- Advertisement -

Азаматтың асқақ абыройы

197

- Advertisement -

Тәуелсіздік. Осынау қастерлі ұғымның астарында қаншама мағына жатыр. Өз алдына дербес ел болған мемлекетіміздің қалыптасу, өсіп-өну жолында ел азаматтары қыруар тірлік тындырып жатыр. Олардың арасында қадау-қадау мемлекетшіл, елжанды азаматтардың болуы еліміз келешегі кемел, өзіндік бағыт-бағдары бар, бейбітшіл, іргелі ел ретінде әлемге танылды. Сөз жоқ, мұның бәрі қазақ елінің бақыты десе болғандай.
Өмір жолы бай, Отанға деген адал қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық осындай атпал азаматтың бірі жайлы әңгіме қозғаудың сәті түскен сияқты.
Қазақстан Қарулы күштерінің генерал-майоры Мейрамбек Мұхатовты терең түсініп, жан-жақты біліп, оның қандай азамат екеніне көз жеткізу немесе мінездеме беру үшін алдымен ақыл, білім мен өмірлік тәжірибе және уақыт керек. Оның өзіне тән бойындағы жұмбақ қасиеттерін көңілдің, жүректің, сезімнің көзімен ғана танып, білуге болады.
Біз білетін Мейрамбек Садуақасұлы атадан келе жатқан жақсы қасиеттерді де бала кезінен бойына сіңіре білген азамат екендігін танытып келеді.
Ол 1956 жылы Талас ауданы, Үшарал елді мекенінде көп балалы отбасында дүниеге келіп, Жамбыл (Тараз) қаласындағы №5 Жамбыл атындағы орта мектепті үздік бітіреді. Сол жылы зерек баланың жолы болып, Жамбыл технологиялық институтына оқуға түседі, «бухгалтер-экономист» мамандығын меңгеріп, жолдамамен Қостанай облысы, Наурызым ауданының астық қабылдау мекемесіне бухгалтер болып орналасады. Мекемеге «тарыдай болып кіріп, таудай болып» қалыптасады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мейрамбек Жамбыл қаласындағы «ГлавҚаратаухимстрой» басқармасында аға ревизор, кейіннен бас ревизор болып қызмет атқарып жүргенде, Жамбыл қалалық партия комитетінің арнайы жолдамасымен еңбекте ысылған, тәжірибелі жас маман облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке қабылданды.
Онда жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, Меркі ауданында МҚК-нің бөлімше бастығы болып қызметтер атқарады.
Бұл қызмет қанжар жүзіндей өткір, аса байыппен, он ойланып, жүз толғанып барып, мұқият шешім қабылдамасаң, оның екінші жүзі – өзіңді осып түсетін жұмыс. Ол үшін қай жағынан да сауатты, ой-өрісі кең, ақыл-ойы мығым, сенімі мықты болуы керек. Мейрамбек өзіне жүктелген қызметті әділ, мұқият орындай жүріп, өзінің бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік пен ұйымдастыру сияқты қабілеттері одан әрі ашыла түсті.
Турашыл, шын сөйлеп, ақ жүруді өмірлік серігі еткен өзінің темірдей берік ұстамдығы, талапшылдығы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басшыларының назарына ілігіп, алғыр, білімді маманды көп кешікпей Алматыға орталық аппаратқа қызметке шақырады. Бұл кезең Мейрамбектің құқық қорғау саласында шыңдалу, тәжірибе жинақтау, әріптестерімен жұмыс істеудің қыры мен сырын үйрену мектебі болды. Қызметтегі бұл жиып-терген тәжірибелері Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Астана қаласы бойынша МҚК төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары болып жұмыс істеген жылдары өзінің жемісін берді.
Жоғарғы лауазымды қызметінде Мейрамбек Садуақасұлы көзге көрінбейтін, құпиясы терең жедел-іздестіру қызметінде үздіксіз ізденістер бағытын ұстанды. Қарамағындағы қызметкерлерден үнемі тың ұсыныстар мен жаңа бағыттағы іс-қимылдарды талап етіп, оларды шыңдады, тәрбиеледі, қамқор болды.
Мейрамбек Мұхатов еліміз егемендік алған жылдары жаңа құрылған Республикалық ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери қарсы барлау департаментінің бастығы болып тағайындалды. Одақ кезінде бұл сала тікелей Мәскеуге бағынатын, тіпті полковник лауазымына да орталықтан жіберетін. Осыдан-ақ сол жылдары Мейрамбек Садуақасұлына жүктелген жауапкершіліктің қаншалықты зіл батпан болғанын біле беріңіз.
Десек те, бұл қызметте де ары мен абыройына дақ түсірмеді, керісінше, алғыстарға бөленіп, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы қауіпсіздігін нығайту мен жетілдіруге қосқан қомақты және жеке үздік үлгісі үшін чекистер әлемінде жоғары сый-сияпат болып саналатын ҰҚК, ФСБ (Ресей), КГБ (Беларусь) мемлекеттері басшыларының сыйлаған төсбелгілерімен қатар, 18-ден аса қызметтегі ерен еңбектері үшін мемлекеттік, мерекелік медальдарымен марапатталған еді.
Ерліктерге пара-пар қызметте қол жеткізген жетістіктері мен Отанымыздың қауіпсіздігіне қосқан үлестерін ескеріп, бағалай келе, 2013 жылы Елбасының Жарлығымен Мейрамбек Мұхатовқа «Генерал-майор» жоғары әскери атағы берілді. Бұл нағыз кәсіби маман ғана қол жеткізе алатын жетістік болатын.
Ұлы Отан соғысы жылдарында, соғыстан кейінгі ауыр бейбіт өмірде, елдің еңсесін тіктеу кезінде әкелеріміз бен аналарымыз ауылда иықтаса жүріп еңбек етті. Сонымен қатар, өмірге іркес-тіркес бала әкеліп жатты.
Міне, сондай аналардың қатарында Талас ауданы, Бостандық ауылының Талапты бөлімшесінде тұратын, он баланы өмірге әкеліп, «Батыр ана», «Алтын алқа» төсбелгілерінің иегері Күлтай Мұхатова сынды аяулы ана да бар еді.
Бұл күнде сексен жеті жасты жасап отырған Күлтай апа әлі тың, санасы сергек. Жары Сәдуақас Мұхатов 1928 жылы Үшарал ауылында өмірге келіп, сол заманғы қиындықтың бәрін бастан кешеді. Ұлы Отан соғысы басталып, бозбала Сәдуақас ауылдың ауыр бейнетіне жегіледі. Тылда тер төгіп, жеңісті жақындатуға үлес қосады. 1947 жылы жас Күлтаймен көңілі жарасып, шаңырақ құрады. Бейнетпен өткен жылдары он ұл-қызды дүниеге әкеліп, өмір көшіне қосады. Өкініштісі өсірген ұл-қызының қызығын көрмей, Сәдуақас қария ертерек өмірден озды.
Әркімге өз әкесі – асқар тау, биік шың. Баланың ең алғаш бой түзеп, өмірлік жолын айқындайтын, бағдар беретін де сол – асқар таудай әке. Мейрамбек сынды елжанды, қайсар ұл сыйлап, тұяқ қалдырған әкенің әлемі үлгі-өнегеге бай деуге болады.
Реті келгенде абыройлы азаматтың биікке көтеріліп, шыңға самғауына адал жары, өмірдегі сенімді серігі Алма Абдуллақызы көркіне ақылы сай келіп, үйде барлық жағдайын жасап, түзде тілеуін тілеген қасиетін айта кету орынды. Ұлағатты отбасында тәрбиелі ұл-қыздар өсіп, олар тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында еңбек етуде.
Тағы бір байқағанымыз, шағын ғана Талапты ауылынан елге белгілі қоғам қайраткерлері, елдің қамын ойлайтын кәсіпкерлер мен көптеген заңгерлер, генерал да шығыпты. Қаймағы бұзылмаған, тұнып тұрған киелі жер екені көрініп тұр.
Бұл күндері ұл-қыздарынан 31 немере, 33 шөбере сүйіп, олардың қолынан бал татып, алақанынан май татқан асыл ана Күлтай апа ауыр еңбектің зейнетін, рахатын көріп, ұрпақтарының қамқорлығында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Тілектес Ерімпашев,
запастағы полковник, ҰҚК-нің Құрметті ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support