- Advertisement -

Еңбекпен өрілген өнегелі өмір

152

- Advertisement -

Жалпы, көпшілік Адамбаевтар әулетін біледі. Олай дейтініміз, жазушы Балтабай Адамбаевты, оның інісі облыстың аудандарында шаруашылық саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Қаратайды жұрт есінен шығара қойған жоқ.
1932 жылы қиын заманда әкелері Әбдірахман қайтыс болып, төрт ұл баламен жесір қалған аналары Бибіш қиындықты көп көреді. Қаратай сонда небәрі 3 жаста екен. Алдындағы үлкен ағалары енді ержеткен. Шиеттей балаларды асырап-бағу ананың мойнына түсіп, колхоздың қара жұмысына жегіледі. Соғыс бұрқ ете қалғанда он екі жасар ойын баласы Қаратай да анасымен ілесіп ауыр жұмысты атқарысады. Қой бағады, шөп шабады. Сөйтіп жүріп есейеді. Ол жылдардың төлі ерте есейді ғой. Өйткені ауыр бейнет балалық шақты ұмыттырып, белін бекем буғызған.
Колхоз мектебінен білім алған Қаратай Байқадамдағы орта мектепте директордың хатшысы болып еңбек жолын бастайды. Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені сырттай оқып бітіреді. 1944 жылы аудандық комсомол комитетінің бөлім бастығы және хатшысы қызметін атқарады.
Облыстық комсомол комитетінде еңбек етіп жүріп сол кезгі облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде корректор, кейіннен тілші болып қызмет атқарады. 1957 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп шығады. Осыдан бастап Қаратайдың нағыз еңбек жолы басталады. Әуелгіде Талас ауданында Бостандық кеңшарының бас зоотехнигі болып мал шаруашылығы, оның ішінде қой өсірудің қыр-сырына қанығады. Бұл кез таластықтардың төрт түлікті өсіруден даңқы дүркіреп, еңбек көрігінің қызып тұрған шағы еді. Жас маман Қаратай осында үлкен өмір, еңбек мектебінен өтеді.
Ол 1959 жылы Мойынқұм қой совхозының директоры қызметіне бекітіліп, жас маман енді шаруашылық ісімен бетпе-бет келеді. Алғашқы қолға алған шаруасы Талас ауданында еңбек етіп жүргенде жиған тәжірибесі қаракөл қойын өсіруді қолға алады. Осы ауданнан алған 4 мың қаракөл қойы кейін құм қойнауын толтырған отар-отар малға айналды. Сонау Шу өзенінің бойында жатқан шаруашылықтың проблемасы жеткілікті еді. Қаратай облыстың сол кезгі басшысы А.Асқаровтың қабылдауында болып, шалғайдағы шаруашылықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, оның шешімін табады. Шу өзенінен салынатын көпір, ауыз су мәселесін оңтайлы шешеді. Соның нәтижесінде Мойынқұм совхозына 16 мың бас қой беріліп, барлау партиясы 150 метр тереңдіктен ауыз су қазып шығарып, көпір де салынады. Кейін бұл шаруашылықта қой басы 60 мың басқа жетіп, жетекші кеңшарға айналды.
1960 жылы Мойынқұм ауданы құрылып, іскер басшы Қаратай Адамбаевқа аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметі тапсырылады. Ұшы-қиырсыз кең далада жаңа шаңырақ көтерген ауданның толып жатқан ұйымдастыру жұмыстары оңай емес еді. Осы шаруалардың бел ортасында Қаратай да жүрді. Елдің әл-ауқатының артып, тұрмысының түзелуі үшін кеңшарлардың тірлігі алға басуы керек. Осынау ұйымдастырушылық жұмыста белсенділік танытқан Қ.Адамбаев аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметін де абыроймен атқарады.
1984 жылы қызмет бабымен Қ.Адамбаев Меркі аудандық агроөнеркәсіп бірлестігіне төраға болып тағайындалды. Тәжірибелі басшы мұнда да өзінің іскерлігін танытып, белсенді еңбек етеді. Аспара өңірінде алғаш рет қант қызылшасы егіліп, ол үшін канал қазылды. Шопандар жайлаған жайлауда жаңадан құдықтар қазылып, үйлер салынды. Бұл ауданда да аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ұзақ жылдардағы қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен наградталуы азаматтың еңбегіне берілген баға еді.
Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан ол жұбайы Апуза Мүтәйқызымен ұзақ жыл бақытты ғұмыр кешіп, өнегелі ұл-қызды тәрбиелеп, өмір көшіне қосқан еді. Бұл күнде ұрпағы ғибратты ғұмыр кешкен аталарының еңбегін мақтан етіп отырады.

Есіркеп Серікбайұлы,
еңбек ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support