- Advertisement -

АҢСАУ

156

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысының ардагері Әмедия Әбдікешовтің туғанына 100 жыл

Қазақта «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген әдемі сөз бар. Кім қашан айтса да ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан осы бір асыл сөз мәнін жоғалтқан емес, жоғалмайды да. Асқар тауға теңейтін қайран әкелер арамызда аман-сау жүре берсе ғой дейсің, қайдан, адамның емес, Алланың айтқаны болады.
«Ата-бабаң өлмесе қайда кетті?» деп отырушы еді бұрынғылар. Үлкендер кетеді, орнын жастар басады, жастардың орнына өмір есігін ашып жатқан нәрестелер келеді. Мұны ұрпақ алмасуы дейміз. Елдегі алдыңғы толқын әкелер мен ағалардың дені менің көз алдымда өтті. Комсомол, партия және кеңес қызметтерінде еңбек етіп жүргенде Сарысу сынды шежірелі де, киелі өңірді мекен еткен майдангерлермен аралас-құралас жүрдім. Омыраулары орден-медальдарға толған олармен кездесулер ұйымдастырып, түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүрдік. Майдангерлердің ерлігін жас ұрпаққа үлгі еттік. Тәрбие жұмысында бізге әкелеріміз үлкен қамқоршы болды.
Бір ғана қазіргі Саудакент ауылының өзінде сексенінші жылдары 100-ден аса Ұлы Отан соғысының ардагері тұратын. Олар қатардағы құрылысшыдан бастап, әр салада қызмет атқарды. Басшылық қызметте болғандары да аз емес еді. Анада елге жол түсті, қызметте жүрген інілерден сұрастырсам, 70 жылға жуық аудан орталығы болған іргелі ауылда үш-ақ майдангер қалыпты.
…Біздің қарашаңырақта Жеңіс күні атаусыз қалмайтын. Анам Мәуіті үнемі оттан түспейтін қара қазанына таң сәріден ет салатын. Ауыл орталығындағы шеру мен мерекелік шаралар аяқталысымен ардагерлер де, ат үстінде жүрген басшы азаматтар да біздің үйге түсетін. Оларды келіндері «Танкист қайын аға», «Капитан қайын аға» деп атап кеткен әкем – Әмедия бастап келетін. Содан үйдің үлкені болған соң, анама қолғабыс жасап, дастархан жайып жүгіріп жүргенім. Әрқайсы баяғының Алпамысы мен Қобыландысындай көрінетін олар ашаршылықты, қуғын-сүргінді сыбырлап айтып отыратындарын құлақ шалып қалатын. Қазір қарап отырсам, шеттерінен қып-қызыл коммунист болған қайран әкелер қызыл қырғынның өзін ашық-жарқын айта алмапты-ау. Қан қасап-қырғын соғыстың өзін әңгімелей бермейтін. Олар отаншыл, нағыз патриот болды. Сол замандағы антқа адалдық деген, сірә, осы шығар.
Сол соғыс солдаттарының арасынан капитан шеніндегі әкемнің тұлғасы менмұндалап тұратын. Үй иесі болса да жасы үлкен болған соң, майдандас інілері «Әмедия ағамыз» бастасын әңгімені деп отыратын. Жасы демекші, әкем 1915 жылы дүние есігін Сарыарқада ашыпты. Ес біле ақ пен қызылдың қырғынын көріпті. Отызыншы жылдардың басындағы ұлы зұлмат-ашаршылықта Қаратауды бетке алған аш құрсақ қалың елге қосылыпты. Ұшқан құстың қанаты талатын Бетбақ даласында көмусіз, кебінсіз қалған мыңдаған адамдар… Сол зұлматта анасынан айырылып, бауырларынан көз жазып қалыпты. Кейде әкем жарықтық сол бейкүнә жандарды еске алып, іштей күбірлеп, дұға жасап отыратын. Сұм соғыста қаза тапқан қарулас достарының да рухтарына тағзым ететін.
Әкем Әмедия Әбдікешов әскер қатарына 1936 жылы шақырылып, Ташкент қаласындағы танкистер дайындайтын училищені бітіріп шығады. 1939 жылдың желтоқсанынан 1940 жылдың наурызына дейін Фин соғысына қатысты. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап Жеңіс күні келгенше майданда танкистер батальонының командирі болып, майданның алдыңғы шебінде жүрді. Жеңісті жау ұясы-Берлинде қарсы алып, 1946 жылы капитан шенінде елге оралады. Соғыстың зобалаңын еске ала бермейтін әкеме бірде: «Әке, соғыс туралы айта бермейсіз, тым болмаса ерлікпен мерт болған қарулас достарыңыздың рухы риза болсын бір сәт еске алып қойсаңызшы», – дедім. «Е, айналайын өзіммен-өзім оңаша қалғанда ашаршылықта, қуғын-cүргінде, соғыста қыршынынан қиылған жандардың рухына арнап дұға жасап отырамын. Отты жылдардың әр күні жадымда. 1941 жылғы Орел-Курск иініндегі алапат шайқастың бел ортасында болдым. Сол қырғында оң жауырыныма жау оғы қадалды. Құдай сақтап аман қалдым. Талай жауынгер көз алдымда жан тәсілім етті. Еске түсіру ауыр», – деп іштей күбірлеп, бетін сипады. Тағы бірде «Біздердің соғыстағы ерлік рухымыз ерекше болды. Отан үшін, алыста қалған жақындарымыз үшін деп жауға қарсы атой салдық. Біздің көрген қиындықты, азапты күндерді ұрпағымыз көрмесін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат!» дегені де күні бүгінге дейін есімде.
Бейбіт өмірде 1946-1953 жылдары Сарысу ауданында сауда саласында басшылық қызметте болды. 1953 жылдан өмірінің соңғы жылына дейін «Байқадам» совхозында, аудандық жанар-жағармай құю стансасының бастығы болып қызмет атқарды. Әкем Жеңістің 40 жылдығын көріп, 70 жасында соғыстан алған жарақаты асқынып, өмірден өтті. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен он шақты медальмен марапатталды.
Әкем басынан небір зобалаң өтсе де жаны таза, мөлдір еді. Бірде-бір адамға дауыс көтергенін естімеппін. Басшылық қызметте жүргенде де қызметкерлерін бауырындай көріп, баласындай аялайтын. Дүниеден өткенде де екі көзге ерік беріп, бүкіл ел болып егілгені де көз алдымда. Мына зымыран уақытта бір сәтте тоқтау жоқ қой, содан бері 30 жыл өте шығыпты. Қарашаңырақта құранын үзбей анам отыр. Жаратқан ие әкемнің көрмегенін 90 жастағы анамның көруіне жазғанына күніне мың мәрте шүкіршілік етемін.
Жеңіс мерекесі қарсаңында үйге бір топ жігіт сау ете қалды. Тыл ардагері анамыз Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталған екен, соны тапсыруға келіпті. Сонда қайран шешенің жанары жасаурап, көңілі босады-ай келіп. Қуаныш жасы дедік. Кім білсін кәрі жүрек мынадай нұрлы заманды көрмей кеткен шалын да еске алған шығар.
– Айналайындар, ел аман болсын, осынау елдің бағына біткен Елбасына Құдай қуат берсін! Менің арманым жоқ. Төрт қыз бен бір ұлдан тараған ұрпағымның өзі бір қауым ел болды. Алланың мұнысына мың мәрте шүкір! – деді. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген өлең жолындағы сөз рас шығар. Әлі де қатардан қалмай қоғамдық өмірге араласып жүргеніміз анамыздың арқасы ғой. Кей-кейде оңаша қалған сәттерімде әкем көрмеген жақсылықты анашым көріп, арамызда аман-сау жүре берсе екен деп тілеймін.
Әкемді еске алып, рухына тағзым етіп жатырмын, бұл – менің перзенттік парызым.

Күләш ӘБДІКЕШОВА,
еңбек ардагері,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support