- Advertisement -

Чемпион неден шатасты?

69

- Advertisement -

Өткен маусымда ұлттық лигада қарсылас шыдатпаған
«Тараз» волейбол клубы екінші турдан кейін 6-орында келеді

Ұлттық лигаға алғаш қосылған жылы-ақ дебютант статусына қарамастан, қарсыластарын қоғадай жапырған «Тараз» волейбол клубы біріншілікті бір деммен түгесіп, алтыннан алқа таққанда еліміздегі әуедоп мамандары да, жанкүйерлер де таңғалған болатын. Команданың ойын мәнеріндегі ерекшеліктері айрықша көзге түскен еді. Бірақ…
Сол «Тараз» волейбол клубы жаңа маусымды чемпиондық қарқынмен бастайды деп үміттенген едік. Енді сол үмітіміз күдікке ұласа бастады. Таразда өткен кезеңде алматылық ұжымға есе жібергенде бәрі алда деген сенімімізге селкеу түспесе дейміз. Сонымен, Талдықорған төрінде өткен екінші турда «В» тобында өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз жанкүйерлерін тағы да жабырқатып алды. Кезеңнің алғашқы күнінде «Алматы» командасына қарсы алаңға беттеген жамбылдық ұжым жергілікті командаға 1:3 есебімен жол берді. «Тараз» алғашқы екі сетте екі-үш ұпай айырмасымен ғана жеңілсе, үшінші сетте алматылықтардың басымдығы айқын аңғарылды. Дегенмен, төртінші кезеңде жеңіліп тұрып, таразы басын теңестіріп, тіпті, бір ұпайға алдыға шыққанымен жерлестеріміздің шешуші сәтте жүйкелері сыр беріп, 27:25 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.
Бұдан кейін жерлестеріміз Шығыс Қазақстанның «Алтайымен» кездесіп, үш сетте де қарсылас команданың мерейі үстем болды. Турдың соңғы күнінде «Павлодар» командасымен бақ сынасқан «Тараз» волейбол клубының жігіттері тартысты кездесу өткізді. Алайда, бес кезеңге созылған матчта павлодарлық команда ширақтық танытып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Осылайша, үш кездесуде де жеңілістің кермек дәмін татқан жерлестеріміз турнир кестесінің алтыншы сатысынан бір-ақ шықты. Топ басында «Алматы» командасы келеді. Алдыңғы маусымда қарсылас біткенді бұйым көрмеген «Тараз» волейбол клубының ойыншылары келесі кезеңдерде серпілмесе, жүлденің ауылы алыстай түсуі ықтимал.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, Есет Досалы, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support