- Advertisement -

Тәкаппарлық – екі дүние кесірі

220

- Advertisement -

Адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі – тәкаппарлық. Бұл жүректің түбінен орын табатын жаман қылық. Мұндай мінезге шалдыққандар өзін өзгеден биік қойып, жақсы қасиеттерін жоғалтады. Қасиетті Құранда: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып тозаққа кіреді» деп айтылады. «Жүрегінде мысқылдай тәкаппарлығы бар адам Жәннатқа кірмейді» деген Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадисі бар.

Бабалар даналығында «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлағат сөз бекер айтылмаса керек. Бұл да исламның тағылымды жолы. Исламда адамдар арасында бір-бірінен алшақтап тұратын айырма жоқ. Алланың алдында басшы да, қосшы да бірдей. Мұны айтып отырғанымыз, қазіргі таңда кісінің шені мен шекпеніне қарап құрмет көрсету көбейіп барады. Ал қарапайымдылық – ең ізгі қасиет.
Сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір амалы өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмбеттеріне қарапайым болуды әмір етті. Сол дәуірде Пайғамбар сахабаларына: «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты ас жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деді.
Тәкаппарлық кей адамдардың білім алуына кедергі. Бұрынғы өткен бабаларымыз: «Ілімге екі адам ие бола алмайды. Ұялшақ пен тәкаппар» деп айтып кеткен екен. Амалсыз білім жиған адам сол ілімімен басқалардан жоғары тұрмын деп есептейді. Білімі азды көзіне де ілмей, төмендетеді.
Пайғамбардың заманында сахабалары Әбу Зарр мен Біләл сөйлесіп тұрады. Сөз арасында Әбу Зарр Біләлдің анасына тіл тигізеді. Осы жағдай Пайғамбарымызға жеткен кезде, ол Әбу Заррды шақырып алады. «Ей, Әбу Зарр шындығында сенің бойыңда надандықтың сарқыншағы бар екен. Біләл сенің бауырың ғой» дейді.
Алланың берген нәсібін бағаламай: «Маған барлық байлық өз еңбегіммен бітті», – деп тәкаппарлық танытатындар аз емес. Әрине, әр адам мұндай жөнсіз қасиеттерден де сақтанғаны абзал.
Әр адамның өзін өзгеден жоғары ұстауы ешқашан жақсылыққа апармайды. Өкінішке қарай, қатерлі дертке айналған бұл індет қаншама адамның жүрегін жаулап үлгерді. Ислам ғалымдары әлем жаралғалы жасалған күнәнің алғашқысы тәкаппарлықтан басталды деген пайым жасайды.
Біздер, имамдар, бұл тұрғыда тұрғындарға жақсы сөзімізді арнап, жүректеріне жететіндей жағдайда тәкаппарлықтан аулақ болуды түсіндіруге тиіспіз. Бұл орайда жоғары және арнаулы оқу орындарының, мектеп ұстаздарының атқарар ісі, жауапкершілігі жеңіл емес. Тәкаппарлық жақсылыққа жетелемейтінін бүлдіршіндердің және жастардың түсініп өскені, қалыптасқаны абзал. Себебі, тәкаппарлық – екі дүниенің кесірі.

Ержан Аманбаев,
облыстық «Һибатулла Тарази»
мешітінің найб-имамы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support