- Advertisement -

Енесін 105 жасқа жеткенше баққан келін

15

- Advertisement -

Отбасының ынтымағы мен беріктігі қай кезде де аса маңызды. Әсіресе, әр басқан қадамы өсиет пен ұлағатқа толы ата- әжелер мектебі – жас шаңырақ иелеріне үлгі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда: «Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді», – деп атап өтуі де бекер емес. Бүтін отбасы – мемлекеттің байлығы.

Елдің ішінде бірлігі мен татулығы жарасқан үлкен әулеттер аз емес. Олардың жас отбасыларға берері де, үйретері де көп. Біз бүгін сондай өнегелі әулеттің ұйытқысы, 84 жасқа аяқ басқан Күлшара Сыздықова туралы сөз қозғамақшымыз. Сексеннің сеңгірінен асқан әже бұл күнде Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында тұрады. Арнайы шаңырағына іздеп барғанымызда апай тігін машинасымен іс тігіп, құрақ құрап отыр екен. «18 жасымда көрші Ерназар ауылынан осы Өрнекке келін болып түстім. Отағасы Бораш деген кісі өзімнен 4 жас үлкен еді. Сол кісімен тағдыр қосып, кете бардым. Жас болдық па, осы азамат жақсы кісі шығар деп ойладық та, ілесіп жүре бердік. Маңдайыма жазылғаны ерте тұрмыс құру шығар. Одан жаман болған жоқпын. Өмірлік серігім тракторшы болды. Қысы-жазы жарықтық үй бетін көрмеуші еді. «ДТ», «Бульдозер» тіркемесі бар тракторлардың рөлінде жүріп, тыным таппайтын. Еңбеккештігі мен жауапкершілігі жоғары еді. Ұжымшар басшылары да қандай ауыр жұмысы бар жер болса, сонда Борашты жіберетін. Ол ауыр жұмысқа салып қояйын деген ой емес, менің күйеуімнің жауапкершілігіне сенетін. Маған жақсы жар, балаларға ардақты әке бола білді. Бір өкініштісі, 2001 жылы 64 жасында ауырып, бақилық болып кетті. Иманды болсын, жарықтық», – деп әңгіме бастады әже.

Күлшара Мұсақызы қырық жыл қызылша суарған диқан. Звено жетекшісі болып еңбек көркін қыздырған кездерін де ел ұмытпайды. Он әйелге басшылық жасап, ауыл алқабында қарбалас жұмыста жүрді. Егіс даласына терін төге жүріп, қоғамдық істерден де алыс кетпепті. Ауылдық кеңеске, аудандық кеңеске депутат болып бірнеше рет сайланған. Ауылдағы жолдың жақсаруына, көшенің тазалығы мен жарығына, көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелеріне қозғау салып, шын мәнінде халықтың қалаулысы болыпты.

Осындай жұмыстарды атқара жүріп, ертелі-кеш енесіне қараған. Ол аз десеңіз, 15 құрсақ көтеріп, жұбайы екеуі 12-сін өсіріп, жеткізіпті. Енесі Бегайым Бөлтірікова 105 жасқа келіп, 2006 жылы өмірден озыпты. Қазіргі таңда енесін 105 жасқа келгенше бағатын келіндер көп болмаса керек. 105 жыл ғұмырды да Жаратушы сүйген құлына нәсіп ететін шығар. Бұл әулеттің үлкен әжесі Бегайым Бөлтірікова 13 құрсақ көтергенімен, екі перзентін ғана жеткізген тағдырлы ана. Күйеуі Сыздық соғысқа кетіп, содан оралмаған. Екі баласын жесір жүріп жеткізген. Қазір сол Бораш пен Үсеннен тараған жас шаңырақтар баршылық. Барлығы 105 жасаған әжелерін елжіреп еске алып отырады.

Күлшара Мұсақызы – қазіргі таңда «Бораш» шаруа қожалығының төрағасы. Қожалықтың иелігінде 21 гектар суармалы, 13 гектар тәлімді, 105 гектар жайылымдық жер бар. Төрт түлік мал ұстап, бие байлап, қымыз дайындайды. Қожалық 4 адамды тұрақты жұмыспен, 5-еуін маусымдық жұмыстармен қамтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Күлшара әже ұл-қыздарының анасы ғана емес, бір әулеттің қасиеті мен киесі, жақсы мінездің иесі. Апамыздың отбасы құндылығына да, ауылдың қоғамдық өміріне де қосып жүрген үлесі көп.

84 жастағы әженің қолындағы баласы Әбдіқадір Өрнек ауылындағы мешітте наиб-имам екен. Жаратушы бұл әулетке имандылықтың нұрын да шашып қойыпты. Қарашаңырақта тұратын немересі Айдын да, немере келіні Айдана да әженің қабағына қарап, барлық жағдайын жасап отыр. «Не ексең, соны орасың» дегендей, кезінде енесінің ақ батасын алған Күлшара әже бұл күнде өз келіндерінен рахат, жақсы ілтипат көруі заңдылық.

Бір айта кетерлігі, облыстық «Jambyl» телеарнасының редакторы Лаура Бораш – Күлшара әженің немересі.

– Біз атамызды еміс-еміс білеміз. Негізінен Күлшара әжеміздің тұнық тәрбиесін алып өстік. Бір отбасының балаларына қажетті құндылық пен салт-дәстүр, ғұрыптың бәрін осынау асыл әжемізден үйрендік. Бәлкім, журналистиканы таңдауыма да әжемнің жақсы қасиеттері әсер еткен болар. Жақсы тәрбиемен ұядан ұштық. Күлшара әжемнің тәрбиесін алған ұл-қыздар, немерелер жаман болған жоқпыз. Бәріміз де әжемізге қарыздармыз, – дейді Лаура Әбдіқадірқызы.

Өрнек ауылының ардақты әжесіне айналған Күлшара Мұсақызы ұл-қыздарынан 52 немере, 58 шөбере сүйіп отыр. Ауылдағы жас келіндер әжені үлгі тұтып, үнемі батасын алып жүруді ұмытпайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support