- Advertisement -

Жамбылда не жаңалық?

71

- Advertisement -

Меркі

Оңтүстік аймақтық басқармасы Тараз шекара жасағының С.Шәкіров атындағы заставасының шекарашылары Меркі аудандық ІІБ-нің қызметкерлері, ауыл шаруашылық бөлімінің жұмыскерлерімен рейд өткізу барысында мемлекеттік шекара желісінен 10 шақырым жердегі «Шошқалы» шатқалында қарасора егілген жерді анықтады. Қоршалған егістіктен 500-ге жуық түп өсірілген қарасора алынды.

Мойынқұм

Қытайдың Синцзянь қаласында Х халықаралық «Тау Ли» (Жұлдызды Арман) ән байқауы өтті. Бұл ән байқауына әлемнің 13 мемлекетінің өкілдері қатысты. Жас таланттар арасында өткен дүбірлі додаға аудандық «Өнер» мектебінің оқушысы Альбина Молданова қатысып, бас жүлдені иеленді. Енді оған алдағы жылы Бірікке Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтетін әлемдік ән байқауына қатысуға жолдама берілді.

Қордай

Аудан орталығынан  «колхоздар аймағына»  апаратын   тас  жолдың Қарасу  ауылына  кіреберіс  тұсынан шекаралық  бақылау-өткізу  пункті  жұмыс  істей  бастады.  Енді  бұл  жолмен  өткен  жолаушылар шекараны  кесіп  өтпесе  де  тексерушілерге төлқұжаттарын  көрсетулері  қажет. «Бұл  – еліміздегі  «Мемлекеттік  шекара  туралы»  Заңға  сәйкес  шекаралық  аймақтарда  бақылау  режимін   күшейту талабымен  қолға  алынып  отырған  шара», – дейді  ҚР  ҰҚК  Шекара қызметі  2038 әскери  бөлімінің басшысы, подполковник  А.  Сыздықов. Жергілікті  тұрғындар  үшін  арнайы өткізу  рұқсат  қағаздарын  беру мәселесі  қарастырылуда.

Т. Рысқұлов

Құланда қатты жер сілкінісі орын алған жағдайдағы іс-әрекеттерді пысықтау бойынша оқу-тактикалық жаттығуы өтті. Онда төтенше жағдай орын ала қалған сәтте мекемелерде бірлескен үйлестіру жұмысы қалай жүргізілетіндігі егжей-тегжейлі пысықталды. Оған шұғыл әрекет ету, құтқару, өрт сөндіру жасақтары қатысып дайындықтарын көрсетті.

Сарысу

Биыл ауданда «Мектепке  жол» акциясы алғашқы рет Байқадам ауылдық округінде ұйымдастырылды. Ізгілікті шараға жеке құрылымдардың жетекшілері белсене араласуда. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қамқорлықты бірінші болып  «Жантөре» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Медеу Шаханов көрсетті. Ол Байқадам, Игілік және Жаңаталап ауылдық округіндегі орта мектептердің 30 оқушысына оқу құралдары салынған сөмке табыс етті.

Талас

Қаратау қаласындағы  темір жол бекеті күрделі жөндеуден өткізіліп,  төбесі жаңадан шатырланды.  Енді бекеттен қонақ үй, кішігірім асхана, шаштараз сияқты тұрмыстық қызмет түрлерін ашу қолға алынбақ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support