- Advertisement -

Қызыл қасқа

160

- Advertisement -

Кемпірі арқылы келіні Нұрилаға «Жастығына жол кесір қылып, обалына қалар жайым жоқ. Жолы ашық. Жолдасының аруағын сыйлап, жылын күткеніне ризамын. Жалғыз Жайнақты жат қылмаймын. Анасы екеніне дауым жоқ. Көзім жұмылғанша қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқыттырмаймын. Шаңырағымның иесі – Жайнақ», – деп сөз салғанда, келіні бөтен ой, бөтен тілектен аулақ екенін айтып, қамкөңіл қартты қатты қуантқан.
Келіні Нұрила осыдан төрт-бес күн бұрын орталыққа дүкенге барып келемін деп, Жайнақты ертіп кеткен. Олардың сол кеткеннен мол кеткенін кемпірі екеуі сырттан естіп, сан соқты да қалды. Келер деп күтті, келмеді. Шыдай алмаған қарт кешегі күні Нұриланың немере ағасының үйіне барды.
Атын арық жағасындағы ағашқа байлап, көк есікті ауланың ішіне енгенде, Жайнақ тұлымшағы желбіреген жас қызбен ойнап жүр екен. Ол мұны көрген бетте: «Ата!» деп айқай салып, құлдырай жүгіріп келген бетте құшағына қойды да кетті. Құрманның көзінен қос тамшы жас ытқып кетті. Жайнақтың талдырмаш, жұқа денесі қапсағай қарттың кең денесіне жұтылып, жымдасып кеткендей.
– Құлыным-ау, әжең екеумізді тастап кеткенің қалай?
– Мен емес қой. Тәтем ғой ауданға барамыз деп алып кеткен.
– Ауылға қайтайық десек, жоқ, бармайын дейді.
– Ендеше жүр, ауылға кетеміз, киіміңді ал. Әжең де сені қатты сағынып жүр. «Егер Жайнақ менің «аһ» дегенде аузымнан түскен балам болатын болса, келсін!» — деп қатты тапсырды.
– Тәтем ше?
– Тәтеңнің өзі артыңнан келе жатар.
– Анау Сәуленің мамасы ұрсады ғой.
– Неге ұрсады?
– Ол ылғи да тәтеме ұрса береді. Маған да ұрсады. Әкең жоқ, ол өліп қалған деп жаман сөз айтты.
– Қой, ол өтірік айтады. Ондай жаман сөзге сенбе, құлыным. Ол өлген жоқ, ол сонау алысқа кеткен. Асықпасаң, әлі-ақ келеді, – деп Жайнақты бауырына қыса түсіп, көмекейіне кептеліп келген жасты зорға ірікті.
– Расымен келе ме, ата. Маған өзі жүретін машина әкеп бере ме?
– Әкеледі, қалқам, сөз жоқ, әкеледі. Әлі-ақ әжеңді, мені мінгестіріп алып, үлкейгенде Алматыға да, Мәскеуге де барасың.
– Ой, қандай жақсы болды, онда, алақай, – деп Жайнақ атасының мойнына жабыса түсті. Сәлден кейін Жайнақ біртүрлі салмақпен:
– Ата, қызыл қасқа ауылда ма? – деді.
– Ауылда, құлыным, ауылда. Өзі сен кеткелі мүлде жүдеп те кетті. Кеше әжең берген нанды жемей қоймасы бар ма? Жайнақ қайда өзі, тіпті жаман бала екен, мені ұмытып кетті деп, қатты өкпелеп жүр, – деп қарт жымың етіп, Жайнаққа сынай қарады.
– Иә, өтірік, қой сөйлемейді ғой.
– Е, нанбасаң әжеңнен сұра.
Екеуі сықылықтай күлісті. Жайнақ сәл ойланып қалды да, біртүрлі салмақпен:
– Ата десе, анау сарайдағы пішенай нанды да ауылға ала кетейікші. Қызыл қасқаға сақтап жүрмін, – деп, сарайға қарай жүгіріп кетті. Сол кезде көк есік сықыр етіп, шалқасынан ашылды. Артына бұрылып жалт қараған Құрман қарт ішке кіре беріп, сыртқа қарай үй айнала зып берген әлдекімді көз құйрығымен шалып қалды. Көзіне таныс көк көйлектің етегі елбең етіп, ар жаққа зым-зия сіңіп кетті. Қолындағы торын сықай толтырған сырғалы таныс келіншек босаға аузында аз аңтарылып тұрып қалды да, бұған қарай ақырын аяңдады. Ажары тұманды күндей тұнжырап сала берді. Әлгінде ғана жүзінде асып-тасып келе жатқан күлкісінің шуағы тұңғиыққа батқандай, шым-шым семіп бара жатты. Жайнақ анадай жерде состиып тұрып қалды. Қолындағы ақ түйіншегі жерге сусып түсіп кеткен екен.
– Иә, келіңіз, жай жүрсіз бе?
Даусы біртүрлі шыңылтыр, сыпайы айтса да суық темірмен жоныңды қарығандай.
Құрман қарт қайнап кетті. Бойы дірілдеп, өзіне-өзі әрең келіп, орнынан ауыр көтеріле берді. «Жай жүрсіз бе деуін. Түк сезбегенсуін».
– Еріккен адам жай жүре ме, қарағым!
Қанша жұмсақ айтқысы келсе де, үні сызды шықты.
– Ұйыған ұямды бұзғандай не кінәм бар еді, шырағым? Келінім мен баламды үйге қайыр. – Қарт кесіп айтты.
Әйел сазарып тұрып қалды да, кенет түтіге сөйлеп, аула ішін шаң-шұңға толтырып жіберді.
– Қария, ешқайсысы да бармайды. Жайнақ та бара алмайды. Баласын шешесінен айыратын ешқандай заң жоқ. Он үш жасқа дейінгі баланың ықтияр-еркі шешесінде екенін біліп қойыңыз. Жайнақта шаруаңыз болмасын.
Қарт қатты түңіліп кетті. Қадір тұтқан Нұриласының бір бүйіріне бықсық ойдың бұйыққанын айтпай ұқты. Адал болса, алдына келіп, шынын айтпас па еді. Тапа-тал түсте көзін бақырайтып қойып тұрып, жаудан қашқандай болғаны сұмдық екен – деп, қатты қамыққан қарт атына қарғып мінді де, көше бойлап шаба жөнелді. Шырынның қолынан жұлқынып шығып, есіктен жүгіріп шығып, жан ұшыра айқайлаған Жайнақтың:
– Ата, ататай, тоқташы! – деген даусын естіген де жоқ.
Ауылдық кеңестің төрағасы Құрман қартты үнсіз тыңдап болды. Жіпсік көзін кеңсе бұрышына қадаған күйі жұмырша быр­­тық саусақтарын айнадай шағылысқан қоңыр стол үстіне секірте ойнатып, ойланып қалды. Аздан соң даусын сәл кенеп алып:
– Құреке, қанша тентек болса да, сол әйелдің сөзінің жаны бар. Келініңіз ықыласты болмаса, мұның өзі шынында да қиын соғатын іс. Сотқа барсаңыз да, соның сөзі заң. Өзіңіз айтыңызшы, заңға қарсы келе аласыз ба?
– Әй, Сәрсенбек, мен сенен заң сұрайын деп келді деп пе ең. Мен елдік жаса деп келіп отырған жоқпын ба? Анау Нұриланың әкесімен бірге жүріп, бірге тұрып жүрген жансың. Бір-біріңе сөздерің өтеді емес пе. Жайнағымды қайтарсын. Тілегім сол. Нұриланың жастығына жол кесір қылар жайым жоқ. Жатқа кеткендей болса да, бір-бірінен суытайын деген ниет менде тағы жоқ. Келіп тұрсын, барып тұрсын, бөгеуім жоқ. Соған азаматтық жаса.
– Әй, қиын-ау, қиын ғой, Құреке. Мұндай іске жолдастықты салу да қателік қой.
Тура қараудан тайсақтайтындай жанарын төменшіктетіп, тұнжырап отырып қалды.
Құрман қамшысын бүктеп алды да, мауыты креслодан ықшам көтеріліп, есікке қарай бет алды. Тұтқаға қолы тие бергенде Сәрсенбектің:
– Құреке, – деген үні кілт тоқтатты. Күңгірт тартқан көкіректі үміт сәулесі ақ ұлпасымен сеуіп өткендей болды. Сәрсенбек қақырынып алды да, мұрнының астынан міңгірлеп:
– Құреке… мынау еті құрғыр да қысып барады. Тағы да тоқсандық жоспарды орындамадың деп… Соған ертең машина барғандай болса, түсінесіз ғой, – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Қайырыла қараған қарт әлде не айтқысы келіп аңтарыла қарап тұрды да, есікті тарс жауып, сыртқа шықты.
Мазаң, шымшыма ойдың шырмауында келе жатқан қарт бір мезгілде үй жаққа көз салып еді, киіз үйдің ашық есігінен сыртқа шығып келе жатқан қызыл қасқа қойды көрді. Аузы-басы айранға малғандай аппақ.
– Қап, мына нәлет сойқанды әбден салып шыққан екен-ау, ә. Сорлы-ай, қабының аузын да жауып кетпепті ғой, – деп Ақтамдағы дүкенге кеткен кемпіріне жатып кейіді. Қарт алдында жатқан жыңғыл таяқты ала салып, қызыл қасқа қойға тұра ұмтылды. Адамға үйірсек, қолбала қой қарттың айбарынан ыққан жоқ. Бейбіт, бейғам пішінде қартқа қайырыла бір қарап алды да, құдыққа қарай беттеді.
Ол жыңғыл таяқты сілтеп қалды. Бірақ жаңылыс кетті. Іргеде сүйеулі тұрған шылапшынға тиіп, шағыла ұшты.
– Ішің кепкір, жарылып қана өлмейсің-ау, – деп даңғыр еткен дыбыстан үркіп қашқан қызыл қасқаның соңынан түйіле қарады.
Үйдің ішіне кірді. О, сұмдық! Айра-жайра. Қазандағы сүтті ақтарып, ыдыс-аяқтарды жау тигендей қылып кетіпті. Қаптағы ұнға бүйірін сүйей құлаған қазан түбіндегі қалдық сүт ұнға шыланып, қоймалжың сары тартыпты. Айналаның бәрі ақ айран. Аласа жәшік үстінде тұрған ақ самаурын жерге тұмсығымен шаншыла құлаған екен. Аударып көріп еді, ішіне қарай қабыса майысыпты.
– Алда, пәдеріңе нәлет-ай, құртқан екенсің-ау.
Сылқ етіп отыра кетті. Тұрары үйленгенде топ жолдасы құтты болсынға әкелген қымбатты сыйы еді бұл. «Қазаның­ның астынан от кетпесін, самаурыныңнан шоқ кетпесін», – деп күлдіре сөйлеген сол тілеуқор жігіттің сөзі мұның жадында жатталып қалыпты. Тұл қалған тілектің тілсіз куәсіндей болып тұрған самаурынға Құрман қарт тұнжырай қарады. Көңіл жиегін қорғасындай ауыр бұлт торлап бара жатқандай.
Құрман қарт үйден шыға бергенде, дүр еткен машина үні естілді. Ошақ басынан әрірек тұсқа тоқтаған Сәрсенбек мініп жүрген сұр машина екен. Ол үйге қарай келе жатқан бұйра шаш, сары жігіттің елден салық жинайтын Жаңабек екенін таныды. Қарттың түнеріңкі қабағына қарап, жасқана амандасқан жас жігіт былғары папкасын қысқан күйі состиып тұрып қалды. Қабақ астынан қарияға көз салып, үшкір туфлиінің ұшымен жер шұқи берді.
– Етке кеп пе едіңдер?
Қарт Жаңабекке қадала қарады. Ол үнсіз бас изеді.
– Ендеше, анау қызыл қасқаны ұстаңдар.
– Анау астаудың жанында тұрғанды айтасыз ба?
– Иә.
Жаңабек те жіпсіз байланып тұр екен, шофер жігітке қулана қол бұлғап, қойға қарай жүгіре жөнелді.
Құрман қызыл қасқаны көтеріп, машинаға салып жатқан екеуіне қарамай теріс айналып кетті.
– Әй, мынауың ұн жегеннен сау ма?
– Ха-ха. Қартың қу деп бағана айтпап па едім. Салмағы артсын деп жасаған айласы емес пе.
Құрман қарт олардың не десіп жатқанымен ісі болған жоқ, тек құлағына Жаңабектің қарлығыңқы, таныс күлкісі келіп жатты. Ол қызыл қасқа қойдың анау қол созым жердегі Төбекөңдегі артезиан құдық басындағы «дала ауыз» Әбділданың алдына барып түсетінін білді. Шамалы уақыт шабындыққа бағылып, кезегі келгенде тіркемесі ұзын көк қасқа машинамен Қаратау қаласына қарай жол тартатынын ойлады. «Болсын солай! Бәрі бітсін осымен! Көзге күйік қылып қайтпекпін? Кенеуі кеткен кемедей тірлігіме өкпелемесем, кімге өкпелеймін!?».
Қарттың кәрі көкірегін кермек ой осылай осып өтті.
Күн ұясына батуға тақалып қалған шақ еді. Ол екі биесін ағытып болған соң, есік алдындағы аз ғана тұяғының шетін қайырмалап, таяғына сүйеніп тұр еді. Кешкі ауаны кеуде кере жұтқан Құрман қарт заңғар көкке көз салды. Сонау көз ұшында дала қыраны қалықтай ұшып жүр екен. Батар күннің қызыл нұрына малынған қанатын бейғам қағып, еркін жүр. Жердегі есті жанның мұңынан аулақ, тіптен жырақ жүргеніне масаттанғандай. Қария жеңіл күрсінді.
Кенет кешкі ауаның тынышын бұза маңыраған қойдың үні Құрман қартты жалт қаратты. Біртүрлі таныс, туыс дауыстай, жүрегі лүпи ойнай соғып кетті. Апыр-ау, қай тұстан шықты? Қалың алаботаның арасынан кешкі алаумен шағылып жалт ете қалған қойдың қасқасы көріне берді. Жабырқау, сағынышы аралас үні құлағына қайта жеткенде, тал бойы егіліп, іші-бауыры еріп кетті.
– Беу, жануар-ай, естісін қара. Жат өрістен жылы ұяңды іздеп қайтып келдің-ау, – деді дірілді үнмен. Қос түйір тамшы жас салалы сақалына суси тамып түсті. Неге екені белгісіз, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай бір қуаныш қарттың тамыр-тамырын қуалай ойнап кетті.
– Ей, жаратқан, жақсы ырым болғай, жақсы ырым болғай, – деп күбірлей берді.

9Пернебай ДҮЙСЕНБИН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support