- Advertisement -

Егістік жерлердің тиімділігін қалай арттыруға болады?

282

- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы республикалық мемлекеттік мекемесі «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының» негізінде және «Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бақылау және мониторинг жүргізу» 224 бюджеттік бағдарламасына сәйкес, 2015 жылы облыстың батыс аумағында орналасқан Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарының суармалы жерлерінің жерасты суы деңгейі, олардың, сондай-ақ топырақтың тұздылығы, суару және қашыртқы жүйелерінің жай-күйіне бақылау жұмыстарын жүргізді.
Өткен жылы суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйін бағалау нәтижесінде 39546 гектары қанағаттанғысыз, 33218 гектары қанағаттанарлық және 32850 гектары жақсы екені анықталды.
Қанағаттанғысыз суармалы жерлер – негізінен жерасты суы деңгейі жер бетіне жақын орналасқан, сонымен бірге өте күшті және орташа тұзданған жерлер. Осындай тұзданған жерлерде жерасты суының жақын орналасуы қайта тұздану қаупін тудырады. Осындай қанағаттанғысыз жағдайдағы 39546 гектар суармалы жердің 30247 гектары жерасты суы жақын орналасуынан орын алған. Бұл жағдайдағы жер – негізінен ескі, инженерлік дайындықтан өтпеген суармалы жерлер.
Жай-күйі қанағаттанарлық 33218 гектар суармалы жердің жерасты сулары (1-3 г/л) мөлшерінде әлсіз тұзданған және терең орналаспағандықтан, агромелиоративтік шаралар негізінен деңгейлерінің көтеріліп кетпеуіне, күрделі тегістеу және суару жүйелерін қайта жөндеуге бағытталуы қажет.
32850 гектар мелиоративтік жай-күйі жақсы суармалы жерлердің топырағы тұзданбаған, сорланбаған, жерасты сулары әлсіз тұзданған және төмен орналасқан. Мұндай аумақтарда топырақтың құнарын арттыруға бағытталған агромелиоративтік шаралар жасалуы тиіс.
2016 жылғы суару кезеңі алдындағы жерасты суы деңгейі мен тұздылығының тәртібін бақылау нәтижесі Байзақ ауданы суармалы жерлерінің жерасты суы деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда төмендегенін көрсетті, жалпы 32552 гектардың 2000 гектары шектеулі деңгейден жоғары. Жамбыл ауданында да жерасты суы деңгейі түскен, 44463 гектар суармалы жердің 10550 гектарының жерасты суы деңгейі 0-2,0 метр аралығында, яғни шектеулі деңгейден жоғары.
Жуалы және Сарысу аудандары суармалы жерлерінің жерасты суы шектеулі деңгейден төмен, яғни осы аудандардағы жерасты сулары жердің мелиоративтік жай-күйіне қауіпті емес екендігін көрсетеді. Жуалы ауданы жерасты сулары тұздылығы да өте төмен, жалпы, суармалы жердің 91,8 пайызында тұздылығы 0-1 г/л-ді құрайды. Химиялық құрамы гидрокарбонатты-сульфатты кальцийлі, гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі.
Талас ауданындағы суармалы жерлердің 1135 гектары шектеулі деңгейден жоғары, қалған 12350 гектарында жерасты суы деңгейі 2 метрден төмен орналасқан.
Облыстың 5 ауданындағы суармалы жерлердің суару кезеңі алдындағы бақылау нәтижесі 2015 жылмен салыстырғанда жерасты суы деңгейі аздап түскенін, жалпы суармалы жер көлемінің 84,6 пайызы немесе 89394 гектары шектеулі деңгейден төмен орналасқандығын, ал оның тұздылығының 0-1 г/л құрайтын бөлігі 67,9 пайызды немесе 71687 гектарды құрайтынын көрсетеді. Суармалы сулардың сапасы қалыпқа сай, яғни тұздылықтары 1г/л-ден төмен. Химиялық құрамы гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі.
Жалпы жерасты суының деңгейлері 5 аудан бойынша өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, шектеулі деңгейден жоғары орналасқан, суармалы жер көлемі 1,8 пайызға немесе 1945 гектарға кеміген, яғни деңгейлері аздап түскен, ал тұздылықтары 5 г/л-ден жоғары болатын жер көлемі өткен жылғымен бірдей, 2 пайыз немесе 2100 гектар, оның барлығы дерлік Талас ауданында – 1700 гектар, қалған 400 гектары – Байзақ ауданында.
Осы 5 аудандағы 105614 гектардың 94934 гектары түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылып, 10680 гектары пайдаланылмаған. 2014 жылмен салыстырғанда суармалы жердің пайдаланылуы 2015 жылы 37 гектарға ғана артқан. Егіс көлемі құрылымындағы үлесі басым дақылдар: мал азығындық – 45,65 мың гектар, дәнді дақылдар – 6,71 мың гектар, көкөніс, бақша және картоп – 20,47 мың гектар.
10680 гектар суармалы жердің 6723 гектары ішкі шаруашылық суармалы жүйелердің жай-күйінің қанағаттанғысыздығы және 3957 гектары топырақтың тұздануы және жерасты суы деңгейінің шектеулі деңгейден жоғары болуы себепті пайдаланылмаған. Пайдаланылмаған суармалы жерлер Таласта – 8415, Байзақта – 789, Сарысуда – 744 және Жамбыл ауданында – 732 гектар.
Суармалы жерлердегі егілген дақылдың өнімділігін арттыру және пайдаланылмаған жерлерді ауыл шаруашылық айналымына енгізу үшін ғылыми негізделген аймақтық агротәсілдерді қолдана отырып, егіншілік мәдениетін көтеру және кешенді мелиоративтік жұмыстарды жүргізу қажет.
Қай кезде де, әсіресе, қазіргі нарықтық экономика кезеңінде егістік жерлердің тиімділігін арттыру маңызды. Ол үшін кешенді іс-шаралар дер кезінде атқарылуы тиіс. Егіншілік мәдениетінің негізі болып есептелетін ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтау, ауыл шаруашылық дақылдарының құрылымын және оларды орналастыруды дұрыс жолға қою, дақылдардың ең өнімді сұрыптарын енгізу, барлық агротехникалық жұмыстарды сапалы және өз уақытында атқарып отыру керек.
Сондай-ақ, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды топырақ картограммасы бойынша, технологиялық картада белгіленген мерзімде енгізіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды жәндіктерден, аурулардан қорғау, арамшөптерді жою үшін агротехникалық шараларды тиімді пайдалану, егіс алқабын табиғаттың қолайсыз әсерінен сақтау үшін егісті қорғайтын ағаштар отырғызу тағы басқа шаралар суармалы жерлердің тиімділігін арттыра түседі.
Суармалы жерлерден мол өнім алу үшін, оларды тұзданудан, батпақтанудан сақтау үшін жоғарыда айтылған іс-шаралармен қоса су және кәріздік жүйелер (тік дренаж, көлденең су қашыртқылар) толығымен жұмыс істеп тұруы керек. Бұл шаралар аймақтың экожүйесіне де оң әсерін тигізеді.

Қажымұқан Қожанов,
«Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл
бөлімінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support