- Advertisement -

Кешегі қуғын-сүргіннен бүгінгі бақыт ты заманға дейін

92

- Advertisement -

Ешкім де өздігінен жылы орнын суытқысы келмейтіні белгілі. Ал тұтас халықтың туып-өскен жерінен күшпенен үдере көшірілуі – қасірет. Сол халықтың қасіреті. Бұл – осындай солақай саясатты жүзеге асырған биліктің қателігі. Себебі, қай жағынан алып қарасаңыз да, бүкіл бір ұлтты қаралау – ақылға қонымсыз-ақ іс. Сондықтан да, КСРО-да жүргізілген депортациялау немесе күштеп қоныс аударту саясаты еліміздің тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі болды.
Депортациялау саясатын қолдану басқарушы биліктегі саяси құрылымдар үшін анық немесе болуы мүмкін қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ретінде түсіндіріліп, осы тұрғыда легитимдендірілді. Ал шын мәнінде Азамат соғысы аяқталып, оппозицияның қалдықтары басылып тасталғаннан кейін 20-жылдардың ортасына қарай ел ішінде айтарлықтай маңызға ие қауіп-қатер болған да жоқ. Тек батыста «Кіші Антанта» немесе «Санитарлық кордон» елдері белдеуі мен Қиыр Шығыста Қытайға дейін жеткен жапон оккупациясына байланысты сыртқы қауіп-қатер барлығы анық болатын. Нақтылы және дәлелденген қауіп – 1933 жылы Германияда фашистік диктатураның орнауы еді. Осыған байланысты зерттеліп отырған кезеңде сыртқы саяси қауіп-қатерлер ешбір қисынсыз ішкі саяси жағдайда араластырылды. Міне, сондықтан да 30-жылдар кезеңінде депортацияға ұшырағандарға көп жағдайда біріне-бірі ұқсас – «Польшаның немесе Жапонияның пайдасына жасалынған шпиондық әрекет», «фашистік ұйымның құрамында болды» деген және басқа да осыған ұқсас айыптар тағылды.
Осылай, депортацияға алғаш ұшыраған Украина мен Белоруссиядағы поляк халқының басым көпшілігі «поляк барлау органдарымен байланыста болды», «Польшада туыстары бар» деген сипаттағы айыптаулармен қуғын-сүргінге ұшырады. Нәтижесінде шекара маңындағы 118-123 мың аралығындағы поляк бұл жерлерден аластатылды. Солардың 61 мыңнан астамы Қазақстанға қоныс аударды. Негізінен солтүстіктегі 6 облысқа табан тіреген поляктардың жағдайы тым ауыр еді. Павлодар облысы бойынша ІІХК (НКВД) басқармасының өте құпия түрдегі есеп беру хатында «Павлодар облысына келген 11201 арнайы қоныстанушы – поляктардың 5000-дайы жұмысқа орналастырылмағаны, жұмыс тауып беруге еш мүмкіндік жоқ екендігі» айтылады.
Зерттеліп отырған кезеңге қатысты мән берерлік дерек ретінде, аталған жылдары ІІХК – нің (НКВД) Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы болып жұмыс істеген, ұлты поляк С.Д.Пинтальдың «үштіктің» құрамында, бәлкім төрағасы да шығар талай боздақтарды «халық жауы» ретінде қансыратып, кейіннен өзі де репрессияға ұшырап, КСРО ІІХК – ның Ерекше Кеңесінің 1937 жылғы желтоқсандағы үкімімен ату жазасына кесілгендігін айтуға болады. Дегенмен, аталған ұлттың басым көпшілігінің жеуге тамақ, киерге киім таппай, тек жергілікті қазақтардың меймандостығының арқасында ғана аман қалғандығы тарихтан белгілі.
Депортацияға ұшыраған этникалық кәрістердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан аймағына әкелінген еді. 1937 жылдың 27 тамызындағы БК(б)П ОК мен ХКК-ның қаулысында БК(б)П ОК Қиыр Шығыс өлкекомына, өлкеаткомына және Қиыр Шығыс өлкесі ІІХК басқармасына Қиыр Шығыс өлкесінің шекара аймақтарынан барлық кәріс тұрғындарын көшіруді бірден қолға алып, 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау ұсынылған. Ең бір атап өтерлігі осы құжатта көшу барысында аталған этникалық топтарға өздерімен бірге мал-мүліктері мен шаруашылық құрал-жабдықтарын бірге алуына рұқсат ету, қалдырып бара жатқан жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мен егістері үшін төлемақы қарастырылуы, шетелге кетуге ниеті барлардың шекарадан кедергісіз, жеңілдетілген тәртіппен өткізілуі мәселелері де қамтылған. Аталған құжаттың ақпараттық маңызын, құқықтық негізділігін қарастырмаған-ның өзінде, ешбір талап-тілек немесе айыптауларсыз толық бір этникалық топты депортациялауды мемлекеттік қажеттілік деп қарастырады. Дегенмен, Қазақстанға 1944-1945 жылдары көшірілген басқа этникалық топтарға қарағанда, кәрістерді көшіру құқықтық тұрғыда біршама реттілікпен жүргізілгені көрініп тұр. Негізгі себеп, айтылып өткен жапондардың жаппай шпиондық жүйесі мен Оңтүстік- Шығыс Азия тұрғындарын сырт халық (оның ішінде еуропалықтар) ажырата алмайтындай антропологиялық ұқсастығында жатса керек-ті.
Сол тұста республикадағы, қалаберді өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың онсыз да жетісіп тұрғаны шамалы-тұғын. Орталықтың нұсқауымен тағдыр тәлкегіне ұрынғандардың жағдайын түзеуге байланысты біраз жұмыстар жүргізілген болды. Дегенмен де, алыстан ұзақ жол жүріп, арып-ашып жеткендердің тіршілік, өмірге бейімделіп, бірден тұрмысын түзеп кете алмасы анық. Дәп осы тұс туып-өскен жерінен күштеп көшірілген сандаған ұлт өкілдерін кеңпейіл қазақтардың өз төріне оздырып, «төбесінен» жай берген кезі еді. Әрине, депортацияға ұшырағандардың ұрпақтары мұны жақсы білуі әрі ұмытпауы тиіс. Дәл осы кезде КСРО-ның оңтүстік шекараларынан Қазақстанға күрдтер, армяндар, түріктер және Қырым татарлары жер аударылды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың тамызында Поволжьедегі немістерді жер аудару туралы Жарлық жарияланды. Жер аударылғандардың өмірі қасіретке толы болды. Олардың біразы жол азабын көтере алмай қаза болса, көпшілігі ІІХК тарапынан жасалынған тегеуірінді теперішке шыдай алмай азап шекті. Тек, пейілі кең, қонақжай, көрші-қоңсысымен қолындағы барын бөлісетін қазақ халқының күштеп қоныс аударылғандарға көмек қолын созуы ғана, оларды осындай қияметқайымнан аман алып шыққан еді.
Міне, сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылып, 1 наурыз – барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға Алғыс айту күні деп белгіленуі әділетті іс болды деген ойдамыз. Халық ықыласы дамудың даңғыл жолына жеткізеді. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем, бақ қонған – Қазақ елі жасай берсін!

Сейдехан БАҚТОРАЗОВ,
ТарМУ-дың доценті, тарих
ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support