- Advertisement -

Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты Қазақстан Жазушылар одағының МӘЛІМДЕМЕСІ

82

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Жолдауы қиын кезеңде, күллі ғаламды жаһандық дағдарыс әрі-сәрі еткен тұста жасалып отыр.
Бұл дағдарысқа дейін де Тәуелсіз мем­лекетіміз сан қилы қиындықтарды сәтті еңсергенін жақсы білеміз. Солар­дың барлығынан да ел бірлігінің арқа­сында абыроймен өттік. Осыған дейін екі мәрте дағдарысқа қарсы жоспар жа­са­лып, сәтімен жүзеге асырылды. Осын­дай өмірлік тәжірибелердің қашан да дағ­да­рысты жеңуге көмектесетіні Елбасының осы Жолдауында да жан-жақты айтылды.
Дағдарыстан күллі әлем елдері етек-жеңдерін қымтап жатқан тұста біздің мемлекетіміз де әр қазақстандықтың жайлы да бақуатты тұрмыс кешуіне жағдай жасауға ұмтылды. Тіпті, осы тұста тарихымызды түгендеп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесін бүкілхалықтық деңгейде атап өткіздік. Ұлы Отанымыз – Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету барысында осынау шара еліміздің әр азаматына тигізген ықпалы орасан болды. Жастарымыздың патриоттық сезімінің шыңдалуына айрықша әсер еткен игі шара болашақта да елімізді ерен жеңістерге бас­тай беруге рухани негіз.
«Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік», – деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында.
Рухымыз биік болуы үшін рухани байлықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, қадірлей білуіміз керек екендігі белгілі. Бұл жолда әдебиетіміз бен мәдениетімізді ілгері дамытушы зиялы қауымның атқарар рөлі айрықша. Осы орайда ұлт рухын көтеретін қандай да бір рухани байлықтарымыздың өз топырағымызда дүниеге келетінін баса айтқан жөн. Ендеше, Президенттің өз Жолдауында «Қазақстанда жасалған» деген ұлттық брендке баса назар аударуы жайдан жай емес. Елбасы айтқандай, «Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды».
Зиялы қауым алдына қойылатын ендігі мақсат – Елбасының Жолдауын халық арасында насихаттап, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жеткізу. Халық аузында айтылатын «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз дәл бүгінгі жағдайға толық орайласады. Елбасымыздың көреген саясатын көп болып қолдап, жарқын болашаққа батыл бетбұрыс жасауымыз керек. Сол арқылы біз бағдардан айнымай, Мәңгілік Ел болуға қадам басамыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support