- Advertisement -

Іскер әйелдер іске кіріспек

126

- Advertisement -

Мойындау керек, іскер әйелдер әр саланың қыр-сырын меңгеріп, тәжірибесін көпшілікпен бөлісіп келеді. Енді осындай кәсібін жандандырсам деген әйелдерге қолдау болмақ. Жуырда Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі құрылып, кеңестің алғашқы отырысы ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанованың қатысуымен өтті.

Мұндай іскер әйелдер кеңесі алғаш Атырауда бой көтеріп, біздің облыс одан кейінгі ашылған екінші өңір болды. Кеңес өңірдің әйел-кәсіпкерлерінің белсенділігін арттыруға, іскерлік ортада әйелдердің қатысуын ұлғайту мақсатында олардың күш-жігерін топтастыруға, сондай-ақ жұмыстарын жаңадан бастағалы отырған кәсіпкерлерге өз ісін ашуға көмектеспек.
«Бұл – қажетті және дер кезінде жасалған шара. Әйелдерге қолдау әрқашан да керек. Кеңес біздерге көмектесе отырып, мүдделерімізді қорғайды, жұмысымызға бағыт-бағдар береді. Қазіргі заманғы кәсіпкер-әйелдердің арқасында бизнес қана емес, отбасы мен балалар да көгеріп, өседі. Ұлттық палатаның бастамасына сенемін, себебі бұл ұйымға бірнеше мәселемен өзім де жүгінгенмін, олар да түйткілдерімді шешуге көмектесті. Ұлттық палата қолдауымен өз ісін ашқысы келетін және аша алатын қазақстандықтардың белсенділігіне сенімдімін», – деді облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова. Кеңес мүшелері – өңірдегі белгілі кәсіпкер-әйелдер оның төрайымы етіп «ЦентрКредит Банкі» АҚ Жамбыл филиалының басшысы Қарлығаш Аралбекованы сайлады.
– Біз бүгін құрылып отырған кеңестің облыс іскер әйелдерін біріктіретін көпір болғанын қалаймыз. Басты назар әйелдердің экономикалық тұрғыдан алға жылжуына аударылады. Атап айтсақ, ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін оқыту тренингтері, семинарлар ұйымдастырылатын болады, – деп атап өтті ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова отырыстың ашылуында. Оның айтуынша, нақ осы оңтүстік өңірлерде әйел-кәсіпкерлер белсендірек әрі оларға әрқашан да қосымша қолдау қажет. Осы үстіміздегі жыл ҰКП-да Өңірлер жылы ретінде белгіленген екен. Біздің өңір қаншалықты өнімді және белсенді жұмыс жасайтын болса, солғұрлым экономикалық, әлеуметтік өмір жағдайы жақсара түседі, бұл, сайып келгенде, бүкіл елдің табысына қосылар үлес болмақ.
Кеңестің ең маңызды міндеті ауылдық бизнесмендерді қолдау және оқыту тренингтері, семинарлар, консультациялар өткізу арқылы, ұйымдастыру, әдістемелік және ақпараттық жәрдемдесу, сондай-ақ перспективалы бизнес-идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолымен олардың іскерлік белсенділігін арттыру болмақ.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай құралдар мен жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру міндетін қойып отыр, ол үшін алдағы уақытта Қазақстанның барлық облыстарында іскер әйелдердің өңірлік кеңесі құрылатын болады.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support