- Advertisement -

Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

88

- Advertisement -

Білім саласындағы бүгінгі түбегейлі өзгерістер ұстаздың өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Өйткені, оған өздігінен талпынып білім алатын, алдына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденетін тұлға тәрбиелеу міндеті жүктелген. Ұстаз өзінің кәсіби біліктілігін қоғамымыздағы жаңа өзгерістерге сай жаңашылдықпен ұдайы жетілдіріп отыруға да тиіс.
Облыс орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы №48 мектептің информатика, физика, математика пәндері бірлестігіне мүше мұғалімдер тобы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісінде оқытудың, міне, осындай жаңа педагогикалық технологияларын басшылыққа алып отыр. Солардың бірі – физика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Рахила Нұрпейісова аталған білімұяда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, көптеген буын өкілдерінің дүниенің кетігін тауып, кірпіші болып қалануына дұрыс бағдар берумен келеді. Рахила Әбубәкірқызы қала, облыс көлеміне танымал мұғалімдердің шығармашылық тобының мүшесі. Ол сабақ беретін сыныптардағы оқушылардың үлгерімі де, білім сапасы да жақсы. Былтырғы оқу жылында шәкірттерінің республикалық, қалалық ғылыми жоба жұмыстарының байқауларында екінші, физика пәні бойынша қалалық олимпиадада үшінші орын жүлделерін жеңіп алғандары да бар.
Тәжірибелі ұстаздың өзі жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеу жолындағы көпжылдық еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, әлденеше мәрте облыстық, қалалық білім беру басқармасы мен бөлімінің, Тараз қаласы әкімінің Алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталған. Өзінің дәрістерін тыңдап, тәлімін алып өскен бірқатар шәкірттері бүгінде еліміз көлеміндегі ғылым мен техниканың түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Олар әр кезде де өздерінің ұстаздарын ұмытпай, ілтипатпен қайырылып, ыстық сәлемдерін жолдап жатады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегеніміз, сірә, осы болар.

Назкеш САУРАНБАЕВА,
Т.Рысқұлов атындағы мектептің ұстазы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support