- Advertisement -

Транзиттік әлеуетке таразы

17

- Advertisement -

Жаһандану соқпағында сүрінбей келе жатқан елдерді дамытып отырған бірден-бір ірі сала – логистика. Алдымызға келген астың да, пайдаланып жүрген заттарымыздың да осы салаға тікелей қатысы бар. Себебі, барлығы тасымал арқылы жеткізіледі.

Халықаралық дәліздердің тоғысқан нүктесінде орналасқандықтан, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасын жалғауға мүмкіндігі мол. Дегенмен, мамандар еліміз бұл сала бойынша эволюциялық дамудың алғашқы кезеңінде деген пікірді алға тартады. Еуразияның жүрегіндегі мемлекет үшін бұл фактор табысы мол транзиттік әлеуетке жол ашады.

Әлем елдері бойынша тауар тасымалының 90 пайызы су жолдары арқылы жүзеге асады. Себебі түсінікті. Теңіз жолдарына кететін шығын аз, бағасы арзан. Бұл ретте еліміздің алдында жүк тасымалының осы формасына бәсекелес бола алу міндеті тұр. Мысалы, Жапониядан шыққан кеме Еуропаға орташа 22-24 күнде жететін болса, бүгінде Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытындағы теміржол тасымалы 11-13 күнді құрайды. Осы тұста уақыт және жылдамдық жағынан Еуразиялық көлік дәлізі барынша тиімді болып отыр. Бұл – компьютерлік технологиялар, құрылғылар, косметика және өзге тауар тасымалы үшін таптырмас дәліз. Қытайдың технологиялық өндірістік компаниялары бұл артықшылықты пайдаланып келеді. «Бір белдеу – бір жол» (One Belt – One Road) атты Қытай бастамасы мен Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясының да негізгі бағыттарының бірі – осы Қазақстан территориясы арқылы логистиканы дамыту. Тіс пастасын АҚШ-тан, көйлегін Кореядан, дәрі-дәрмегін Еуропадан алдыратындардың саны күрт артқан сайын логистика саласына құйылатын инвестиция көлемі де ұлғая береді. Жекелеген тапсырыстардың саны көбейген сайын «Аmazon», «Аlibaba» сынды компаниялардың табысы молайып отыр. 2020 жылы ғаламды құрсауына алған қауіпті індеттің өршіген тұсында аталған компаниялардың табыс көзі бұрынғыдан бірнеше есе артып кеткен. Көлік-логистикалық қызметтердің әлемдік нарығы тауарлар мен қызметтер саудасын тоқтаусыз қамтамасыз ететін әлемдік экономиканың ең маңызды және қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Жыл сайын дүние жүзінде 100 миллиард тоннадан астам жүк және 1 триллионнан астам жолаушы тасымалданады. Armsrtong&Associates сарапшыларының бағалауы бойынша, 2023 жылы жаһандық логистикалық нарық 9,6 триллион долларға бағаланып, жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен 12 пайызын құраған. Ал, әлемдік көлік нарығы 6,2 триллион долларды құрап, бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына тең болып отыр. Бұл ретте көлік-логистика секторының әлемдік жалпы ішкі өнімдегі, сондай-ақ Еуразиялық Одақ елдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 20 пайызды, ал ЕАЭО елдерінің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 12 пайызды құрайды. Сондай-ақ, көлік секторы жаһандық жұмыспен қамтудың шамамен 8 пайызын қамтамасыз етеді. Орташа алғанда, дүниежүзілік логистикалық шығындар, мысалы, тауарларды тасымалдау және сақтау шығындары өнімнің соңғы құнының шамамен 11 пайызын құрайды. ЕАЭО елдерінде бұл көрсеткіш 20-25 пайызға, ал ЕО елдерінде 10-15 пайызға жетеді.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Дегенмен, елімізде өнімнің бағасындағы логистикалық шығындардың үлесі жоғары: орташа – 20-25 пайыз, ал орташа әлемдік көрсеткіш – 10-15 пайыз. Жалпы, логистика экономиканың табысты сегменттерінің қатарына жатады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану деп айтқан болатын.

– Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай, бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет, – деді Президент.

Бәсекеге қабілеттіліктің күн, тіпті сәт, сағат санап артып жатқанына Мемлекет басшысы да жіті мән беріп, саланы дамыту бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін тапсырды. Осыған орай, Әулиеатада да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар қолға алынғанын білдік. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Телеужан біздің өңірде қызмет көрсетілетін аумақ бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.

Маманның айтуынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1194 километрді құрайды. Аталған жолдардың орта есеппен алғандағы тәуліктік жол жүру қарқындылығы – 4 300 автокөлік. Жол санатына қарай осьтік жүктеме 10 тонна. Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-2 «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолының «Тараз-Қайнар» және «Тараз-Шымкент» ақылы учаскелерінің ұзындығы 295 километрді құрайды. Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жамылғыларын уақтылы қалпына келтіру, шулы жолақтар орнату, жарық шағылыстыратын жол белгілерін орнату және жол сызықтарын сызу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Республикалық маңызы бар жолдарда икемді сигнал бағаналары мен күн батареялары бар катафоттар орнатылған. Бұл – республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи және инновациялық тәсіл. Олар екі жағынан қисық жолақтарға орнатылған, күн сәулесінен қуат алады және жүргізушілердің жолға деген назарын арттыруға көмектеседі. Осындай жаңашылдықтардың арқасында елдегі логистика саласы бәсекеге қабілеттілікті арттырарына сенім мол. Десек те, тасжолдағы көліктердің ебедейсіз қозғалысының салдарынан болып жатқан жол апаттары халықаралық деңгейде тауар тасымалдайтын компаниялардың көңіліне күдік ұялататынын да жасыра алмаймыз. Жол апатына себеп болатын факторларға жүргізушілердің салғырттығы, көліктердің ескілігі, заңның әлсіз тұстары себеп болады делік. Ал, ең негізгі фактор – үлкен қалаларды жалғайтын автомагистральдардағы көлік тұрақтарының арасы тым қашық. Яғни, жүргізушілерге шаршаған кезде демалып алатын орындар молынан қарастырылмаған. Себебі, жол бойынша ондай нүктелер салудың шығындары мен тиісті рұқсаттама алудың да машақаты аз емес. Ұзақ жолға шыққан ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері көп жағдайда жол үстінде ұйықтап кетіп, арты орны толмас қайғыға алып келеді. Бұл ретте Еуропада көлік айдап, логистика саласының майталман маманына айналған ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Елдос Кегенбековпен тілдесіп, кәрі құрлықтағы жол сапасы жөнінде сұрап білдік.

– Еуропада жол сапасы әлдеқайда сапалы. Жол жиегінде арнайы тосқауылдар орнатылады. Бұл үлкен жолды малдың кесіп өтуінен қорғайды. Малдарды жолдың екінші жағына өткізуге арнайы көпірлер қарастырылған. Әр 2-3 шақырым сайын арнайы автотұрақтар бар. Ең ұзақ дегеннің өзінде 7-8 шақырым сайын паркингтерге кезігесіз. Ақылы тұрақтар тым аз. 95 пайызға жуық тұрақ – тегін. Жолда шаршаған жүргізушілерге ара-тұра көз іліндіріп, сергек жүруге барлық жағдай жасалған. Жүргізушілер тасымалдап келе жатқан жүкке жауапты болғандықтан, өздерінің жай-күйіне баса назар аударады. Шаршамауға тырысады. Еуропадағы жолдың бәрі ақылы. Алайда, егер біз Шымкенттен Алматыға жүк көлігімен өту үшін 17-18 мың теңге төлесек, Еуропада дәл осындай жолға 3-4 мың теңге шығындаймыз. Қазақстанда жолдың сапасы оған төленетін ақыға сай емес. Жол ақысы Еуропадан 70 пайызға қымбат. Жол апатына жылына бір-екі рет қана кезігеміз. Жолдардың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз. Тіпті, болған жол апаттарының өзінде адам шығыны орын алмайды. Көліктер бір-біріне соқтығыспаса жолдың сапасыздығы салдарынан жол апатына ұшырау деген мүлде болмаған жағдай. Біздегідей емес, Еуропада жеңіл автокөліктердің барлығы жүк көлігіне жол береді. Жүк көлігінің маңыздылығын бірінші орынға шығарады, – дейді төрт жыл бойы Еуропада жүк көлігін айдаған Елдос Кегенбеков.

Дегенмен, транзиттік саланы алға жылжытатын тасымал құралы тек автомобильдер мен фуралардың қозғалысы ғана емес. Әуе мен кеме көліктері, теміржол тасымалы да осы саланың негізгі тетіктерінің бірі десе болады. Бұл ретте тағы бір маманның пікіріне тоқталдық.

– Еуропада жүк тасымалының барлық түрі қарқынды дамыған. Тауар айналымы өте жоғары. Мысалы, Германияда Фрайзинг деген қала бар. Мұнда тек әуе тасымалы арқылы ғана тауар келеді. Мен жұмыс істеген компанияның жүк көліктері тауарды осы қалаға жеткізіп, ары қарай өзге мемлекеттер мен қалаларға ұшақпен тасымалданады. Бір қызығы, шет мемлекеттерде логистерге әрдайым сұраныс жоғары. Жалақы да аз емес. Өкініштісі, Қазақстандағы жас мамандар Еуропаға ағылып келіп, ірі компанияларда қызмет етеді. Бұл, бір жағынан, жақсы үрдіс. Тәжірибе жинайды. Бір есептен көңілге қаяу түсіреді. Шетелдегідей мөлшерде жалақы төленіп, жұмыс ауқымы қолайлы болса, өз еліңде жүріп еңбек еткенге ештеңе жетпейді. Қалай болғанда да логистика – өлмейтін, үнемі дамып отыратын сала. Біздегі компаниялар мен Еуропадағы компаниялардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Логистерге компания ұсынатын арнайы платформалар бар. Мамандар көліктердің қай нүктеде орналасқанын, қай нүктеге қанша уақытта жетуі тиіс екенін, қай жерден тамақтанып, қай қалада, қандай қонақүйде түнейтінін бір ғана монитор арқылы басқарып, жүргізушімен үнемі байланысып отырады. Саладағы қарапайым құралымыз – қарым-қатынас. Бұдан шығатын қорытынды: логистиканың дамуына нақты әсер ететін негізгі тетік – цифрландыру. Көліктердің де әртүрлі табиғи жағдайларға дайын болуы үлкен маңызға ие. Тауарлардың түрі бойынша да арнайы платформалар бар. Осы ресурстарға қарап отырып-ақ қай қалаға қандай тауар келіп жеткенін бақылап, ел экономикасына шолу жасап отыруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ашықтыққа баса мән беріледі. Тағы бір қызық жағдай, қазақстандық компанияларда қызмет еткен әріптестерім қазіргі уақытта Еуропаның бірнеше елдерінде шағын жеке компания ашып алған. Келешекте олар өз елімізде де осы саланы дамыту бойынша тер төгеді деген сенімдемін, – дейді Еуропада жұмыс істеп жүрген Нұржан Әріпжан.

Тауар тасымалы бойынша елімізде бірнеше транзиттік дәліздер бар. Сауда ағындарын заманауи логистикалық инфрақұрылымдармен және жылдамдық пен жүкті жеткізу бағасы бойынша сапалы сервиспен жабдықтау, жоғарыда айтылған дәлізге қатысушы елдерге жаңа нарықтарды игеруге және транзиттік жүк ағынын молынан тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, аймақта тұрақты даму процесі үдеп, елдің әл-ауқаты арта түседі. Сол себепті, бұл сала бойынша түсетін пайда көлемі мұнайдан кейін екінші орынға тұрақтап отыр. Транзиттік әлеуетімізді таразыласақ, тиімді технологиялық шешімдер ел экономикасын өрлетуде маңызды рөл ойнайтын болады. Тек бұл тұста өз мамандарымызға деген жанашырлық молынан болса дейміз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support