- Advertisement -

Ғаламтор қалай пайда болды?

2 044

- Advertisement -

Ғаламтор – компьютер желілері жүйесін біріктіретін әлемдік кеңістік. Оған қосылмаған компьютер кемде-кем шығар. Ғаламтор арқылы көптеген әлеуметтік желілерге кіріп, түрлі ойындар ойнап, әлемнің кез-келген нүктесінен сол мезетте хабар алып отырған адамдарға ол күнделікті қажеттіліктің бір бөлшегіне айналған. Вашингтонның тинейджерлерінен бастап, Алясканың шамандарына дейін қолданатын ғаламтордың қалай, қашан, қайда пайда болғанын, бүгінгідей «алыстан хабар алғызған» ерекшелігінің бастауында кімдер тұрғанын көпшілік біле бермейді. Ендеше, ғаламтордың пайда болуы мен оны жасаушыларға назар аударайық.


Биыл ғаламтор желісіндегі алғашқы вебсайтқа тура 25 жыл толды. Ол «info.cern.ch.» сайты. Тағы бір қызықты дерек, ғаламтор ешкімнің меншігінде емес, яғни барша адамзатқа ортақ құндылық болып табылады. Алайда, көптеген елдер үшін оның нақты бір иесінің болмауы көп қиындық туғызған екен. Өйткені, оған тыйым салу үшін жүгінетін нақты бір орган жоқ. Ендеше, ғаламтор ешкім тыйым сала алмайтын еркіндік әлемі деуге әбден болады. Әлбетте, белгілі бір сайттарға салынатын тыйым мүлде басқаша.
Мамандар ғаламтор трафигіне деген күнделікті сұраныстың ғаламат болуы, оның бір күндері апатқа ұшыратуы мүмкін деседі. Өйткені, әлемдік «шырмауықтың» мөлшері мен мүмкіндігі шектеулі екен.
Ғаламтордың тарихы 1957 жылы Кеңес Үкіметінің ғарышқа жасанды жер серігін ұшыруынан басталады. Бұл жағдайдан соң АҚШ мәліметтерді алмасуды қамтамасыз ететін компьютерленген жүйесін жасап, сол арқылы соғыс бола қалған жағдайда өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алады.
Оны жасаумен елдің ең алдыңғы қатарлы университеттері айналысады. Олар жасаған жүйе Advanced Research Projects Agency Network сөзінің қысқартылған түрі «ARPANET» деп аталады. Ол кездегі компьютерлер қазіргімен салыстыруға да келмейтін еді. Сондықтан, жаңа жүйені жасау асқан қиындық туғызған. Бұл жобаны АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі қаржыландырған. Ғылыми мекеме қызметшілері жүйеде тек 1969 жылы бірікті. Алғашқы байланыс Стенфорд ғылыми-зерттеу орталығы мен Лос-Анжелестегі университеттің арасында жасалған. Олардың арақашықтығы 640 шақырым. Алайда, екінші мүмкіндіктен соң ғана байланыс жасауға мүмкіндік туды. Бірінші талпыныс 21 сағатқа созылса, екінші рет бір жарым сағаттан соң бәрі ойдағыдай аяқталды. Осылайша, нақты осы күн, яғни, 1969 жылдың 29 қазаны ғаламтордың пайда болған күні болып саналады.
Тек 1971 жылы Пентагонда университеттер ғалымдарының арасында электронды жәшік арқылы мәлімет алмасуға қол жеткізілген. 1973 жылдарға қарай «ARPANET» халықаралық маңызға ие болады. Ал 1983 жылы оның аты қазіргіше ғаламторға айналды. 1984 жылы IRC, Internet Relay Chat-ты енгізу арқылы сайттардың нақты мекен-жайының домені пайда болып, 1988 жылы нақты уақытта чат арқылы сөйлесуге қол жеткізілді.
Әлемдік жүйені енгізу идеясы Еуропаға 1989 жылы келеді. «ARPANET» жобасы түрлі салада қанат жая бастады. 1991жыл – электронды поштаны жүйе арқылы берудің алғашқы бағдарламасы жасалған уақыт.
Келесі кезекте www, World Wide Web аббревиатураларын жасалды. Бүгінде ғаламторды бұл әріптерсіз елестету мүмкін емес. Мұндай жаңалық үшін әлем Тим Бернерс-Лиге қарыздар. Ағылшын ғалымы сан мыңдаған мәтіндер мен көптеген сілтемелерді бір өзінде сақтай алатын жүйені жасауға кіріскен. Ол үшін бес жыл тынымсыз еңбектің нәтижесі ғаламат болды: 50 миллионнан аса қолданушыны тіркеді.
Келесі кезекте ғаламторда аса таныс HTTP, HTML, URI, URL және Internet Explorer, Mozilla Firefox, Google Chrome, Opera сынды браузерлер пайда болды.
1997 жылы ғаламторға шамамен 10 миллионнан аса компьютер қосылған.
Бернерс-Ли өзі жасаған жүйелер арқылы миллиондаған табыс таппады. Ғаламторда ақша жасау сәл кешірек пайда болды. Миллиардтар «Гугл» мен «Яндексті» жасаушылардың есепшотында.

 Маржан РАҚАЙ, 

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support