Ахау, Семей! Тіл мен көмей…

133

Семей мен Тараз қалаларының қазақ мәдени орталықтары өңіраралық қарым-қатынасты нығайтты

Бірліктің бағындырмайтын белесі болмайды. Татулықты ту еткен дана халқымыз азаттық алғалы тамырын тереңге жіберіп, тұғырын бекіте түсті. Семей қаласындағы «Айша бибі», Тараздағы «Әулие ата» қазақ мәдени орталықтарының өңіраралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізген кездесуі осының айғағындай болды.

Бірлігі жарасқан елдің берекесін арттырған игі шараның басы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған, ұлылардың ізі қалған қасиетті мекеннен келген қонақтарды қаланың көрнекті жерлерін аралатып, көрсетуден басталды. Олар көне тарихтың мызғымас куәсіне айналған «Айша бибі», «Қарахан баба», «Тектұрмас» кесенелеріне атбасын бұрып, тәу етті. Одан соң Тараз мемлекеттік университетіне келіп, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының төрағасы Махметғали Сарыбековпен кездесті.
– Тарихы тереңде жатқан сонау Семей қаласынан өңірімізге арнайы атбасын бұрып келген сапарларыңыз сәтімен болсын. Ұлттық өнерді дәріптеп, салт-дәстүрді насихаттау жұмыстарына ақ жаулықты әжелердің атсалысып жүргені біз үшін де үлгі әрі құптарлық іс, – деген Махметғали Нұрғалиұлы қонақтарға аты аңызға айналған Айша бибі анамыздың кескіні салынған суретті тарту етті.
Бұл өнер ұжымында ақын да, суретші де, әнші де, биші де, күйші де бар екен. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіруді негізгі мақсаты санайтын қоғамдық бірлестіктің жоспарлары да көп. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарына барып, тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға салт-дәстүрлерімізді насихаттап, олардың ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттыруды да діттейді. Қазақ халқының қолөнерін жаңғырту бағытындағы түрлі шараларды өткізуді де қолға алып жүрген жайлары бар екен. Өнерді өмірімен біте қайнастыра білген аналар университет оқытушылары мен студенттерімен де кездесіп, әңгімелесті. Бұдан соң қалалық мәдениет үйінде көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды. Әжелер бастаған топ шара барысында көрермендерге қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетіп, халық әндерін шырқап, тіпті, мың бұрала билеп те берді. Ұлттық өнерімізді ел аралап, жер көріп, насихаттап жүрген ақ жаулықты әжелеріміздің үлгісі көпшілікті тәнті етті.
– Біздің бұл сапарымыз ерекше оқиғаларға толы болды. Орталығымыздың өзі осы Тараз жеріне тікелей қатысы бар Айша бибі арудың атымен аталады ғой. Сондықтан, Тараз қаласының жанындағы Айша бибі кесенесіне бардық. Кереметтей түрлі ою өрнектің, әшекей түрлерінің бәрін қамтыған күрделі архитектуралық үлгідегі әсем ескерткішті тамашаладық. Сәтін салып, осы өңірдің тағы бір дүлдүл тумасы Сәуле Жанпейісова бастаған облыстық филармонияның концертіне де қатыстық. Жамбыл туған қасиетті мекенді көріп, өзіміздің міндетімізді адал атқарып, жастармен кездесіп, шамамыз келгенінше өнерлерімізді паш еттік, – деді «Айша бибі» мәдени орталығының төрайымы Айман Ибрайқызы ағынан жарылып.

Гүлжан РАХМАН,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Тараз қаласы.

The stimulus program’s effectiveness in securing https://edit-proofread.com/ education and other jobs has been a hot topic in electoral contests nationwide.

Comments are closed.