- Advertisement -

Отан үшін опат болған ер

100

- Advertisement -

15Бозбалалық шағы 1941-1945 жылдарға тұспа-тұс келген ел азаматтарына Отан алдындағы борышын өтеу үшін от пен оқтың ортасына қаймықпай түсуге тура келді. Өйткені, Ұлы Отанды қорғау жолындағы сұрапыл соғыстағы ел мен жердің тағдыры ерлерімізді өршелендіре түсті. Ол ерен ерлік, теңдесіз табандылық Жеңіс туын құшуымызға жетеледі. Қан майданда қаймықпаған сол жандардың қатарында жамбылдық Даңқ орденінің толық кавалері Иргаш Досмухаметов та бар еді. 

Иргаш Досмухаметов 1922 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өзбек отбасында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласып ержеткен Иргаш майдан даласындағы қиындықтарға да қасқайып тұра білді. Соғыс басталған жылы ол небәрі он тоғыз жаста еді. Қырық бірінші жылдың қазан айында майданға шақыртылды. 1942 жылдың наурызынан бастап, Батыс, Калинин, 1-Прибалтика майдандарында жаумен бетпе-бет келді. Ержүрек Иргаш өмір мен өлім арпалысқан майдан даласында жауға тойтарыс беру үшін бірнеше ерліктің үлгісін көрсетті.
1944 жыл. Витебск облысында Баланович селосына жақын жерде 306-атқыштар дивизиясы 915-атқыштар полкінің барлаушылар бөлімшесінің командирі Иргаш Досмухаметов әріптестерінен бұрын жау орналасқан биіктікке жетіп, оларды өз окоптарында жойып жібереді. Полктің негізгі күшіне жол ашқан оған осы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ ордені тапсырылды. Осы жылдың 22 маусымы мен 10 шілдесі аралығында Батыс Двина өзенінен өтуде де жамбылдық өрен өзінің батырлығын танытты. Жау шебін бұзып өтіп, өзен жағасынан алған плацдармды ұзақ уақыт қолдан шығармай, жаудың бірнеше шабуылына тегеурінді қарсылық көрсетті. Өзінің жараланғанына қарамастан, қарулас достарымен бірге өзеннен өтетін көпірді басып алды. Сөйтіп бірінші болып Докшицы қаласына кірді. Осы жерде ол екі гитлершіні тұтқынға алып, жаудың жасырынып жатқан тосқауылын жойып жіберді. Осы ерлігі үшін Иргаштың өңіріне ІІ дәрежелі Даңқ ордені тағылды. Соғыс тарихында 1944 жылдың 14 қыркүйегінде Латвияны жаудан азат етуде бір елді мекен үшін болған шайқас ерекше болды. Осы арпалыстағы Лиелупе өзенінен өтуде ерлік көрсетіп, взвод командирі Досмухаметов бес гитлершіні жер жастандырып, біреуін тұтқынға алды. Осыдан үш күннен кейін Кунески деревнясы үшін шайқаста ол тағы да ерлік көрсетті. Фашистердің он төрт солдаты мен офицерінің көзін жойған батыр өзі де ауыр жарақаттанып қалды. Осы шайқастағы ерлігі үшін Иргаш Досмұхаметов І дәрежелі Даңқ орденімен наградталды. 1944 жылдың 22 қыркүйек күні ауыр жарадан өзбек ұланы, жерлесіміз Иргаш Досмұхаметов Отан үшін опат болды. Ол батырларға көрсетілетін құрметпен Латвияның Мадонск ауданының қазіргі Румишки хуторында жерленді.

Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support