Ульяна және он бала

Ульяна және он бала
ашық дереккөз
Ульяна және он бала

қаратаулық жиырма алты жасар ана Ульяна  Романқызы Ким он баланы бағып-қағып отыр

Олар жайлы ойда-жоқта естіп, таңғалдым. Сосын арнайы барып көруге бел будым. Ә.Шымырұлы көшесіндегі кішкене үйдің дарбазасын ашқанымыз сол, жамырай амандасқан балаларды көріп, жүрегімді қуаныш кернеді. Сәлден соң үйден шыққан жап-жас орыс келіншегі амандасты. Мына шүпірлеген жас өскіндердің асыраушысы әрі анасы (иә, оны бәрі солай деп атайтынын да білдім) Ульяна Романқызы Ким болып шықты.

Көктемнің алғашқы күні ғой. Есік алдындағы жеміс-жидектің бұтақтары бүршік жара бастапты. Көкөніс егетін алқаптың жерін қоқыстан, шөп-шаламнан тазарту да керек-ақ. Шамам келмейді деп жүрген ешқайсысы жоқ, бес-алты жасар балақай да осында. Бәріне бас-көз болып жүрген Ульянаның енесі, балақайлардың әжесі – Надежда Генхванқызы Ким. Әңгімеміз жарасып жүре берді. – Келінім балалар үйінде өскен. Ата-ананың жоқтығының тақсыретін әбден тартқан. Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Жетім көрсе – жебеп, жан шуағын төккісі келіп тұрады, – дейді енесі келінін мақтап. – Ульянаның өзі үшеу туды. Балам Валентин Оңтүстік Корея мемлекетінде жұмыс істеп жатыр. Жазға салым келіп, тұрмысымызды көріп кетеді. Не керек, келінім жетім балаларды қамқорлығымызға алайық деді. Біз қарсылық жасаған жоқпыз. – Әрбір сәби ата-ана мейірімін аңсайды, – дейді Ульяна, – балалар үйінде жылы-жұмсақ жеп отырса да, аялы алақанды, өз үйі болғанын аңсайды. Өзім де сондай сәтті басымнан өткердім емес пе?! Осылай деп жас келіншек көзіне жас алды. Сөйтіп, енесі екеуі әуелі Меркідегі Савва, кейін ондағы балалар үйі жабылған соң Тараз қаласындағы Сармолдаев атындағы балалар үйін жағалап, қамқорлыққа бала асырап алуға ниет еткен. Содан бері, тиісті ұйымдардың келісімімен 5 баланы асырап, бағып отырған жағдайлары бар. Оның үстіне, Қаратау қаласынан ата-ана қарауынсыз қалған 3 қыз жазғы демалыстарында (олар колледжде оқиды) келіп, осы үйді паналайды екен. Сегіз баламен бірге өзінің ұл-қызы мен жиенінің үш баласы да шаңырақтың шаттығына айналған. Ульянаның «үлкендері» Нина Петровна Алматыда колледжде стилист-модельер мамандығына машықтануда, жаз шыға туған үйіне асығады ол. Ал Александр – 9, Анна – 7, Петр 5-сыныпта, Анатолий алғашқы дайындық сыныбында оқиды. Бәрі де қаладағы К.Маркс атындағы орта мектепте білім алып жүр. Виктория, Светлана, Любовьтар – қаладағы колледж білімгерлері. Бауырдай болып кеткен үш қыз да жазғы демалыстарында Ким отбасын паналайтын сияқты. – Оларға үйге келме деп айтуға дәтім де жетпейді, – дейді Надежда Генхванқызы, – келсе құшақ жая қарсы аламын. Алмағайып заманда бір-екі баласын асырауға қауқары зорға жететін ата-аналарға бұл да бір өнеге аларлық іс емес пе?! – Бес балаға үкімет 106 мың тең жәрдемақы тағайындаған. Құдайға шүкір, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ, – дейді Ульяна. – Әңгімеміздің басында Ульянаның күйеуінің Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргенін айттық. Ол да, Астанада жұмыс істейтін Надежданың күйеу баласы да балаларға қарайласып тұратын көрінеді. – Әсіресе корей этномәдени орталығының мүшесі Екатерина Алексеевна Цойға алғысымыз шексіз, – дейді Надежда, – Қай кезде де қолұшын беруден бас тартпайды. – Ол кісінің өзі үйге соғып, балалардың хал-жағдайларын біліп, жолы түспесе телефон шалып тұрады, – дейді Ульяна. Екатерина – қалаға сыйлы кәсіпкер, кісілігі мол әйел. Әңгіме арасында мен жақында ғана Қытайдағы 125 баланы асырап алған қазақ әйелі туралы фильм көргенімді, оны Қытай үкіметі шақырып алып, «Жыл адамы» деген атақ бергенін айтқанымда, Надежда: – Балалар үйіне барған сайын көздері мұңға толы балаларды көріп жүрегім қарс айырылады. Мейірімді жандар табылып, соларды асырап алса ғой, жетім деген болмаса ғой деп тілеймін, – дегенде, «Шіркін-ай» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Көз алдыма дүниеге келген сәбилерін қоқысқа заттай лақтыра салатын көкек аналар елестеп, қамығып қалдым. Солар, Ким әулетінен үлгі алып жатса, қанеки. «Балалы үй – базар» дегеніміз сол емес пе?!

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар