- Advertisement -

Ала Тоонун ар жагында кыздар ойнап жатышат

292

- Advertisement -

жамбылдық делегация Қырғыз Республикасындағы Шу облысын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап қайтты

160527-223 160527-247 160527-258Алатаудың арғы бетінде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан айыр қалпақты ағайын бар. Ол – қырғыз халқы. Сәлемі ғана түзу емес, сөзі, салты, мәдениеті ұқсас қос халықтың достығы ғасырлар бойы бірге жасасып келеді. «Қырғыз – қазақ бір туған» деп бауырлас ағайынды ата-бабаларымыз жатсынбай, ең жақын, туыс ел деп таныған. Жуырда Қырғыз Республикасының Шу облысының 90 жылдық мерейтойына арнайы атбасын бұрып, көрші,  ағайын елдің қуаныштарына ортақтасып қайтқан бір топ жамбылдықтар екі ел арасындағы ертеден жалғасып келе жатқан достық көпірдің одан әрі беки түсуде екенінің куәсі болды. Аста-төк тойдың сыйлы қонағы болған жамбылдықтар қырғыз елінің ыстық ықыласына, қонақжай пейіліне, ақжарма сезіміне бөленіп қайтты.

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бастап барған жамбылдық делегацияны қырғыз ағайындар шекара аумағынан күтіп алып, Шу облысының ең бір табиғаты көркем, таулы аймағы – Сокулук ауданындағы Күнуу және Чоң-Жар ауылдарының маңында ұйымдастырылған тойға алып келді.
Облыстың тоқсан жылдығына арналған той барысында аталмыш қос ауылдың аймағындағы, Қырғыз Алатауы жоталарының етегіндегі жазиралы алқап бейнебір өткен ғасырдағы тіршілігі мамыражай, берекесі тасыған қырғыз ауылына айналғандай. Тау бөктеріндегі еңісті жағалай тігілген киіз үйлердің көптігі соншалық, көз сүрінеді. Сегіз, он екі қанатты әр киіз үйлердің қасындағы асулы қазан, тізбектеліп құрылған алтыбақан әткеншектері, ұлттық киімдер көрмелері де әдемі жарасымға ие болған. Қыз-бозбалалардың алтыбақан аясындағы басқосуда, «Алтынчы күннің кешінде», «Айылдың арғы жағынан» секілді ырғақты қырғыз әндерін қосыла шырқауы, қарттар мен жастар жағы өзара үш ішекті қобызбен әйгілі «Манас» және Тоқтоғұл жырларын жатқа жарыса жалғап айтулары да көрер көзге керім, тыңдар құлаққа жағымды әсер сыйлады. Қазақтарға да ортақ «теңге ілу», «қыз қуу», «күрес», «тоғыз құмалақ» секілді ұлттық ойындары да кезекпе-кезек өтіп жатты.
Осындай дүбірлі тойдың салтанатты шарасы алқаптың биік тұсында орналасқан алып сахнадан көрініс тауып отырды. Онда қырғыз еліне танымал өнер майталмандары ән мен күйден шашу шашып, әдемі билерімен қалың көрерменді тәнті етті. Театр өнерпаздарының сахналық көріністері де көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұдан соң Қырғыз Республикасының Премьер-министрі С. Жиенбеков құттықтау сөз сөйлеп, Шу облысының тоқсан жылдық мерейтойы – бүкіл елдің қуанышы екенін атап өтіп, осы секілді қырғыз даласындағы игі тойлар әрдайым тарқамауын тіледі. Ал Шу облысының губернаторы Бақтыбек Құдайбергенов облыстың ғасырға жуық тарихына көз тастап, ой жүгіртті. Түрлі деректерді тілге тиек еткен ол қонақтар мен жиналғандарға облыс құрылғаннан бері, тоқсан жыл ішіндегі маңызды оқиғаларды тізбектеп, өткен күннен татымды естеліктер айтты. Бұдан соң мәртебелі меймандар ізгі тілектерін жеткізді. Жамбылдық делегаттардың атынан сөз алған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев екі елдің достығы, татулығы туралы сөз қозғап, меймандос пейілі мен ұлттық мәдениеттерінде де ұқсастықтар көп екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Абдалы Тоқбергенұлы көршілес екі елдің шекаралас Жамбыл және Шу облыстарының экономикалық қарым-қатынасының сәт санап нығайып келе жатқанын негізге алып, аталмыш облыстың тойы қазақстандықтардың, әсіресе, жамбылдықтардың да ортақ мерекесі, қуанышы екенін айтты. Той иелерін зор ықыласпен құттықтап, сый-сияпат жасады. Қырғыз ағайындарға жамбылдық жайсаң жұрттың қонақжай құшағы қашанда айқара ашықтығын жеткізді.
Бұдан соң, жамбылдық меймандарды қырғыз ағайындар күйіз үйден дәм татқызып, жыршы-термешілердің өнерін тамашалатты. Ақ дастарқан басында Ұлы Жамбыл мен Тоқтоғұлдың достығы, Манас жырын қазақшалап, қағазға түсірген Шоқан Уәлихановтың, шығармаларында қазақ даласы туралы әдемі естеліктер қалдырған адамзаттың алыбы атанған жазушы Шыңғыс Айтматовтың еңбектері хақында жан-жақты ойлар қаузалып, тұшымды әңгімелер айтылды.
– Бүгінгі Шу облысының тойы – барша қырғыз халқының мерейлі мерекесі. Шу облысы – халқы өте тығыз орналасқан, жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендейтін көп ұлтты өңір. Сонысымен де ерекшеленеді, Жамбыл облысымен ұқсастығы да осында жатыр деп білемін. Бұл тойға он шақты елден қонақтар шақырылған болса, солардың бірегейі – сіздерсіздер. Айта кету керек, мерейтой барысында бұл маңға жүз елуге жуық киіз үй тігілді. Солардың бәрі қонақтардың құрметіне арналуда, – деді өзін ұйымдастырушылар тарапынан деп таныстырған Мақсұт Тұтқабаев.

 

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Виктор Барбаш.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support