- Advertisement -

«Жазылар естеліктер мен туралы…»

215

- Advertisement -

2Мұқағали – Тыныштық және Сенім симфониясы секілді ұғымдар бір бойына жинақталған ғасыр ақыны. Алаштың ақиық ақыны­ның екінші болмысының әлемді шарлап жүргеніне де 39 жыл болыпты.

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, бауырлар,

Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,
Қорған емес салтанатты, сәнді сарай соғыңдар,
Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…
Армысың сен, арамызда жалғыз перзент –
Тыныштық!

Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы» деп ол тегін айтпаса керек-ті. «Тіл дегеніміз – адамзат мәдениетінің қуаты, энергиясы» деген аты әлемге мәшһүр ғалым Вернадскийдің пікірі көркемсөзден кесте тіккен ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына тән десек, қателеспеспіз. Ақиық ақынның эпикалық туындыларының алапат қуаты – оның Тұлға ретіндегі болмысын биіктете, аспандата түседі. Мақатаевтың қаламынан саулап, ақ парақ бетін шиырлаған дастандары: «Ару Ана», «Мұзбалақ», «Өмірдастан», «Райымбек! Райымбек!», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, қош болыңдар», «Жер үстінен репортаж», «Қашқын», «Чили – шуағым менің», «Шекарада», «Моцарт Жан азасы», (реквием), «Боз орамал» (баллада), «Жыл әкелген жыр» (новелла)… Бұл дүниелердің барлығы болмысы шынайы лирикамен тұмшаланған жанның поэзиясындағы ой мен сезім бірлігі, олардың арақатынасы логикалық жүйені сақтауымен де құндылығын арттырып, сюжетті лирикалық дүниелердің сұлбасын құрайды. Жаңа әзірде аты аталған шығармаларының қатарына «Аппассионата» атты көлемді поэмасын қоссақ, ақын поэтикасы қуаттана түседі. Ақын шығармаларының әлемі мен айтар ойы – адам тағдыры, адамның тірлігі, мінез-құлқы, сезімі мен түйсігін тани түсеміз. Ақиық ақынның өзі айтқандай, оның лирикалық «мені» – жалпы халық, қауым, заман, қоғам. Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры, тағдыры, дәуірдің ықпал-әсерін қиюластырады. Тіпті, алма-кезек ауысқан табиғат құбылыстарының қанық бояуын тауып, қайырғанда да жүгінер тәңірі – Адам, «Адам оқитын жырға адамды қатыстырмау – ессіздік» деуі оның азаматтық кредосы екені анық.
Келдім өмір, қойыныңды аш, енейін,
Ашты-тәтті тамағыңнан өбейін.
Тартылмаған талабымды қуат қып,
Соқпағыңмен мен де алысып көрейін.
Жас жанымды бере алмаспын бекерге,
Арпалысып, азабыңды алармын.
Жер бетінде жақсы тіршілік етерге,
Өзіме лайық бақытымды табармын.
Бақыт іздеп, соңғы сәулем сөнгенше,
Азабыңмен аянбай-ақ алысам,
Сенің түрткі күндеріңе көнгенше,
Мәңгі дымқыл төсегіммен табысам!..
Ол өз сөзінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармаларымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас». Ағынан жарылған шынайы ақынның «Бүкіл менің жазғаным – бір ғана поэма» деуі – шын мәніндегі парасат иесі, өмірге ойлы көзбен қарайтын жанның жан тебіренісі, әлеуметтік ортаға айтар көзқарасы бар ақынның ширыққан үні.
Адамның психикалық шұңғымаларын терең білетін ақынның жыр кестелерінен тағылымы мол жайттар көптеп кездеседі. Осыдан барып, оның жыр дестелерінен лингвистикалық, психологиялық әрі дидактикалық мотивтердің танымдық қабылдауымызды түрлендіре түсетін қасиетіне тәнті боламыз. Мұны оның жыр жолдарын жан-жақты зерделегенде байқауға болады.
Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген,
Жасудамын, жаныммен көрсем деп ем.
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,
Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем.
Жамандық көре алмайсың сенсең менен,
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,
Аманат бір өзіңе, өлсем денем,
…самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.
Бастап кетті басқаға шуақ сезім,
Шуақ сезім – секірген лақ кезім.
Менде өзіңдей болмады тұрақ төзім.
Неге бұлай?
…Білесің бірақ та өзің,
Несін білдім өмірдің, несін көрдім?
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.
Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің!
Ортасында өшу мен өсулердің
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел, сол үшін де кешір мені!
Иә, «Халыққа хат» ақын жырының лейтмотиві іспеттес, халқының алдында есеп беруі. Бұл – Мақатаевтың психикалық үрдістері мен айрықша қасиеттері ме дерсің! Өз-өзіне сын көзбен қарау дегеннің үлгісі де осы болар! Мұндай қадамға барып, мұндай өлеңді жазу – сөз жоқ ұлы ақындардың ғана қолынан келеді.
…«Көп кешікпей көктем де келер енді…» Осы бір қарапайым тармақтан адамның, келешекке, бағдарлы болашаққа бет түзеген, алдағы өмірге асыққан жанның сағыныш-шері, үздіктірген үміт, тағатсыз жүректің лүпілін тасқынды жырға айналдырып, кәдуілгі қарапайым сөздермен-ақ әдіптелген қарапайым жолдан нағыз ақынға тән алапат күш сезіледі. Табиғат лирикасын суреттеу мәнерінен эстетикалық талғамның исі аңқиды. «Біздің көктем», «Көктем де келер», «Көктем», «Осы бір көктемді» және тағы да өзге өлеңдері айтарының серкесі, жазарының көкесі де, көктем тұжырымы арқылы талдау мен жинақталуы да бірге өтіп жатады. Жанға жайма шуақ бұл кез – жыл мезгілінің бірі ретінде ғана емес, ақындық көзқарастың ойға қуат берер күші де.
Көктем де келер,
От ойнар әлі аспанда.
Көгерер әлі:
Кәрі емен, қайың, жас тал да.
Дүлейдің шоғы түспесе екен деп тіле,
Аспанда апат зарядтар жағаласқанда!
Көкірек көкжиегі кіршіксіз таза, ойы тұнық, сезімі таңғы шықтай мөлдір ақынды бірауық күмән-күдік билеп кететін тұстар да баршылық:
Сазға тағы оралды сары ала қаз,
Сарша тамыз, тағы да бола ма жаз!..
Салқын жайлау, самал жел, саумал бұлақ
Жатар ма екен көпіршіп, таудан құлап?!
Биыл жазда тағы да көгере ме,
Былтыр күзде қуарып қалған құрақ?!
«Көгереді бәрі де көгереді» – бұл ақынның жүрдек сезімі мен сенім отының тұтанған тұсы. Көктем жай ғана жайма шуақ кезең емес, ол – ақын жанын жадыратар таусылмайтын қуаныш: «Көктем келді. Өмірдің келешегі – Көкпен бірге дүркіреп төл өседі. Сағым қыздың ап қашып орамалын, асыр сап тентек жігіт – жел еседі. Көктем келіп ауылға қыз көрікті, таң-тамаша дүние жүзге еніпті. Асқар ала таулардан асып әрі, Аяз атаң барады мұз бөрікті». Ақын келешекке сенеді. Ол үміт-көктемімен сары уайымға салынғысы келмейді. Ол жасыл желекке оранған көктемнен жағымды хабар күтеді. Жақсылықтың лебін сезінгісі келеді… Оған төмендегі шумақ дәлел бола алады:
Көп кешікпей көктем де келіп қалар,
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.
Азан-қазан аспанның қоңырауы
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар…
Мақатаевтың көктем-жыры – жастық-жалын аңсатқан, жер атаулы планетаны жаңғыртқан шақты қызықтап, тамсану, шалқып-шарықтау емес, арман аңсатар, үміт арта тұрып, күдік ойлатар айрықша әсем дүние. Бір мезгіл ойланып та қаласың: көктем де келер, мына дүние көгеріп, дүркірей түлеп, түрленер дей тұра, ақын жанын жегідей жеген бір беймәлім мұң неге қапталдаса береді дейсің. Шұғылалы үмітпен қатар таусылмас мұңның сарқыншағы көктемдей болған көңілдің көкжиегін неге торлай береді деп ойға шомасың. Сөйтесің де мына дүниенің өзі екі жақты таразы басының теңдігінен тұратынын мойындап, ақын жырының алдында дәрменсіздік танытасың. Бас шұлғисың, иланасың. Әсілінде, бір меридианның бойын бойлап кетпей, екі жақты параллельді қатар алып отырған алып жүректің дүрсіліне тәнті боласың, қызығасың. Беймәлім тоқ бойыңды, ойыңды дүр сілкіндіргендей болады…
Ақын Дала мен Тауды, Отанды, Жерді шексіз сүйеді, сол арқылы оларға жан бітіріп, көркем тіл арқылы әлем картинасының бейнесін өлеңмен өреді. Халық даналығы келбетін сөзбен суреттеуде Мұқағали ақындығы Тұлға ретінде биіктен-биікке көтеріліп, өз үні, өз көзқарасымен де оқырманды тербетті. «Мен таулықпын! Таудан мен жаратылғам, Тау деген –ана туған дара тұлғам… Тауға барып, көкке ұшып кетсем бе екен, ұстап алып, қыранның қанатынан» деп ақиық ақын тауға, далаға құрметін ақтарады. «Әдебиет шындықты шындап шегелейді» деген Твардовскийдің тұжырымы Мұқағали Мақатаевқа қаратылып айтылған ба деп те ойлайсың кейде…
Шынында, Мұқағали Мақатаевтың лирикалық поэзиясы – заманымыздың кешегі де, бүгінгі де талаптарымен үндесе, күбірлесе, ымдаса, жымдаса алған өршіл де дауылды жыр үлгісі. Өзі бұ дүниеден 45 жасында қайтқанымен, екінші ғұмыры жаңа ғасырда жалғасып келе жатқан ақын поэзиясы – өлеңқұмар жұрттың дәрумені. Оның сырлы да мұңлы, нұрлы, өршіл жырларынан қуат алып, сусындамаған қазақ баласы кемде-кем.

Табиғат Абаилдаев, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support