1916 ЖЫЛДЫҢ АҚИҚАТ ТАРЫ

1916  ЖЫЛДЫҢ АҚИҚАТ ТАРЫ
ашық дереккөз
1916 ЖЫЛДЫҢ АҚИҚАТ ТАРЫ

Сарғайған архив құжаттарын аударыстырып отырып бір қазынаға тап болдық. Үстіміздегі жылы жүз жыл толатын 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей қатысты құжатты алыстан емес, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінен табу  – расында да  қазына.  Тағы бір ерекшелігі бұл тарихи құжаттардың 1916 жылы 29 тамызда Әулиеата өңірінің Көшеней, Меркі, Шу, Қордай мен қырғыздың Шалдауыр, Қарабалта, Сусамыр  өңірлерін шарпыған Ақкөз батыр бастаған  көтерілісіне тікелей қатысты болуы өңір шежіресін толықтыра түсетін дүние екендігі даусыз.

 

67Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Қазақстанның Құрметті журналисі, архивтанушы.

Бірінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған кезінде Антанта блогының мүшесі – Ресей аз ұлттардан қара жұмысқа майданға адам алуға шешім қабылдады. Патшаның 1916 жылдың 25 маусымындағы бұл жарлығы қазақ халқының ашу-ызасын туғызды. Соғыстан қалжыраған патшалық Ресей бұратана халықтарға салынатын салықтың мөлшерін ұлғайтты. Мәселен, 1914 жылы Түркістан халықтарынан алынатын салықтың мөлшері екі есе өсті. Түтін басына салынатын салық 3 рубльден 8 рубльге дейін көтерілді. Бір пұт ұнның бағасы 94 тиыннан 40 рубльге дейін жетті. Бұған қоса майдан үшін қосымша салық салынды. Осылай жағдай ушығып тұрғанда патша аз халықтардан 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарды тыл жұмысына алу туралы шешімі даланы дүр сілкіндірді. Без-имени-4 Без-имени-2 111111111111916 жылы 10 қарашада қазақтың біртуар азаматы, инженер-тарихшы М. Тынышбаевтың қазақ уездерінің болыстарында көтерілістің орын алу себептері туралы жазған хатына орай Әулиеата уезінің бастығы С.Н.Кастальскийдің Сырдария облысының әскери губернаторы А.С. Мадритовке берген түсініктемеде өңірде болған көтерілістер мен олардың басшылары туралы айтады. Әулиеата уезінде Ұлт-азаттық көтеріліс Әулиеата ауданының Көшеней болысында басталды. Кастальский Нұрбек Қалыбеков деген азаматтың көтеріліс-шілердің басшысы болғанын, жазалаушы отрядқа шабуылдағанын айта келіп, оның қазір абақтыға жабылғанын хабарлайды. Көшеней болысында қарсылықты ұйымдастырушылардың бірі би Бошай Мойнақов болғанын білдік. Алайда оның әрекеттері туралы деректі кездестіре алмадым. Архивтің 1928 жылғы құжаттарында Бошай Мойнақов туралы деректер баршылық. Ол Әулиеата ауданынан ірі бай ретінде тәркіленгендердің әрі жер аударылғандардың қатарында болғандығы жөнінде дерек бар. Патша жарлығына қарсы шыққандардың бірі – Әулиеата уезінің Арғын болыстығының бұрынғы болысы Қалмұхамед Танкин. Осы ауылдың азаматы мұғалім Өтегенов көтерілісшілердің талаптары мен өтініштерін жазып бергені үшін айыпталған. Әулиеата ауданындағы бұл наразылықты жергілікті жұрт «Аманқұл көтерілісі» деп атаған. Сонымен бірге Қордай қазақтарының да толқуы туралы деректер бар. Бұлардың барлығы Меркі-Шу көтерілісімен арқаулас екені тарихтан белгілі. Осы көтерілістен бір ай бұрын шілде айында Көшеней болысында (қазіргі Байзақ ауданының Түймекент ауылдық округі) патшаның қазақтарды қара жұмысқа майданға алу туралы 25 июнь күні қабылдаған жарлығына қарсылық көрсетіп, Шу приставының орман қарауылын өлтіруден басталып, елді мекендерге шабуылы жалғасты. Бірақ бұл қарсылық тез арада жаншылды. Бәрінен де Әулиеата уезінің Меркі өңірінде болған көтерілістің екпіні, ұйымдастырылуы ерекше болды. Осы көтеріліске қатысқан, ақыл-кеңесін берген Тұрар Рысқұлов: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс - Әулиеата уезінің, әсіресе Меркі ауданының қазақ елінің көтерілісі болды... Бұл уезде көтеріліс Көшеней болысынан басталды». Сонымен бірге Тұрар Рысқұловтың деректерінде көтеріліске қатысқандарды аяусыз жазалағаны жөнінде де дерек бар. Жазалаушы отрядты басқарған Бундиров деген прапорщик қолға түскен 150 көтерілісшіні Ново-Троицкіден (қазіргі Шу ауданының орталығы Төле би ауылы) Меркіге дейінгі арлықта жол бойы атып өлтіріп келген. Тұрардың айтуынша осы Бундиров Ташкентте эсерлер партиясының құрамында 1918 жылы советтер съезіне қатысқанын айтқан. Осы отряд қазақтардан 4340 қой, 23 түйе, 225 сиырын тартып алған. Оны орыс мұжықтарына таратып берген және солдаттардың асханасына алған. Бұдан да басқа жазалаулар болған. Мәселен Алматы облысының мемлекеттік архивінің 519-қорында Қордай ауданынан 1928 жылы тәркіленген байлар туралы құжаттардың бірінде көтеріліске қатысқан 72 адамды су толтырылған ұрада атылғаны, екіқабат әйелдің ішін жарып өлтіргені туралы дерек бар... Осы көтеріліске қатысқаны үшін Тұрар Рысқұлов бастаған бірнеше жастар тұтқындалғанымен артынша уақытша өкіметтің рақымшылдығымен босатылды. Түрмеден шығысымен Ташкентке оқуға түспек болып кеткен Тұрар 1917 жылы Петерборда басталған ақпан төңкерісінен кейін көктемде Меркіге қайта оралды. Ол осында «Қазақ жастарының революциялық одағын» («Бұқараны») ұйымдастырды. Бұл туралы Тұрардың серіктерінің бірі Үсіп Сатыбалдинов нақты деректер келтіреді. Көтеріліс басылғаннан кейін, ауылдағы қазақтар мен орыстар арасында өшпенділік бұрынғыдан да өрши түскен. Ақ патша құлап, Меркіде совет өкіметі орнағанымен бұл келеңсіз әрекет тоқтамады. Оның басты себебі көтеріліске қатысқан және қолдаған қазақтарды жазалауға орыстардың мұжықтарына дейін қатысуы еді. Оларды приставтар тиімді пайдалана білді. Қолдарына қару беріп, қазақтардан тартып алған малды бөліп беру арқылы ынталандырды. Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков: «Түркістандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегені осы кезде анық көрінді. Сонымен бірге кулактарға аш қазақтарға азық-түлік бермеуін тапсырды. Жергілікті тұрғындарды екінші-үшінші сұрыптағы адамдар ретінде ғана білді. Қоғамды, экономиканы, тіпті адамды өзгертуге болады, ал тарихты өзгертуге болмайды! Осындай жағдайдың болғаны рас. 1918 жылдың сәуір айында Меркі орыс және түземдіктер мектебінің түлектері басшылық жұмыстарға тартылды. Ал жиырма төрт жасар Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік советінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Билік, ең алдымен, оның алдына жергілікті халық пен орыстардың арасындағы өшпенділікті жою және аштыққа қарсы күресті ұйымдастыру міндетін қойды. Көп ұзамай ол орынбасарлықтан басшылық қызметке көтерілді. Сол кездегі Тұрар Рысқұлов қол қойған, сарғайған тарихи құжаттарды ақтарып, зерделегенде билік ең алдымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше мән мен маңыз бергенін аңғарасыз. Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін мешіттер мен шіркеулерді тиімді пайдаланған. Сол жылдары Әулиеатада 30-дан аса мешіт болған. Қазақтың тағы бір қайраткер азаматы Мұхамеджан Тынышбаев 1916 жылы Сырдария губерниясының әскери губернаторына жазған хатында көп мәселелерден хабардар етеді. Тіпті, көтерілісшілерден қорқып, Әулиеата қаласының сыртынан айналдыра ор қазылғандығын, орыс мұжықтарын қазақтарға қарсы қаруландырғанын айтқан. Жалпы, Меркіде болған көтеріліс туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Көркем туынды да, ғылыми еңбек те жазылды. Ол көтерілістің бағасы берілген. Сондықтан да оны қайталаудан аулақпын. Менің бұл тақырыпты қозғауыма себеп болған жоғарыда айтылған тарихи құжаттар. Бұл құжаттардың тағы бір құндылығы облыстық архивте аймақта патшалық Ресейдің билік құрған кезінде дайындалғандығы. Мұның өзі Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің тарихы 1939 жылдан емес одан әріректен басталатындығын айғақтайды. ...1917 жылдың 12 ақпанында Әулиеата уезінің №6 бітімгершілік сотының (мировой судья) 1916 жылдың 29 тамызында Меркі өңірінде болған көтеріліске қатысқан №7 ауылдың тұрғындары Жұмағұл Сүлейменов пен Сейділдә Жабакеевтің, 11-ауылының тұрғыны Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық істері қолымызға түсті. Бірінші істе Жұмағұл мен Сейділдә №7 ауылдың старшины Темірбек Ормановты айдалада күтіп алып, қамшымен сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген. Осы оқиғаға дейін ауыл жиынында Темірбек Орманов №7 ауылдан майданның қара жұмысына алынатын азаматтардың аты-жөнін айтып, тізімдеген болатын. Сот ісінде ауыл старшынын сабап, шаңырақ тізімін тартып алып, жойып жіберген Ж.Сүлейменов пен С.Жәбікеевтің іс-әрекеттері туралы бірнеше адамдар куәлік берген. Бізді таңғалдырғаны осы сот ісінде қазақтың атпал азаматтарының бірі, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі Мақсұт Жылысбаевтың куәгерлікке тартылуы. Ол бұл кезде Меркі приставында аудармашы әрі писарь болып қызмет істеп жүрген. (М. Жылысбаев 1922-24 жылдары Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейінірек Қазақ АССР Сауда халық комиссарының орынбасары... Осындай ірі қызметтер атқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған). Ол өзінің жауабында бұрынғы писарь Жұмағұл Сүлейменов біреулердің айтуымен майданға алынатындардың қатарына жасы ұлғайғандарды да, бір үйдің жалғызын да қосып жібергенін, сондықтан да ол түні бойы жұмыс істеп, тізімді қайта дайындағанын айтқан. Сонымен бірге жаңа тізім жасап жатқан Мақсұтқа Жұмағұл түнде келіп, тізімге кедей-кепшіктердің, нақтылап айтқанда жұмысшылардың тізімін енгізуге қарсылық көрсетіп, «оларды тізімге енгізсең өлтірем» деген. Осыған қарағанда старшынды сабап, шаңырақ тізімін тартып алудың сыры әрқалай болуы мүмкін. Алдымен өзінің қателігін жойып жіберу, одан кейін майданға қара жұмысқа адам алуға түбегейлі қарсылық көрсету деп түсінген жөн сияқты. Орайы келгенде айта кетейік, Мақсұт Жылысбаев жерлестеріне әркезде көмекке келген. Мәселен, конфескация кезінде де оның көмек қолын созғанын нақты тарихи құжаттар арқылы білеміз. №6 бітімгершілік сотында Мақсұттан басқа да азаматтар куәгерлікке жүрген. Олардың арасында 28 жасар Темірбек Ормановтың өзі, атқамінерлер Әбдірахман Итжанов, Иван Шелхин, Қонақбай Сатқанбаев, Меркінің приставі Павел Лундин, Аспара болысы Бектен Медеров, Аспара болыстық комиссары Т.Қонысбаев, тағы да басқалар айтқан сөздерін растап, қолдарын қойған. Құжаттарда жауап берушілердің сауаты туралы да мәліметтер бар. Әрбір екінші қазақ туралы анықтама бергенде олардың сауатылығын «сауатты» және «туземный подпись» деген жазбалар арқылы көрсетіп отырған. Яғни, араб қарпімен хат танитындарды «сауатсыз» деп айтқан. Олардың айтуынша, Жұмағұл мен Сейділдә патша ағзамның шешіміне қарсы шығып, майданға адам жібермеу үшін өздерінің әрекеттерін шаңырақ тізімін жойып жіберу арқылы жасаған. 12 ақпанда олардың ісі Ташкент округтік сотына жіберілген. Алайда елде саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни билікке уақытша өкіметтің келуі істің тоқтауына, қылмыскерлерге рақымшылық жасауға негіз қалады. Олар 1917 жылдың 6 наурызда әрқайсысы мемлекет пайдасына 150 рубльден айып төлейтін болып, абақтыдан босатылды. Бұл құжатта тағы бір назар аударарлық дерек – көтеріліс басшыларының бірі Досмайыл Сырғабайұлы туралы мәліметтің болуы. Ауыл старшыны алғаш ақ патшаның жарлығын қолдағандай болғанымен артынша көтерілісшілер жағына шыққан. 1916 жылдың 29 тамызында Тағай талда өткен жиында көтерілісшілердің ханы (бұл жерде басшысы деген мағынада қолданылған) болып, Ақкөз Қосанұлы, орынбасарлығына Досмайыл Сырғабайұлы, діни жетекшіге Өмірзақ молда сайланған. Сол кездегі куәгерлердің айтуынша Ақкөз ақылға тоқталса, Досмайыл күшке, ел тілегіне көп назар аударса керек. Тарихтан белгілісі Досмайыл Әулиеата түрмесінен уақытша өкіметтің рақымшылығымен 1917 жылдың ақпан айында абақтыдан шығып, бейбіт өмірге араласқанымен 1938 жылы қаза болған. Екінші құжатта Меркі ауданының 11-ауылының 44 жасар қазағы Молжігіт Құдабаевтың қылмыстық ісі. Меркі бітімгершілік судьясы Молжігітті жауапқа тарту үшін көптеген адамдардан сұрақ алған. Меркінің приставы Павел Лундин Молжігіттің бұрын белсенділігімен көзге түспегендігін айтса, Мәуленқұл Жанықұлов, Жолдыбай Алакүшіков, Иманқұл Бегімбетов, болыс Бектен Медеров Молжігіт туралы білгендерін айтқан. Олардың айтуынша, төменгі Тағайдың талы деген жерде болыс Бектен Медеровтің бұйрығымен №11 ауылдың тұрғындарының жиыны болады, жиында ауыл старшины Дәрібай Рысқұлов патша ағзамның жарлығы бойынша майданға қара жұмысқа 19 бен 43 жас аралығындағы қазақ жігіттерін алу туралы айта бастайды. Осы кезде Молжігіт Құдабаев суырылып алға шығып, бұл жарлықты орындауға болмайтынын, қазақтарды қорлау екенін және патша ағзамның қазақтарды әскерге алмау туралы уәдесін бұзып отырғандығы жөнінде бар дауыспен айтады. Оны атқамінерлер (пятидесятниктер) қақпайлап, сөйлетпеуге тырысқанымен, Молжігітті қолдаушылар көбейіп, оған ойын айтуға мұрсат беру талап етіледі. Бұдан кейін белсенділер жиыннан кетіп қалады. Бұл жиында тізім жарияланбайды. Міне, осы оқиғадан кейін Молжігіт Құдабаевты жасауылдар қамаққа, судьялар сұраққа алады. Барлық құжаттарды заңдастырғаннан кейін Меркі бітімгершілік судьясы құжаттарын Ташкент уездік сотына жолдайды. Өзін Әулиеата түрмесіне айдайды. Бұл құжатта бұдан басқа дерек жоқ. Одан кейін оның тағдыры қалай болды, немен аяқталды... бұл жөнінде құжаттарды кездестіре алмадық. 2001 жылы Алматының «ҚазАқпарат» баспасынан белгілі ғалым Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен жарық көрген «Ақкөз батыр» кітабында көтерілісшілердің басшыларының тізімінде Молжігіттің аты аталмайды. Осыған қарағанда әлі анықталмаған батырлардың есімі бар екені сөзсіз. 1916 жылғы Меркі көтерілісінің батырларын, оның белгісіз оқиғаларын айғақтау үшін Өзбекстанның архивінде сақтаулы сот құжаттарын парақтасақ көп мәліметтерге қол жеткізген болар едік. Сондықтан да мемлекетаралық келісім жасасып, Өзбекстан мұрағаттарындағы Сырдария губерниясы мен округіне және басқа да құжаттардың көшірмесін алу мәселесін шешу – күн тәртібінде тұрған міндеттердің бірі болса керек. Ұлт-азаттық көтерілісшілері туралы көп жыр жазылды. Солардың ішінде Қиялбай ақынның «Ақкөз батыр» дастаны оқиғаны зерделеп білуде алар орны ерекше. Қиялбай Сүгірұлы Меркі көтерілісіне қатысқан адам. Ол өзі көргендерін 1936 жылы дастан етіп жазған. Дастан Қазақстан Ғылым академиясының архив корынан алынып, 2001 жылы жарық көрген «Ақкөз батыр» кітабына енгізілген. Осылайша бұл дастан тұңғыш рет жарық көрген. Сол дастаннан үзінді беруді жөн санадық. Себебі оқиғаның ортасында болған ақынның жыр толғауы қалай айтқанымен де құнды болатыны сөзсіз. Оның үстіне бұл дастан баспасөзде жарияланбаған. ... «Мың тоғыз... он алтыншы июнь айда, Бергін деп «рабочий» келген еді. Би, болыс, старшынмен бір жақ болып, Біріне, бірі көмек берген еді. Кеңседен спискенің бетін ашып, Кедейді жүз процент терген еді. Байлардан жүз үй болса, бір баланы, Жазуға дәуіт, қалам келмеп еді. Халықтан сыбырлаған өсек шығып, Ер Ақкөз спискені көрген еді. Бай, кедейдің баласы тең жүрсін деп, Қанша бір қиын жерде шөлдеп еді. Ашылды бай, кедейдің енді арты, Будағы қан қызғанның өрнегі еді. Кедейді жиып алып айтты Ақаң: “Төменгі Тағай талға кел”, — деп еді. 18-35-ті түгел жиды Ақаңның жасы алпысқа келген еді, Қарасты Меркі ауданға жеті болыс, Кедейі, ер Ақкөзге келмек еді, Төс жаран, басы жуан келдек еді, Білтелі, қара мылтық сирағы бар, Амалы бір аз ғана мерген еді. Меркінің айналасы қалың жатқан, Көлемі әжептәуір ел келеді. Болыстың ең үлкен Досет, Қосет, Луговой, жатқан жері Шөңгер еді...

...«Сыпатай» мен «Жауғаш» деп, Кузьминканы алады. Айқайлап ішін аралап. Бай-құлақ орыс таппады. Шишақпақ жағып жарық қып, Көшеге өрт жаққаны. Тоғайға солдат бекініп, Шөкі менен екі адам, Көрінбей түнде атқаны. Көзмеңке мен Меркі боп, Орыс-кулак байлары, Меркіге кірді қақпалап, Жабдықты байлар жеткізіп, Ішінара кез келді. Жұмыс қып нашар жатқаны. Бес, ондап ұстап алғанды, Жарлының қанын төкпе деп, Ақкөздің елге айтқаны... ... Досмайылды шақырып, Әскерді үшке бөл деді. Бір тобың қалып Меркіде, Өзгең түгел ер деді. Ашуланып ер Ақкөз, Шыға жалғыз жөнелді. Айтуға ауыз келмеді. Құдай берсе Бектенді, Найзамен түйреп өлтіріп, Таспадай терісін кер деді. Пешіннен төмен болғанда, Шошқалыға тақалды... ...Саңыраққа атып мылтықты, Тойғанша беріп ерікті. Қырық шамалы үй екен, Баршасы жамсап өліпті. Шауып барған ер Ақкөз Аралап көрді өлікті. Бір үйдің тұрған ішінде. Аспалы қазан кұлаған. Он жеті адам бір үйде, Жатқанын өліп көріпті... ...Тына қыжым жауып ап, Түйе тартқан келіндер. Мысалы, қыздай шалқыған, Көштің арты көп адам, Айдаған сиыр, жылқы бар, Байқамай әскер шатылған, Қыз, қатын деген солдат боп, Бесатар мылтық атылған. Байқамай көш деп кеп қалды Қулықпен қырды антұрған. Көш тартқан қатын солдат боп, Әскерге мойын бұрады. Тоқтап тұрып оқ атып, Әскерді келіп қырады. Берікбайға оқ тиіп, Он сегіз адам құлады. Солдат қаптап сол кезде, Әскерді катты қуады. Қашпа деп Ақкөз ақтарды. «Қашқан жауға — қатын ер», Бір айқасып кетпесең, Жеткені ұрып, кырады. Табандап әскер тоқталып, Ақкөздің сөзін үғады, Екі жақтан ат қойып, Осы жерде үш күн тұрады. Солдат өліп, көш тоқтап, Жоғары сырғып көшеді. Он бір берен бесатар, Тастап қашты орнына. Солдат атқан мылтықты, Әскерлер жабдық қылады. Күш қосып байлар оқ атып, Кедейдің ісін сынады. Төртінші күні ел тоқтап, Оқ тиген елдің жақыны. Өлікке түнде барсақ деп, Ақкөзден келіп сұрады. Ақкөзден өлген он сегіз. Әркімнің жанған шырағы, Өлікке келсек түн қатып, Әрбір жерде шошайып Қалған өлік тұрады... Ақкөз бастаған көтерілісшілердің ерлігі туралы Ақкөздің бауыры Құттыбектің ұлы Мырзабай ақын да көп жырлаған. Өкінішке орай оның көп жырлары жоғалып кетті. Ақынның жырларын жинастыруда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Шырын Мамасерікова мен Мырзабай ақынның немересі марқұм Тоқтаған ақсақал да еңбектенгенінен хабардармыз. Мырзабай ақынның көтеріліс туралы бізге жеткен жыр шумақтарын оқып көрейік: Бостандықты аңсаған, Басын қосып барша жан. Қарсы шықты патшаның Әскеріне самсаған. Көтеріліс бұрқ етті, Ақкөз батыр бастаған... Жазалаушы отрядтың Саңырақ деген шағын ауылдың бүкіл азаматын қырып кеткенін көргенде ақын қатты күйзелгенін жыр жолдарынан анық аңғарасыз: Қырылған соң Саңырақ Қалды үйлер қаңырап. Қарғыс айтты патшаға Қатын-бала аңырап. Ажал құшты әп-сәтте, Бейбіт жатқан атырап. Оты өшіп жанбады, Ойраны шыққан шаңырақ... Ал сол шайқаста қаза тапқан Шынпатша бауыры жайлы: Билігі жоқ қолында, Бұлқынып құлдық торында. Құрбан болды Шынпатша, Азаттықтың жолында. Соғыстың көріп дауылын, Арманда, кеттің бауырым. Ерлігіңді аңыз ғып, Ұмытпас ел-жұрт, қауымың! – деген.

Тәуелсіздік үшін арманда кеткен бауырларымыздың ерлігін ұмытпай, аңыз етіп айтуды бабаларымыз өсиет еткен. Сондықтан да биылғы даталы-айтулы жылы сол қаһарлы 1916 жылдың ұлы оқиғасын еске алу, ол туралы келелі ой толғау қажеттілік. Тарихи оқиғаның әлі де ашылмай жатқан тұстары аз емес.

Суреттерде: Ақкөз, Досмайыл батырлар мен Қиялбай ақын және архив құжаттарының көшірмесі.

Ұқсас жаңалықтар