаған жоқтау зарындай, рухтарына бағыштаған хатым Құранындай көрінуші еді маған.
Анам көз жасын жасырмайтын. Егіліп отырса да, сөзін жалғай беретін. Анамның айтуынша, нағашы атам ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей ірі болыпты. Мерген екен. Шешем: «Бір күні әкем аспанда ұшып бара жатқан құсты атып түсірді, баламын ғой, мұны өзімше мақтаныш көріп жүрдім. Мына бала (інім Бәдірханды айтады) менің әкеме тартқан, мергендігі бар», – деп ортасында қосып қоятын. Шешемнің әңгімесі таусылмайтын хикаядай көрінетін», – дейді Сәулегүл әпке.
Сәулегүл бала Мінтайдың көңіліндегі арманын ақтарып отыр. Өзі де іштей толқып отырған сыңайлы. Қарақат көздері меймілдеп жасқа толып тұр. Үні де дірілдеп, бәсең шығады. Әңгімені де өте шебер айтады, қолына қалам алып, қазіргі айтып отырғандарын қағазға түсірсе, бір сырлы дүние шығар ма еді деген ой келді менің басыма. Айтушысы жақсы болса, сөз де бір шөліңді басар сусын секілді екен. Бас алмай сіміріп ішіп, енді соның таңдайымда қалған дәмін талмап отырғандай күйге ендім. Көз алдымда тұлымшағы желбіреген кішкентай Мінтай…
Түстері суық, жүрісі суыт бес-алты атты кісі келіп, ақ нарды алдына салып айдай жөнелгенде, Мінтай қорыққан жоқ. Жүгіріп далаға шығып еді, атасы: «Бәрін алдыңдар ғой ақ нар малымыздың басы еді, қалдырыңдар», – деп еңкілдеп жылап тұр екен. Көзінен тарамдап аққан жасы ақ сақалын жуып кетіпті. Бірақ, қарттың сөзін құлағына ілер жан бар ма?! Атасына қосылып, бұл да жылаған сонда.
Сонау бір сүреңсіз күндер Мінтайдың жадында сурет болып сақталып қалған. Қым-қуыт заман, күнде атыс-шабыс. Әлі келгендер әлсіздің қорасындағы соңғы тұяғын да тартып алып жатқан кез. Әсіресе, сол бір сұмдық оқиға әлі күнге көз алдында. Түн ортасы ауып қалған екен, абыр-дабыр дауыстан шошып оянды Мінтай. Үйді ортасынан бөліп, шымылдық құрулы тұр, анасының даусы сол жақтан шығады. Болыскей керуеттен сырғып түскен бойда шешесіне жүгірген. Жерде ағасы мен әпкесі, анасы екеуін құшақтаған күйде аңырап жатыр. Әкем мені құшағына алып, кеудесіне қысып ұзақ тұрды. Жүрегі тарсылдап қорқып кеткен бұл бір жаманшылықтың болғанын түйсінген. Сол жамандық отбасын айналдырып, біржола құрсаулап алғанын да оның сәби жүрегі сезіп, бұлқынған еді.
Ертесіне анасы Мінтайдың құлағына сыбырлап: «Қызым біз енді жердің түбіне кетеміз», – деді. «Әкеңді қуғындап жатыр, жазығы жоқ, «бала да, қыз да жолына құрбан болды» деген тағы. Неге деп бұл сұрай алмаған. Содан кейін бірде ат үстінде анасының алдында отырғаны, біресе жүк артқан түйеге мініп, ұзақ жол жүрді. Таулардың ішінде тауды кертіп, үңгірлей кеулеп жасаған жота, үйшіктер қалыпты көз алдында. Бірде әкесінің анасына сыбырлап: «Мен Әлдешке сенбей келемін, соңымызда қуғын бар ма деп ойлаймын» деген сөзін естіп қалды. Әлдеш деген кім?
Іле өзеніне жеткенде үлкендер «Су ішсең, аштықты басады, күш береді» дегенін біледі. Арғы жағы еміс-еміс. Әкесінің айтқаны айдай келді. Көш орта жолдан үзілді. Мал-мүлік, жиған-терген, көлік-құрал бәрін алып, қуғыншылар көшті кері қайтарды. Бастап жүрген Әлдеш екен. Міне, содан кейін Әлдеш есімі мұның жадында ең бір опасыз жанның бейнесінде сақталып қалды.
Тағдырдың небір ауыр соққысына бой бермей келе жатқан анама мына опасыздық жай оғындай тисе керек. Анам екі бүктеліп бауырын жаза алмай қалды. Бірте-бірте жүріп-тұрудан қалды. Анасының сол кездегі жалынышты көзқарасы қалыпты есінде.
Бұл шешесінің қош айтысқаны екен. Іштей өзін алда не күтіп тұрғанын білсе де, сол жолы мұның басынан сипап, бетінен сүйіп жұбатып: «Бара ғой, қызым, өзіме-өзім келіп жүруге жараған соң, арттарыңнан қуып жетем», – деген. Бірақ, артынан іздеп келмеді.
– Анам сол кезеңді қара қарғаның күні туған заман деп айтып отыратын. Оны бала шағында жадында қалған жантүршіктірерлік оқиғаға байланысты айтқан екен. Сол сапарда анадан айырылғаны аздай, жолда аштықтан қырылып жатқандарды көріпті. «Бірде әкем жерден таяқ алып, әлденені ұруға ыңғайлана бастады. Ол не болды екен деп қарасам, алдымызда бір адам келе жатыр. Төбесіне қара қарға қонып алып, әлгінің екі көзін шұқып келеді. Құсты ұшыруға шамасы келмеген бейшара тек ауаны қарманады. Әкем қарғаны таяқпен ұрған болды… Қарғалардың заманы сонда туған», – дейтін анам сүлесоқ отырған қалпы.
Содан ұзақ жүріп әкесі екеуі бір қалаға келіпті. Онда кіреберісте босқындарға арнап асхана ашып қойған екен. Айыр қалпаққа айырбастап бір күрішке (иә, тостаған емес күрішке) кеспе көже алыпты. Ол жерде тұрмыста әпкесі бар екен, қалада ата-енесімен тұратын көрінеді. Сол үйді паналапты. Бірақ, құдаларының қабағына көңілі толмаған білем, әкесі жұмыс іздеп, күнкөріс қамын жасайын деп кетіп, содан оралмапты. Ал әпкесі Мінтайды ата-енесі жақтырмаған соң «Бай баласы қайдан келді, басымыз бәлеге қалатын болды» дегенін күнде естігісі келмей, интернатқа тапсырыпты. «Әкем келген соң алып кетеміз» деген екен кетерінде. Тағы бір айтқаны жадында: «Ұмытпа, әкеңнің аты – Сәтікей, анаңның аты – Ханым, қосқұлақсың».
«Әпкемнің бейнесі әлі күнге көз алдымда. Бірақ, аты есімде қалмапты. Апа деп жүрдім. Өз атымның Мінтай екеніне кейде күдіктенемін, расында», – дейтін анам.
Сәулегүл күрсінді.
– Анам айтқан қала Алматы болуы керек. Өйткені, кейін интернатты Қастекке ауыстырып жіберіпті. «Ол жерге Жамбыл ата келіп, балаларға домбырамен өлең айтып беретін. Біраз уақыттан соң бір түні бізді Шу қаласының балалар үйіне көшірді. Осылай мен тағдырдың сынағынан құтыла алмай қалдым» деген анам бір сөзінде.
Шешем ата-анасының тағдырын айтып зар жылайтын. Әпкесін де іздеп, алаңдап өтті өмірден. «Қайда олар?» деген сұраққа жауап іздейтін. «Мені іздеп жүрегі талды ма? Таба алмай зар жылап қалды да? Жанымды кемірген бұл сұрақтарға жауапты кім береді? Жауапсыз сұрақтарымды жүрегіммен, өзіммен бірге ала кетем-ау», деуші еді менің қайран анам жүзін жуған жасын да сүртпестен. «Шүкір» дейтін еді тағы. «Сендерді берген Аллаға мың алғыс, енді менің әкем де, шешем де, бауыр-туысқаным да өздеріңсіңдер», – деп, мінәжатын айтып, Құдайға құлшылық жасар еді.
Осыны айтқанда Сәулегүл де көзіне жас алды. Менің көз алдымда ата-анасының тым болмағанда қара жер қойнына арулап жуып, ақымдап қойылмағанын ойлап, арманда өткен Мінтай апа елестеді. Жердің түбінде болса да, сүйегі қалған мекенге іздеп баратындай болып, егіліп өткен жанның мұңы жүрегімді жаншығандай.
«Біз анамызды жұбату үшін бір жылы сөз таба алмай қиналушы едік. Жұбату мүмкін де емес еді. Шешем солай армандап, дүниеден өтті. Мынау қазақ даласында сондай жандар көп-ақ шығар», – деді Көкдөнентауды көлбеңдей алыстап кеткен өткен күндерді есіне алған Сәулегүл.
Жазықсыз жапа шегіп, ашаршылықтың құрбаны болған, қуғынға ұшыраған, қайран ел. Аласапыран заманға кез қылған опасыз тағдырға наласын айтқан, бөкендей босып, арқардай ауа көшкен, қайран жұрт. Артыңда қалған аш-жалаңаш ұрпағың жетілді бүгін. Олар қазақ даласында енді қарғалар жалбаң қағып ұшпаса деп тілейді.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support