- Advertisement -

Тарихи ескерткіштердің маңайы тазартылды

12

- Advertisement -

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірде «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны жалғасуда. Ауқымды іс-шараның екінші аптасы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды.

Осы ретте Тараз қаласында «Киелі мекен» апталығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 ағаш көшеттері мен 500 гүл егіліп, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы мен Қарахан кесенесі және өзге де тарихи-мәдени нысандар маңайы абаттандырылды.

Үшінші аптаға асқан игілікті іс облыстың аудандарында да жалғасын тапты. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында өткен аптада ауқымды жұмыстар аясында 3000 мыңнан астам аудан тұрғыны қамтылып, 81 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан саябақтар және аллеялар маңына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған нысандардың қатарында ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген Құлан қалашығы да бар. Тұрғындар тарихын тереңнен тартқан қалашықтың қоршауын сырлап, әктеу, шөп шабу жұмыстарын жүргізді. Апталық барысында барлығы 300 тал-дарақтар отырғызылып, 200 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.

Ал, Мойынқұмда 16 ауылдық округтегі 24 елді мекеннің аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер айналасына тазарту жұмыстары жүргізілді. Акция аясында батыр Биназар Ақеділұлының ескерткіші аумағын абаттандырды. Жалпы, тазарту-абаттандыру жұмыстарына екі аптада мыңға тарта адам қатысып, 410 түп ағаш отырғызылды.

Бұл аптада Байзақ ауданында Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Ақәділ Сухамбаев атындағы орталық саябақта аудан ардагерлері мен әкім аппаратының ұжымы бастаған бірқатар бөлім, мекеме қызметкерлері мен аудан жастары білек сыбана кірісіп, сенбілік жұмыстарына атсалысты. Жүзге тарта адам қатысқан іс-шара барысында саябақтағы скверлер мен орындықтар сырланып, ағаш бұтақтары кесіліп, шөптері шабылды. Сондай-ақ, «Талас» өзені жағасында да тазалық жұмыстары жүзеге асты.

Акция аясында облыстың барлық аудандарында Ұлы Отан соғысы ардагерлері аллеяларына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Шу ауданында Балуан Шолақ пен Ататүріктің, Қордай ауданы мен Меркі ауданында Кенесары хан ескерткішіне, Талас ауданында «Жеңіс» монументіне, Жуалыда батыр Бауыржан Момышұлының, Жамбыл ауданында Айша бибі кесенесіне тазалық жұмыстары жасалды.

«Киелі мекен» апталығы облыстағы тарихи жәдігерлерімізді түгендеуге де сеп болды. Нақтырақ айтқанда, Сарысу ауданында тазалық іс-шарасы кезінде еріктілер беймәлім петроглифтерді тапқан. Ақтоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 шақырым жерде орналасқан жартастарда ежелгі адамдардың өмірі, дүниетанымымен қатар жануарлар бейнеленген. Бүгінде тарих мамандары таңбалы тастағы бейнелер Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тараған қола дәуірі мәдениетінің бөлшегі екендігін растап отыр. «Ақтоғай петроглифтері» деген атаумен таралған ескерткішке белгілі археолог-ғалымдарының қатысуымен кешенді ғылыми-археологиялық зерттеулер жүргізілмек.

Еске салайық, қазіргі уақытта облыста 3468 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның ішінде 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның қорғауында болса, 25 жәдігер республикалық маңызға ие.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясының үшінші аптасы «Жасыл аймақ» деп аталады. Апталықта көшет отырғызу, ағаштарды әктеу іс-шаралары қолға алынатын болады. Осыған сәйкес, Тараз қаласы мен барлық аудандарда тазалық жұмыстары апта бойы жүргізіледі.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support