Көкдөнентаудың бұлбұлы

125

Гауһар Мырзахметова
әнді талғаммен таңдайды

Жұрт бір сәтке демін ішіне тартып, көзін жұмып, аузын ашты. Таңдай қағып, таңырқауға да батпайтындай. Оқыс қимыл жасаса, мына алтын жалатқан сарайға адасып ұшып кірген бұлбұлды үркітіп алудан қорқатын секілді. Қыбырсыз отыр. Саф өнерді құрмет тұтатын көпшілік әуелеген ән сазымен тербелуде. Сиқырлы әуен шырқар шегіне жеткенде, әуеге ілініп қалғандай сыңғырымен арбап ұзақ тұрды. Көз алдыма зау биікке шырқай көтерілген бұлбұл елестеген. Ән кенеттен кілт үзілді. Жұдырықтай әнші құс та ғайып болыпты.

Зал ішінде өлі тыныштық орнады. Жұртшылық жаңағы бір әдемі әннің әсерін жоғалтып алғысы келмегендей. Таңдайларына бал жағып алғандай, талмап-тамсана жұтынды. Осы кезде ғана тап қазір тыңдағандары сиқырлы саз емес әсем ән екенін, оны орындаған өнерпазға қошемет көрсету керектігін әлдекім ұғынды-ау деймін, орнынан тұрып, шартылдата шапалақ ұрды. Оны жиылғандар іле қоштай кетті.
Мына көрініске қарап, іштей сүйсіндім. Сонау бір балауса шақта мектеп сахнасына имене көтеріліп, ұяла ән салатын Гауһар бүгін нағыз толысқан әнші болыпты. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінің бірінші курсын тәмамдап келгенде, ауылда өткен концертте өнер көрсеткені есімде. Содан кейін сахнада көріп тұрғаным осы.
Гауһардың оқуын бітіргеннен кейін Жамбыл және Маңғыстау облыстарының филармониясында жұмыс істегенін білемін. Ауылдағы той-томалақ жиындарда ара-тұра жүздесіп қалатынбыз. Дегенмен, оның ән салғанын тыңдамағаныма 10 жылдан асыпты. Латиф Хамидидің Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Бұлбұл» әнін репертуарына енгізіпті. Мұнысын батыл қадам деп топшыладым. Бибігүлді ешкім қайталай алмас, әйтсе де, көпшіліктің құлағына бұлбұл әншінің орындауымен сіңісті болған әнді шырқап, тыңдарманының жүрегіне жеткізу оңай емес.
2012 жылы халықаралық «Дала даусы» фестивалінде «Бұлбұл» әнін орындап, «Жаңа есім» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Гауһар Мырзахметова «Хабар» арнасында «Жаңа толқын» бағдарламасының қонағы болып, «Жаңа күн» бағдарламасында ән шырқады. Кәсіби шеберлігі де толысқан. Ән таңдаудағы талғамы да жоғары. Оның орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыңа» әні де көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Ескі әндерді жаңғыртуға мықтап бел буған секілді. Алаңсыз балалығын, албырт жастық шағын сағынбайтын жан жоқ шығар, сірә. Қайта оралмас сол бір «көктемін» оралтқандай ескі әндерді қайта жаңғыртып, шырқап жүрген Көкдөнентаудың бұлбұлы – Гауһар Мырзахметоваға тыңдармандары дән риза. Көпшілікті әсем әнімен Алатаудың баурайына қол бұлғап шақыратын әнші қазір Аспантаудың етегіндегі Алматы қаласында тұрады.

 Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.