- Advertisement -

Заңсыз балық аулауға тыйым салынады

9

- Advertisement -

Тіршілік атаулының қайта түлеп, жаңаша кейіпке енетін көктем мезгілі шаруаға да қолайлы кезең. Әсіресе, көктемгі егіс даласында жұмыс жанданып, қарбалас қыза түседі. Сонымен қатар, табиғаттың тірі байлығын қорғаудың да маңыздылығы арта түсетіні рас. Су айдындарында балық аулаушылардың қарасы көбейетіні де осы уақыт. Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дейтұрғанмен, заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді.

Сол себепті, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу кезеңіне байланысты Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның құймаларында 1 наурыздан 1 шілде аралығында Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындарында 15 сәуірден 31 мамырға дейін, ал Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде 15 сәуірден 30 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынады. Аталған акцияны өткізу кезінде облыс тұрғындары мен қонақтарынан табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтауды, сондай-ақ табиғаттың байлығын сақтауды сұраймыз.

Көктем айларында балықтың уылдырық шашатын кезеңі болғандықтан, бұл мәселеде қырағылық қажет болып тұр. Облысымызда бұл мәселе қолға алынып, балық аулаушыларды бақылау жолға қойылғанымен, бәрібір табиғат байлығына қиянат жасаушы қаскөйлер азаймай отыр. Өңіріміз су ресурстарына бай аймақ. Алайда, оған ұқыпты қарамайтын азаматтар да бар. Мәселен, 2023 жылы «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану» заңнамаларын бұзған 104 әкімшілік іс қаралса, биыл жыл басынан 130 әкімшілік іс және 2 қылмыстық іс қаралуда.

Жоғарыда айтылған шаралар бойынша өңірдегі Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары заңсыздыққа жол бермеу мақсатында барлық әрекетті жасап бағуда. Мәселен, балықты тиісінше қорғауды ұйымдастыру мақсатында аталған инспекция мамандары, облыстық полиция департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп қаскөй балықшылармен күресу үшін арнайы рейдтер ұйымдастыруда.

Әр азамат табиғат байлығына жауапкершілікпен қараса, заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе, байлықтың көзі – балық та сақталып қалмақ.

 

Жамбыл ҮСІПБЕРЛИЕВ,

Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Жамбыл облысы бойынша бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support