Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер

1 024

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты»

11

Нұрсұлтан Назарбаев.

– Мәдениетті адам – ақ ниетті адам. Ақ ниетті адам – көркем мінезді адам. Әлемді ұстап тұрған сұлулықтың өзі осы кемелділікпен келген. Демек, мәңгі махаббаттың атасы – мәдениет!

– Дұрыс айтасың, кейде маған өнер деген сөз кемел болып естіледі.
– Мәдениеттен алтын шапақ арай тарайды. Археологиялық қазбалар да, музей де, мұрағаттағы құнды жазбалар да маған қарайды.
– Мені де мақұлдарсың. Ән айтып, би билеуден де, сахнаны көркем байытудан да бұқара жұрттың алдындамыз.
– Келісемін, мәдениет пен өнер егіз. Екеуміздің сырымыз теңіз. Өйткені біз – ұлттың тірегіміз, өшірілмейтін жүрегіміз!
…Баласағұн орталық концерт залының сахнасындағы «Мәдениет» пен «Өнердің» арасындағы салиқалы сұхбат халық мәдениетінің, ән-күй өнерінің асқақтығын айшықтады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеп, мерейін үстем етіп жүрген мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне арналған салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, өңір мәдениеті мен өнерінің қарыштап дамуына, еселеп өркендеуіне айрықша үлес қосып жүрген өнер иелерін құттықтады.
– Кез-келген халықты мәдениеті мен өнері арқылы танып, бағалайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» – деген сөзі баршаңызға мәлім. Елдігіміздің басты нышаны – ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған ұлттық қазынамызды ұрпаққа жеткізу жолында облыс мәдениетінің көкжиегін кеңейтіп жүрген екі жарым мыңға жуық мәдениет және өнер саласының өкілдері өнеріміздің дамуына күш-жігерлеріңізді салып жатырсыздар. Өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш сыйлап келесіздер. Облыс әкімдігі тарапынан мәдени қызметкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келді. Осы бір айтулы күні мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деген Б. Серікбекұлы облыс әкімінің атынан дәстүрлі «Тараз тарланы – 2014» аталымы бойынша жүлделерді табыстады. Өңір өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер иелерінің арасында театр және кино актері, қазақтың «Батыр Баяны» Жұмахан Әбдіқадыров, суретші Тоқбай Көшербаев, облыстық филармонияның ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Жексембек Нұржауов, облыстық мұрағаттың директоры Қалдыкүл Бәшенова мен Жамбыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Сырлыбаев бар.
Қасиетті Жамбыл жері – мәдениет пен өнердің сан қилы таланттарын өмірге әкелген өлке. Төле бидей данышпанын, Бауыржандай батырын, Кенендей дүлдүл ақынын, Шерхандай наркескен жазушыны, Шонадай шоқ тілді ұлдарын дүниеге әкелген тұғырлы мекеннің талантты өнерпаздарының ізбасарларын, осынау өнердің ұлы жауһарларын бүгінгі күнге жалғап келе жатқан өнерпаздарды қалай әспеттесек те, жарасып тұрғандай.
Өркениетке ұмтылған халқымызды парасатқа, ізгілікке жетелеген мәдениет пен өнер саласы қызметкерлеріне деген зор қошемет мұнымен толастаған жоқ. Облыстық «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүбәрәк Қасымқызы марапатталды. Тағы бір топ шығармашылық иелері облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжатама басқармасының және облыстық мәслихаттың Алғыс хатына ие болды. Кәсіби мерекелері қарсаңында мерейі тасып, марапатталғандардың қатарында дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев, драматруг Елен Әлімжан, жас ақын, облыстық «Арай» газетінің тілшісі Табиғат Абаилдаев бар. Бұдан басқа өзі басқарып отырған ұжымға үздік жетешілік етіп отырған сала мамандары марапатталып, мерейі үстем болды. Сондай-ақ, жиында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дүйсен Бықыбаев құттықтау сөз сөйледі.
Облыс өнер ұжымдары өздерінің бүгінгі төл мерекесіне үлкен жетістіктермен келіпті. Жанатбек Қадіров, Сәуле Желдібаева, Мәдина Сағынбековалар бастаған белгілі әншілер халық әндерін айтып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Бұдан да өзге жас әншілер әннен шашу шашып, «Сымбат» балдық би тобы өнерлерін ортаға салды.
* * *
Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қала мәдениетінің өркендеуі мен дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлерін жиып, мамырдың мамыражай күндерінде төл мерекелерін атап өтіп, көңілдері тасыған сала мамандарын құттықтады.
– Елбасы Жарлығымен 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Мәдениетсіз ел де, қоғам да болуы мүмкін емес. Біздің қалада атқарылып отырған барлық мәдени іс-шараларда өнер жолында жүрген азаматтарымыз, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері өздерінің кәсіби деңгейлерін көрсетіп келеді, – деген қала әкімі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүбәрәк Жинақбаева, мәдениет саласының зейнеткері Анна Ким мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Күлсара Әбжанованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Мұнан соң Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев сөз алып, қала мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы Алғыс хаттар тапсырды.

Гүлжан РАХМАН,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.