- Advertisement -

Назеркенің кәсібі

137

- Advertisement -

    Назерке Қабираева бала күнінен-ақ еті тірілігімен құрбыларынан ерекшеленетін. Көп балалы отбасында өсуі оны ерте есейткендей. Әкесі Мейрамбек Қартабаев темір жол саласында, ал анасы Райхан Қожабергенова қазынашылық банкінде қызмет етеді. Былай қарасаң, отбасында бәрі де жеткілікті. Бірақ нарықтық қатынасқа бейімделген заман есті адамды жаңаша, бақуатты, жақсы өмір сүруге қарай итермелейді екен. 

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде газ мамандығы бойынша оқып жүрген он алты жасқа толған аруды бизнес әлемі қызықтыратын. Содан ба, сенбі, жексенбі күндері «көк базарға» шығып киім-кешек сатты.
Сөйтіп жүргенде аудандық газетте моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында қалада жоқ кәсіппен айналысамын әрі алғашқы кәсібін ашамын деушілерге қайтарымсыз несие берілетіндігі жөнінде хабарландыру жариялана қалды. Оны оқып танысқан Назерке бағын сынап көруге бел байлайды.
– Сөйтіп аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне бас сұқтым, – дейді жас кәсіпкер, – олар маған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегіне жүгіну жөнінде кеңес берді. Ол жерде кәсіпкерліктің қыр-сырына алғаш рет қанықтым. Әрі бизнес-жоспар жасауға байланысты көмек те алдым.
Осыдан бір жарым жыл бұрын 1,7 миллион теңге қайтарымсыз несие алған Назерке пеш, тоңазытқыш, тағы басқа да электр техникаларын сатып алып, пиццерия жасайтын цех ашты. Қазаққа таңсық пиццаның, донер, чизбургердің сан алуан түрлерін пісіріп сата бастағанда, тіпті ата-анасының өзі тұтынушылар табылар ма екен деп алаңдаушылық танытқан еді. Дегенмен, дәмі тіл үйіретін, Батыс елдерінде мол сұранысқа ие тағамдарды қаратаулықтар да теріс көрмеді. Әзірге пицца, донер, чизбургердің қазақша атауы жоқ. Назеркенің түсіндіруіне қарағанда, бұл қазақтың пәтір, қаттама, бәлішіне түрлі көкөніс пен шұжықты қосып, байыту жолымен жасалатын тағам түрі көрінеді.
Жас кәсіпкер қолы қалт еткенде Алматыға барып бизнестегі білімін жетілдіріп, арнайы сертификат та алған. Кәсібін одан әрі дамыту үшін манная – сеньор бағдарламасы арқылы Италиядан, не Алманиядан, тіпті Америкадан аспазшылар шақыртып, ас пісірудің қыр-сырын үйренуге де келісімін беріпті. Тәлімгерлердің шығынын «Даму» қоры көтеріп, 2-3 айлық жатын орны мен тамағының шығынын Назеркенің өзі өтемекші де болыпты. Өйткені, олардан балалар тағамын жасауды үйрену де қажет-ақ. Әзірге, бұл жоба жүзеге аспай тұр.
Назеркенің кәсібін одан әрі дамыту арқылы Қаратау қаласынан отбасылар демалатын, әркім үшін де қолжетімді шағын асхана, мәзірханалар ашу да ойында бар. Инвесторлар табылса, бірігіп еңбек етуге де әзір. Ол үшін қомақты қаражат керек, әрине. Тіпті, тағам пісірудің әлемдік тәжірибесін үйренуге Қытайға да барып оқысам деп армандайды. Қысқасы, Назеркеде арман көп. Соған жету жолында ізденіп, зыр жүгіріп жүрген жайы бар.

Сәулембай Әбсадықұлы, 
«Ақ жол».

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support