- Advertisement -

Ақылмандар кеңесінің ақылы артық болмайды

73

- Advertisement -

Экономика мен халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал талқыланды

Мемлекет басшысы Ақылмандар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесуге шет елдердің көрнекті мемлекет қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары – Израильдің бұрынғы президенті Ш.Перес, Польшаның бұрынғы президенті Л.Валенса, Колумбияның бұрынғы президенті С.Трухильо, Испанияның бұрынғы премьер-министрі Х.Сапатеро, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры М.Аль-Барадеи және басқалар қатысты.
Кездесуге қатысушылар әлемдік саясаттағы, экономика мен халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуалды талқылады. Осы орайда еліміздің сыртқы саясатқа қатысты бастамалары мен халықаралық қоғамдастықтың әлемдегі түрлі қақтығыстарды шешу үшін күш жұмылдыруы барысындағы рөлі жөнінде мәселе қозғалды.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстанның қалыптасқан экономикалық жағдайда орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қабылдап жатқан шараларына айрықша назар аударылды.
Қазақстан Президенті еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы айтты.
– Жолымызды бастаған тұста біз күн көру үшін күрестік, өйткені Қазақстанның болашағы мен мүмкіндіктеріне қатысты болжамдар жағымсыз болатын. Мұндай перспектива бізге ұнамады, сондықтан батыл әрекет жасауға кірістік. Елеулі қиындықтың бірі социалистік экономиканы нарық жолына түсіру еді. Үш жылда жекешелендіру жүргізілді, Орталық Азия бойынша ең ауқымды инвестиция тартылды. Қазақстан бүгінде бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына, сондай-ақ өте мол көлемде инвестиция тартылған мемлекеттердің жиырмалығына кіреді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік шикізат нарығындағы бағаның тұрақсыздығына байланысты Қазақстанда индустрияландыру саясаты жүзеге асырылып жатқанына, соның арқасында соңғы жылдары жүздеген жаңа кәсіпорын салынғанына назар аударды. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта елде индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы іске асырылып жатқанын, оның басты мақсаттарының бірі экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін жоспарлы түрде азайту екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына, соның арқасында бүгінде қазақстандықтар болашаққа нық сеніммен қарайтынына назар аударды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support