- Advertisement -

Жаңа Жібек жолының жаңажылдық хикаясы

105

- Advertisement -

биылғы мереке өңір бүлдіршіндері үшін бұрынғыдан өзгерек болды

Еліміздің барлық өңірлерінде Президент шыршасы тойланды. Таңғажайып мерекені жамбылдық жеткіншектер де көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. 

«Баласағұн» орталық концерт залында өткен іс-шара талай балғынға қуаныш сыйлап, ұмытылмастай әсерлерімен баурады. Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, түрлі түсті шамдармен, ойыншықтармен безендірілген шыршаны айнала билеу бақытына ие болатын осынау күнді балалар жыл бойы армандап, аңсай күткен еді. Сол армандары орындалған жасөспірімдердің шаттықтан жүздері бал-бұл жанғанының куәсі болдық.
Аталған іс-шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, орынбасары Ерқанат Манжуов, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қатысып, балалар қуанышына ортақтасты.
Бұл күні мерекеге арнайы шақырылған Тараз қаласы мен шалғай аудандарда тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, Қ.Сарымолдаев атындағы, сондай-ақ отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің, облыстық мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері шараның естен кетпес ерекше сәті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өздерін, өңірлердегі мерекелік іс-шараларға қатысушы жеткіншектердің барлығын Жаңа жыл мерекесімен бейнеқұттықтауын теледидардан көріп, тыңдады.
– Қымбатты балалар! Қазақстан бүгінде әлемге бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның әлемдік беделін арттыруға өздерің де есейгенде үлес қосасыңдар деп сенемін. Өйткені, сендер рухы биік, тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыңдар. Сендер көптеген ғажайыптар шындыққа айналып жатқан тамаша уақытта өмір сүрудесіңдер. Біздің еліміз аз ғана мерзім ішінде әлеуетті тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты. Біз сандаған ұрпақтың аңсар-арманына қол жеткіздік. Туған еліміздің гүлденуіне әрбір қазақстандық өз үлесін қосады. Бәріңнің де оқуда, спортта, шығармашылықта болсын көптеген жетістіктерге қол жеткізгендеріңді, әрқайсыңның қандай да бір өз жаңалықтарың барын білемін. Сендердің жетістіктерің – өмірдегі үлкен табыстарға алғашқы қадамдарың. Әрқайсыңның өз қалауларыңды тауып, өз істеріңнің үздіктері болуларыңды тілеймін. Оқыңдар, бір-біріңмен араласыңдар, ең бастысы – достықты бағалаңдар. Келе жатқан Жаңа жыл қуаныш әкелсін! Бәріңе мықты денсаулық, жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жылдарың құтты болсын! – деді өзінің құттықтауында Мемлекет басшысы.
Елбасының ыстық ықыласы мен ізгі лебізі өрендердің асқақ арманына қанат бітіргендей болды.
«Жібек жолының жаңажылдық ертегісі» атты негізгі мерекелік қойылымның өне бойы көңілді әнмен, бимен өріліп отыруы әрі шытырман оқиғаларға толы болуы да балғындарды ұмытылмас әсерлерге бөледі. Онда балалардың Аяз ата мен Ақшақар бастап, жаңажылдық сыйлықтар жасырылған сандықтың кілттерін іздеп, Ұлы Жібек жолы бойымен саяхатқа шығуы баяндалады. «Жиһанкез» балалар талай қиындықтарға, бұрқасынды боранға, шөл-шөлейтке, ну орманға да кез болады. Оларға Сиқырлы бояулар, Айдаһар, Мысыр ханшайымы, Маугли секілді ертегі кейіпкерлері кілттерін беріп көмектеседі. Саяхат Ұлы Дала елінде түйінделіп, алтын сандық ашылғаннан соң, қатысушылар сыйлыққа қарық болысты.
Әр балаға Елбасының құттықтау хаты жазылған кітабы, ноутбук, жұмсақ ойыншықтар, тәттілер түріндегі жаңажылдық сыйлықтар жиынтығы берілді. Сыйлықтарды оқушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан өңір басшысы К. Көкірекбаев табыс етті.
Жалпы, еліміз бойынша президенттік Жаңа жыл шыршасына қатысушылардың жалпы саны биыл 3500 баланы құрады. Ал облысымызда аталған мерекеге қатысу мәртебесіне 9-13 жас аралығындағы 200 бала ие болды.
Таңғажайып шырша мерекесіне қатысушылардың облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасауы, облыстық қазақ драма театрында жаңажылдық қойылымдарды тамашалауы, «Қазақ хандығы» монументінде, «Тараз-Арена» спорт кешенінде болуы да ұйымдастырылды.
Осы орайда балғындардың бір тобымен сұхбаттасқанбыз. Жамбыл ауданындағы Ы. Алтынсарин орта мектебінің оқушысы Мөлдір Абдуллаева мен Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылынан келген Мәдина Төлеутаева Елбасына, облыс басшыларына алғыстары шексіз екендіктерін жеткізсе, Шу ауданынан келген 9 оқушы да жарыса «Қазақ хандығы» монументі басында, облыстық музей мен театрда, Тараздың басқа да көрнекті орындарында болғандарына қуанышты екендерін айтты.

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support